24 Қараша, 2011

Сирия көсеміне қысым күшейе түсті

386 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Сириядағы қанды қақтығыс тыйылар емес. Ел президенті Башар Асад қандай жағдайда да биліктен айы­рыл­майтын сыңайлы. Оған тіпті Араб мемлекеттері лига­сының экономикалық санкция қабылдау туралы шешімі де тиісті деңгейде әсер ете қойған жоқ. Сирия басшылығының іс-әрекетіне қатысты Түркия үкіметінің басшысы Тайып Реджеп Эрдоған да қатты-қатты сөздер айтты. Қандай мемлекет басшысы да өз халқына қарсы оқ атса, аяғы жақсылыққа апармайтынынан нақты-нақты мысалдар келтіре сөйледі. Олай айтатын да жөні бар. Сирияда ел басшылығына қарсы акциялар басталғалы бері 3500-дей адам көз жұмып үлгерді. БҰРЫНҒЫ МАГАТЭ БАСШЫСЫ ҰСЫНЫЛДЫ Египеттің жоғары әскери кеңесі МАГАТЭ-нің бұрынғы директоры Мохамед әл-Барадейге ел премьер-министрі орын­тағына отыруды ұсынған. Мұндай ұсыныс кеңестің кешегі өткен және Мы­сыр­дың саяси партиялары өкілдері шақы­рылған шұғыл мәжілісінде жасалған. Әскер басшылығындағы дерек көзінің айтуынша, Барадей әзірше ұсынысқа нақты жауап қайтармаған. Өйткені, ол премьер болған жағдайда өз іс-әрекетінің қаншалықты тәуелсіз болатынына жеткілікті деңгейде кепілдік алмаса керек. Жалпы, Хусейн Тантауи басында тұрған Мысырдың жоғары әскери кеңесі халық қысымына шыдас бере алмаған секілді. Соңғы күндері жаппай наразылық салдарынан Каир мен Александрия қалаларында 30-дан астам адам қаза тапқан еді. БЕЙБІТШІЛІККЕ ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСКЕРЛЕР КІМ? Малайзияның жалған трибуналы АҚШ-тың экс- президенті кіші Джордж Буш пен Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрді бейбітшілікке қарсы қыл­мыскерлер деп танитынын жариялады. Аталған екеуге бірінші кезекте мұндай айып Ирактағы соғысқа байланысты тағылып отыр. Сот мәжілісі төрт күнге созылса, айыпталғандар да жазаға сырттай кесілген. Ұзақ уақытқа созылған пікірталастан кейін трибуналдың 7 мүшесі айыптыларды бірауыздан кінәлі деп тауып, Буш пен Блэрдің Иракқа баса-көктеп кіруін заңсыз және бүкіл әлемге қатерлі деп атаған. Атап көрсетерлігі – сот шешімі символикалық сипатқа ие. Өйткені, Куала-Лумпур трибуналының ешқандай заңды мәртебесі жоқ. РЕСЕЙГЕ АҚПАРАТ БЕРУДІ ТОҚТАТАДЫ АҚШ бұдан былай қарай Ресейге Еуро­падағы кәдімгі қару-жарақ туралы ақпа­рат беруді тоқтататын болды. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департа­мен­тінің ресми өкілі Виктория Нуланд хабар­лады. Нуландтың сөзіне қарағанда, Еуро­падағы кәдімгі қарулы күштерді реанимациялау туралы шартты қабылдауға жасалған әрекеттер нәтиже бермеген соң осындай шешім алынған. Енді мұндай шешімді АҚШ-тың НАТО-дағы басқа да одақтастары қабылдауы ықтимал. Бұған дейін Құрама Штаттар Ресейге өзінің Еуропадағы қару-жарақтары туралы мәлі­меттерді еш кідіріссіз беріп келген еді. Мәскеу жоғарыдағы шартты орындауға мораторий жариялағаннан кейін АҚШ пен оның одақтастары да Еуропадағы кәдімгі қару-жарақ туралы ақпаратты беруді тоқтатуды жөн көрген. БЕРЛУСКОНИ ТАРПА БАС САЛЫНЫП ЖАТЫР Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлускони өзінің төртінші музыкалық альбомын шығарған. «Нағыз махаббат» деп аталатын күйтабаққа 11 ән енгізілсе, солардың сөзінің бәрін С.Берлускони жазыпты және жаңа альбомда өзі ән айтпайды екен. С.Берлусконидің отставкаға үстіміздегі жылдың 13 қарашасында кеткені белгілі. Бүгінгі миллионер жас кезінде круиз жасайтын лайнерде музыкант болып қосымша ақша тауыпты. Ал ол биліктен кеткен соң тиіспеу туралы иммунитеті күшін жойғаны белгілі. Сондықтан бүгінде оның жасаған-жасамаған қылмыстарына байланысты айыптаулар жан-жақтан күш ала түсіп отыр. Кеше ол айыптаулардың бірі бойынша шақырылып, түсінік беруге мәжбүр болды. ТҰТҚЫНДАЛҒАН ҰШҚЫШТАР БОСАТЫЛДЫ Тәжікстан соты бұған дейін Ресеймен арадағы айтарлықтай кикілжіңге себеп болған, кінәлі деп табылып, 8,5 жылға соттаған ресейлік Владимир Садовничий мен Эстония азаматы Алексей Руден­коны босату туралы шешім қабылдады. Rolkan Investments Ltd авиакомпания­сының ұш­қыштары сот залынан бірден бостандыққа шығарылды. Еркіндік алғаннан кейін В.Садовничий өздеріне жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Ресей билігіне ризашылығын жеткізді. Екі ұшқыш үстіміздегі жылдың наурыз айының соңында тұтқындалған еді. Оның себебі газетімізде жан-жақты жазылғандықтан, оған тоқталмағанды жөн көрдік. Ал ұшқыштардың босатылуына байланысты болса керек, Ресей жағы да өздерінде жүрген тәжікстандық мигранттарды қудалауды тоқтатты.

ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:

Ресей президенті Дмитрий Медведев экс-премьер Виктор Чер­но­мырдиннің есімін мәңгі есте қалдыру үшін жасалып жатқан корабльдердің біріне оның есімін беруді ұсынды. Таиланд тұрғыны Ампон Тангноппакун ел королі Пумипон Адульядеттің ар-намысына тиетін SMS таратқаны үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ресейдің Нижний Новгород облыстық сайлау комиссиясы Ресей коммунистік партиясына «Единая Россия» серкесі Владимир Путинге қатысты комикстер салынған карикатураларды тара­туға тыйым салды. АҚШ-тың Орегон штатының губернаторы Джон Кицхабер өзінің губернаторлық мерзімі аяқталатын 2015 жылға дейін өлім жазасының барлық түріне мораторий жариялады. Ресейде мигранттардың орыс тілін білетіндігі туралы сертификат алу үшін өткізілетін тестілеудің құны шамамен 2,5 мың рубль көлемінде белгіленді. АҚШ-тың Индиана штатының тұрғыны Дэвид Бостик балалар порнографиясын дайындап, таратқаны үшін 315 жылға сотталды. Үкім шығарылған азамат қазір 25 жаста екен.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.