Футбол • 15 Ақпан, 2018

Астана - Спортинг: қайсысының мүмкіндігі күшті?

538 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұрын бізге Португалиядан «Бенфика» келген. Бүгін «Астана-Аренада» «Спортинг» ойнайды. Жанкүйерлерді керемет кездесу күтіп тұр. Тарихи ойын екені сөзсіз. Қазақ футбол жанкүйерлеріне тамаша футбол мерекесін, нəтижелі футбол маусымын, ғажап көңіл күй сыйлаған «Астана» футбол клубына мың алғыс. Елордалықтардың Еуропадағы ертегісі бүгінгі қарсыласпен аяқтала ма? Португал командасын қалай ұтамыз? Сиқыршы Стойлов бапкердің жоспары қандай? Бұл сұрақтардың жауабын бүгінгі ойыннан білетін боламыз. Əзірге ойын туралы ойымызбен бөлісіп көрелік.

Астана - Спортинг: қайсысының мүмкіндігі күшті?

«Астанаға» басымдық беретін факторлар

Әңгімеміздің әлқиссасын  елордалықтардан бастасақ. Атағынан ат үркетін қарсылас  болса да командамыз қаймығатын кейіп танытпайды. Ол дұрыс. Шынтауайтына келгенде, біздің жігіттерге жоғалтатын ешнәрсе жоқ. Онсыз да тарихи жетістікке жетті. Қарсыластың қай жағын алсаңыз да біздің командадан мықты екенін болгар маманы мойындап отыр. «Кездесудің фавориті «Спортинг» екені белгілі. Бірақ, менің шәкірттерім шайқасқа дайын», деді кешегі баспасөз маслихатында. Стойловтың саспай жүруінің сыры неде? «Астананың» жеңіске жету мүмкіндігі қандай?

Біріншіден. Синтетикалық алаң. «Спортинг» синтетикалық алаңның не екенін де білмейді. «Маған салса, мұндай алаңда ойнауға мүлде қарсымын», деп наразылығын білдірді Жоржи Жезуш. «Біздің мамандар 10 күн алдын келіп, барлығын зерттеді. Бізде толық ақпарат бар», деп қалды лиссабондықтардың бапкері. Бұл нені білдіреді? Бір жағынан қарсыласқа деген құрмет, яғни қалпақпен қағып аламыз деген ойдан ада екендіктерін, екінші жағынан футболда ұсақ-түйектің болмайтындығын көрсетеді. Алаңның сапасын, әр бұрышын, үтір, нүктесіне дейін зерттеп барлық ақпаратты алдын ала біліп отыр. Демек, синтетикалық алаңда ойнауға деген алаңдаушылық бар. Егер, «Астана» футболшылары бұл факторды тиімді пайдаланса жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.

Екіншіден. Жанкүйерлер. Аншлаг болатыны анық. Осындайда «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба» деген қазекемінің сөзі еске түседі. «Астананың» өз алаңында жеңіліссіз сериясын 17 ойынға жеткізуі жанкүйерлердің арқасы деп білеміз. «Астана-Аренаға» әр ойын сайын отыз мыңға жуық жанкешті жанкүйер жинала бермейді. Бүгінгі кездесудің маңыздылығы ерекше.

Үшіншіден. Станимир Стойлов. Сиқыршы Стоиловтың бір ойлағаны болу керек. Болгар бапкерінің біліктілігіне ешкім сын айта алмайды. «Оқу-жаттығуда тыңғылықты дайындалдық. Ойыншыларым сіздерді жерге қаратпауға тырысады», деді сеніммен кеше Станимир. Болгар бапкерінің осы байсалдылығы көпшілікке ұнайды. Көп сөзге жоқ. Қырсықтау мінезінің бары рас. Дегенмен, сол мінездің, салмақтылықтың арқасында талай мықтыларды сан соқтырды. Бұл жолғы конференцияда да тың идеяның, өзіндік өзгерістердің лебі болатынын білдіргендей болды.

«Спортинг» бүгін жеңіске жетуі мүмкін бе?

Біріншіден. «Спортингтің» балалар академиясы əлемдегі ең мықты мектептердің бірі саналады. Бұл көрсеткіш бойынша лиссабондықтармен әйгілі «Аякс» ғана санаса алса керек. Бүгінгі таңдағы əлемнің ең үздік ойыншылардың бірі Криштиану Роналду дәл осы португалиялық клубтың түлегі. Аз десеңіз, Луиш Фигу, Луиш Нани, Рикарду Куарежма секілді мықтылар түлеп ұшқан академия. «Спортингте» спорттық менеджмент, инфрақұрылым, жасөспірімдерге жағдай жасау жағы өте жоғары деңгейде қарастырылған.

Екіншіден. «Спортинг» Еуропа лигасының финалында екі рет ойнаған ұжым. Екі рет ұтылса да, ақтық сынға дейін жетудің өзі үлкен нəтиже. Тəжірибе жетерлік. «Лиссабондықтар негізгі күшті ішкі біріншіліктің ойындарына салады. Еуропа лигасы оларға маңызды емес», деп кейбір футбол сарапшылары бекер айтады. Жезуш кеше журналистерге жеткілікті деректермен жеткізді. «Порту», «Бенфика» секілді грандтар бар. Қай жарыста ойнасақ та барынша жеңіске жетуге тырысамыз», деді португалиялықтардың бас бапкері. Сондықтан «Спортинг» бұл жолы да бар күш-жігерін салары анық. «Астанамен» салыстырғанда тәжірбиесі молдау. Міне, дәл осы фактор бүгінгі кездесуде шешуші рөл атқаруы мүмкін.

Үшіншіден. Жекелеген футболшылардың мықтылығы. Карвалью, Мартинес, Коэнтрау, Думбия секілді мықты ойыншылары бар. Кешегі баспасөз мәслихатында Жорши Жезуштің командасына сенімді екені байқалды. «Астанаға»  деген құрмет ерекше. Алайда, мойындау керек, олардың тәжірбиесі, деңгейі бүгінгі қарсыластарынан бір саты төмен. Біздің тұжырым осы.

Қорытынды. «Спортинг» мықты қарсылас. Қарсыластарымыз жеребеде «Астанаға» түскенде аса қуана қоймады. Жолдың алыстығы, ауа-райының суықтығы оларға қол емес. Футболда ұсақ-түйек болмайтынын жоғарыда айттық. Біздің команда барлық жағдайды саралап, дұрыс қорытынды шығарады деп үміттенеміз. Дайындыққа да уақыт жеткілікті болды. Ендеше, бүгін біздің жігіттер аянып қалмайтыны анық. Тарихи жетістік, жалғасын тапса деп тілейік!

Еркебұлан ЖОМАРТ,
«Егемен Қазақстан»