1-тайм
Ойын басталмай тұрып негізгі құрам ойыншыларына көз жүгірткенімізде шабуыл өтінде Джуниор Кабананганың жоқтығы бірден байқалды. Оның орнына Джордже Деспотович шығыпты. Бас бапкер Станимир Стойлов бірден амалсыз сұрмергеннің орнына қолда бар шабуылшыны қойыпты. Қалғанының барлығы тегіс бұрынғы өздерінің орнына жайғасыпты. Тек жарақатынан айығып келген Ласло Кляйнхайслер алаңға қайта оралыпты. «Спортинг» сапында да шабуылшымен азды-кем мәселе орнаған. Осыған дейін жарақат алып қалған Баст Досттың орнынан Ресей чемпионатында аты шыққан Сейду Думбияны байқадық.
Алғашқы минуттарда доп ұстаудан қателесіп, пастары дәл жетпеген «Спортинг» ойыншылары орталық алаңда байқаусызда доптан айырылып қалды. Осы сәтте шабуыл өтіне ойысып кеткен Марин Томасов әріптестен тамаша пас алып, жойқын соққымен есеп ашты. Біріккен Араб Әиірліктерінде өткен жолдастық матчтарда ерекшеленген Марин шынымен де дәл қазір өз бабын тапқанын дәлелдеді. «Спартак» пен «Краснодар» қақпаларына гол соққан хорватиялық жартылай қорғаушы командаға енді үйреніскен секілді.
Португалиялық команда болса жасанды алаңда өздерінің үйреншікті ойынын көрсету қиын екенін байқап, әуелеген пастарға көңіл бөлді. Үнемі допты төбемен асырып беріп, бойшаң ойыншыларына сенім артты. Соның салдары болса керек, қақпамызға қарай бұрыштама доптары қарша борады. Бірақ, олардың ешқайсысы да қақпаға дари қоймады.
2-тайм
2-тайм басталысымен «Спортинг» шабуылға лап қойды. Шамасы бапкер Жорже Жезуш шәкірттеріне қатты-қатты сөйлесе керек, қонақтар бірден белсенділік танытты. Айналдырған он минуттың ішінде португалиялықтар қатарынан 3 гол соғып, елордалықтарды сабасына түсірді. 48 бен 55-минуттар аралығында Бруно Фернандес (пенальтиден), Желсон Мартинш, Сейду Думбия үшеуі қазақстандық ұжымға өте ауыр үш соққы берді. 7-минуттың ішінде жерлестеріміз жер сипап қалды. 1:0 есебімен ұтып тұрып, аяқ асты келген голдардан есеңгіреп қалды. Футболшылар түгіл трбунадағы жанкүйердің салысы суға кетті. Басы тәтті болғанымен, аяғы осылайша қатты болады деп кім ойлаған. Тіпті, фанаттар секторынан екінші голды талап етіп, «Спортингтің» сілекпесін шығаруды тілегендер де аз емес еді. Өз алаңында көп жеңіле бермейтін клубымыз мұндай ауыр хәлге түседі деп әрине көбісі ойлай қойған жоқ. Дегенмен, деңгейдің аты деңгей. «Ювентуспен» тең түсіп жүрген Чемпиондар лигасының командасы Еурпа лигасына келгенде автоматты түрде турнирдің фаворитіне айналмай ма? Құрамында осыдан екі жыл бұрын Еуропа чемпионы болған футболшылар жүрсе, қалғандары өз мемлекеттерінің ұлттық құрамаларында ойнайтын сен тұр мен атайындар болса, не шара, не дауа. Оның үстіне «Астана» қорғаушысы Юрий Логвиненко екі сары қағаз алып, алаңнан қуылды. 10 адаммен Португалияның атақты командасына қайбір сес көрсетесіз.
Тынған ойын тынды. Сырт алаңдағы матчтан да үміт аз. Бірақ, бұл тек «Астанаға» ғана емес, барша қазақстандық клубтарға сабақ болуы керек. «Спортинг» секілді бай тарихың болмаса да, өз академияңды құрып, жастарыңды тәрбиелеп содан нәр алатын деңгейге жету. Үнемі, сырттан келген легионердің аяғына қарап отыра беру өзің отырған ағаштың бұтағын кескенімен тең. Кристиану Роналду, Нани секілді футболшыларды сыйлаған «Спортинг» академиясы бүкіл клубқа табыс түсіріп, қаншама португал балаларына үлкен спортқа есіг ашып отыр. Діңгегі мықты команданың деңгейі де бізден жоғары болатын содан да шығар.
Ермұхамед МӘУЛЕН