Ойын жайлы азды-кем шолу жасап өтсек. Екі команданың деңгейі екі түрлі. Бірі Еуропа лигасының топтық кезеңінен шығып, тұңғыш рет плэй-оффқа өтті. Екіншісі, Чемпиондар лигасының тобынан шыға алмай, үшінші орынмен Еуропа лигасына жол тартты. Португалиялық баспасөзді қарап отырсақ, «Спортинг» үшін бұл бір қызықты кездесу болмақ екен. Себебі, бұл команда Қазақстанның командаларымен бірінші рет кездескелі тұр. Екінші жағынан «Спортинг» Еурокубоктарда мұншама алысқа бармаған. Лиссабон мен Астананың арасы 6000 шақырымнан асады.
Ал «Астана» «Спортингтің» ежелгі қарсыласы «Бенфикамен» чемпиондар лигасында ұшырасқан. Португалияда 2:0 жеңіліп, өз алаңында 2:2 тең тарқасты. Өз алаңында 17 матч бойы жеңіліп көрмеген елордалықтар енді тағы бір жаңа серияны бастауға дайын секілді. Отандық клубқа осы жолы елорданың аязы, жасанды алаңы, ұзақ уақыт жол жүрген қарсыластың шаршаңқы қалпы – барлығы да жақсы әсер етуі тиіс. Оның үстіне статистикаға сүйенетін болсақ «Астана» еурокубоктағы соңғы 8 ойында 18 гол соққан. Яғни, матч сайын орташа есеппен алғанда 2,25 гол.
Үшінші жыл қатарынан еурокубокта өнер көрсетіп келе жатқан «Астана» осы матчтың қарсаңында үш ойыншы алды. Олар: Бақтиер Зайнутдинов, Юрий Перцух және Марко Станоевич. Бірақ, бір өкініштісі команда негізгі шабуылшысы Джуниор Кабананганы Сауд Арабияның «Әл-Насыр» командасына 2 миллион еуроға сатып жіберді. Сонымен қатар, өткен жылы «Славияға» қарсы ойында сары қағаз алған Серікжан Мұжықов осы матчқа қатыспайды.
Енді қарсылас жайлы қозғасақ, «Спортинг» соңғы 9 маусымда 7-рет Еуропа лигасында ойнағалы тұр. Команда осы жақында ғана Фреди Монтеро, Брайан Руис секілді танымал футболшыларды сатып алды. Алайда, негізгі шабуылшысы Баст Дост жарақат алып қалыпты. Соңғы мәлімет бойынша нидерландылық шабуылшы алғашқы матчта алаңға шықпайды екен. «Спортинг» қақпашысы Руй Патрисиу 30-ға толып, елордада орда бұзбақшы. 15-ақпан күнгі туған күнін ол матчтан кейін қандай көңілмен тойлайтыны кездесудің нәтижесіне байланысты болар. Айтпақшы, бұл қақпашы 2016жылғы ЕУРОда Португалия құрамасымен құрлық чемпионы атанғанын да ұмытпайық.
«Спортингке» байланысты статистиканы айта кететін болсақ, бұл команда еурокубоктегі сыртта өткізген соңғы 8 матчының 6-ауында жеңіліс тауыпты. Осындай мәліметтерден кейін әрине, елордалық «Астана» өз алаңында жеңілмеуі тиіс деп санаймыз. Дегенмен, футболдағы қағида «алаң тегіс, доп домалақ» деген сөзді де естен шығармаймыз.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»