Әдебиет • 15 Ақпан, 2018

Жайлыбай жыры Жезқазған аспанында жарқырады

745 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін өңірі өлеңмен өрілген Жезқазған-Ұлытау аймағында үлкен поэзия мерекесі шымылдық түрді. Киелі мекенде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ғалым Жайлыбайдың асқаралы 60 жасқа толуына орай «Жезқазған – жерұйығым жүректегі» атты жыр кеші өтті.

Жайлыбай жыры Жезқазған аспанында жарқырады

Жыр сапарына ақынның шашбауын көтеріп белгілі журналист Нұртілеу Иманғалиұлы, ақын Серік Ақсұңқарұлы, қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов, сазгер Есжан Әміров сынды танымал тұлғалар барды.

Түгіскенде туып, Түркі еліне түгел танымал поэзияның көрнекті өкілі болған ақын ұлымен Жезқазған жұртшылығы сағыныса қауышты. Әдеби кештің алдында қаламгер мектеп оқушыларымен кездесіп, қалалық мұражайда болды.

Жыр кеші Жезқазғанның С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының актерлері ақын өлеңдерінен даярлаған шағын қойылыммен басталды. Ғ.Жайлыбайдың «Қара орамал» поэмасын арқау еткен қойылымда «Қарлаг», «Мамочкина» моласы жайлы Алаштың басынан өткен азапты тағдыр шынайы сипатталады. Арадкүрең ақынды Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов арнайы құттықтады. Сыр-сұхбат түрінде өрбіген әдеби кеште ақын мен халық арасындағы шынайы әңгіме салтанатты кештің шырайын кіргізді. Аталмыш кешке мұрындық болған Жезқазған Бизнес және көлік колледжінің құрылтайшысы, белгілі меценат Бекзат Алтынбеков.

 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»