Кеше жоғарыда жария етілген жобаның алғашқы тұсаукесер рәсімі өтті. Осы уақыт арасында айтарлықтай іс атқарылған екен. Атап айтқанда, жобаны тиянақтап сапарға аттанған топ 30 мың шақырым жолды басып өтіп, Ресейдің Астрахань, Моңғолияның Ұлан-батыр қаласы, Өзбекстанның Ташкенттегі Кенимех ауданы және Тәжікстанның Худжанд шаһары қатарлы елді мекендерде болып, тарихи орындарды көзімен көріп, сондағы қазақтар өмірі мен тұрмысын таспаға түсірген.
Сондай-ақ маңызды шараның көздеген мақсаты туралы көпшілікті хабардар еткен министр Дәурен Әскербекұлының айтуына қарағанда, бұл жоба Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында қолға алынып отыр. Себебі Қазақстан қазіргі таңда әлем бойынша сырттағы қандастарын атажұртына тартушы аз ғана елдердің бірі. Екіншіден, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Мемлекет басшысы: «Сырттағы елім деген қазаққа – Қазақстанның есігі әрқашан ашық» – деп атап өткеніндей, министрлік осы тапсырманы ойдағыдай орындау үшін және сырттағы ағайынның өмірін атажұрттағы тұрғындарға кеңірек таныстыру мақсатында осы жобаны қолға алып отыр деді.
Шетелдегі әр қазақтың жүрегі атамекен – елім деп соғатынын айтқан жоба жетекшісі Олжас Беркінбаев Елбасымыз жүргізіп отырған көп салалы саясаттың арқасында барған елдердің бұларға деген оң көзқарасы істің сәтті аяқталуына көп әсер еткенін атап өтті.
«Қиырдағы қазақтар» деректі фильмдер топтамасының бұл жолғы көрсетілімі – Моңғолия қазақтарына арналыпты. Яғни елдің астанасы Ұлан-батыр қаласында және оған жақын орналасқан Налайхан ауылында ғұмыр кешіп жатқан қазақтардың бүгінгі тіршілігі шынайы баяндалған.
Деректі фильмнен түйгеніміз: Налайхан ауылында дәл қазір 800-ден астам қазақ отбасы өмір сүріп жатыр екен. Әрине бұл бауырлар ата салтымызды жақсы сақтаған. Ауылдың ерекшелігі – бұл жерде күллі елді көмірмен қамдап тұрған шахта орналасқан. Өткен ғасырдың 30-жылдары осы шахта қазақтардың күшімен ашылған. Содан бері кеніште тер төккен 10 қазақ азаматы сол елдің Еңбек Ері атағын алған.
Сонымен қатар фильмде елдің орталығы Ұлан-батыр қаласында кәсібін дөңгелетіп отырған бизнесмендер, жаңа ІТ технологиясын игерген, тіпті Кембрижде білім алған жас маман, сол елдің саяси стратегиясын негіздеуші зерттеу институтын басқарып отырған қандасымыз қатарлы көптеген тұлғалардың өмір-тарихымен танысуға мүмкіндік бар. Қалған сериялар алдағы күндері рет-ретімен экран арқылы көпшілік назарына ұсынылады.
Тұсаукесер рәсімге мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, БАҚ басшылары, ғалымдар, тарихшылар, блогер-журналистер қатысты.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»