24 Қараша, 2011

Әлеуметті жұмылдырушы әлеует күшейді

312 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыста соңғы үш жылда 86 спорт нысаны іске қосылды

Спортшының туа біткен дары­ны, қажырлы еңбегі, уақытпен санаспай жасайтын жаттығаулары ар­қасында діттеген деңгейден көрі­нетіні белгілі. Ал, осынау тұтастық­ты қолдап, қанаттандырып жіберу биік жетістіктерге жетелеумен қа­тар, бұқаралық спорттың да өрісін кеңітіп, жұртшылықты белсенділікке бастайтыны анық. Бұл тұрғы­дағы жанашырлық үлгісін астана­лық облыстан көптеп табуға болады.

Облыс туризм, денешынық­тыру және спортты дамытуға 2010 жылы 2 миллиард теңге бөлді. Бұл – 2009 жылмен салыстыр­ғанда 18 пайызға артық. Екі-үш жылдың жүзінде Көкшетау қала­сында ірі әмбебап спорт сарайы, Сандықтау ауданын­да шаңғы-роллер трассасы, Бурабай ауда­нында республикалық шаңғы ба­засы пайдалануға берілді. Қазір қолда бар екі мыңға жуық спорт нысандарында жарыстар көрігі қы­зып тұр. Жылға толмайтын уа­қытта 4 спорт мектебін күрделі жөндеуге 80 миллион теңге жұм­салса, спорт мекемелерінің мате­риалдық-техни­калық базасын ны­ғайту мақсатында 29 миллион теңге қаржы игерілді. Өңірдегі спорт ұйымдарында 1500 бірінші разрядты спортшы, 157 спорт шеберлігіне кандидат, 29 спорт шебері, 5 халықаралық дәре­жедегі спорт шебері даярланса, Қазақстан тарихындағы айрықша оқиға Қысқы Азия ойындарына қатысқан 5 саңлақ алты алтын, екі күміс, үш қола медальмен қуантты. Бұл спорттың бұқаралық сипатына да ерекше серпін бергенін атап өту лазым. Қазіргі таңда денешынық­тыру және спортпен айналысу­шылар саны 114 мың адамға жетіп, облыс тұрғындарының 16 пайызын құрады. Биыл Көкшетаудың Бұқпа тауындағы шаңғы-роллер жолын, Қопа көлінде желкенді қайық спор­тын дамыту мақсатында яхт-клуб, ашық және жабық теннис кортта­рының құрылыстары басталды. Саланы дамытуда бизнес өкіл­дері әлеуметтік әріптестік қыз­метін өрістеткеніне ризашылық білдіру қажет. «Егемен Қазақ­стан» жуыр­дағы санында «Логос Трайд» ЖШС директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының док­торы Ғалым Құдайбергеновтің Астрахан ауда­нын­дағы Жалтыр ауылының тұр­ғындарына әмбебап стадионды тарту еткенін жазған еді. Ал, Жақсы ауданында қала­дағыдан кем емес спорт кешенін ашып, бокстан Қазақ­стан чемпио­нын тәрбиелеп шығарған Ба­тырбек Уәлиевтің атым­тай жо­марттығы ел аузынан түспейді. Жеке кәсіпкер Батекең биыл Бурабайда спорт базасының құрылы­сын аяқтап, онда ел құрама командасының былғары қолғап шеберлері жаттығулар өткізуде. Би­ылғы Спорт форумына делегат болып қатысқан кәсіпкер Ербол Тоқаев Көкшетау қаласында «Қай­рат» мамандандырылған қа­зақ күресі спорт залын өз қара­жатына салып берді. Елге қызмет етудің үлгі-қырларын танытып отырған Талғат Әлжановтың, Зуфар Сера­жиевтің, Талғат Темір­ғалиевтің, Игорь Цойдың еңбек­теріне де гүл бітсін дегіміз келеді. Сөз соңында, тамызда, Қазақ­стан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы құрметіне 64 жастағы Анатолий Поляков пен Темір Хамзин Көкшетау қаласындағы 6 шақырымдық Бұқпа көлін алғаш рет жүзіп өткенін мүбәрак хабар ретінде жеткізгіміз келеді.

Бақберген АМАЛБЕК.

Ақмола облысы.