Қазіргі кезде отбасы құндылықтарын нығайту және демографиялық саясат мәселелерін тереңдету ісінің мәні мен маңызы жоғары. Сонымен бірге бүгінгі күні отбасын құрған жастар арасында ажырасу деректерінің көптігі де алаңдатпай қоймайды. Мұндай теріс деморафиялық көріністің алдын алу мәселелері де қоғамдық жұртшылықты ойландыруға тиіс. Айталық, өткен жылы Ақтөбе облысында жеті мыңға жуық жұп отбасын құрса, соның 2600-ден астамы ажырасып үлгерген.
"Ерлі-зайыптылар өзара келісім мен ортақ түсіністікке келе алмай, екі жаққа кеткенде ең алдымен балалар жазықсыз жапа шегеді. Бұл жайт өз кезегінде отбасы проблемалары мен түйіндерін бір жүйе мен ізге келтіруге септігін тигізе алатын арнаулы орталықтың қажет екенін көрсетеді. Сондықтан да биыл өңірде «Отбасы академиясы» жобасы жүзеге асуда. Оның қызметіне бірінші кезекте психолог мамандар мен медиаторларды мейліншек көбірек тарту көзделген", деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.
Оның мәлімдеуінше бұған әр түрлі түсінбеушіліктер мен келеңсіз жағдайдарға тап болған ерлі-зайыптылар ғана емес, сонымен бірге үйленуді немесе тұрмыс құруды ойластырып жүрген болашақ шаңырақ иелері де тартылмақ.
Болашақ ата-аналар мектебі де аталған «Отбасы академиясы» жобасы аясында жұмыс істемек.
Темір Құсайын
Ақтөбе облысы