Сонда әдеби редактордың қызметі қандай? Әдеби редактор дегенде көбіне біздің санамызда қате іздеп, сөйлем түзеп отырған кәсіп иесі көз алдымызға келеді. Әрине мәтін оқып отырған адам мұның бірін де көзге ілмей кете алмайды. Дегенмен шығарманың стилистикалық, фактологиялық, мағыналық жағына көп мән беріп, негізі жұмысты осы үш нүкте тұрғысынан қарайды. Әлемде әдеби редактордың жұмысы қалыпқа түскен. Ал бізде қалай? Жазушы қауымнан жақсы шығарма, үздік кейіпкер күтеміз. Бұл тек қаламгерге байланысты ғана емес, әдеби редакторды талап ететін табанды жұмыс шығар мүмкін...
Нью-Йорктың барлық баспаларын аралап шығып, біреуінен қолдау таппаған 28 жастағы Томас Вульф ең соңында амалы таусылған соң бума-бума қолжазбасын көтерген күйі атақты «Скрибнер» баспасының есігін қаққан. Онда әлемге Скотт Фицджеральд, Эрнест Хемингуэйді танытып үлгерген даңқты Максуелл Перкинс қарсы алды. Өз жазғанынан күдерін үзіп, соңғы үміттің алдында дәрменсіз отырған Томас: «Сіздің романыңызды басамыз, тек аздап қысқарту керек» деген сөзді естігенде айран-асыр қалады. Сөйтіп жиырма айға созылған азапты жұмыс басталады. 90 мыңға дейін сөз қысқарып, бас-аяғы қайта-қайта жазылады. Бұның бәрі редактор Макстың (Оны замандастары солай айтатын) талабы болатын. Томас Вульф өзі шектен тыс көп жазатын, бірақ тамаша жазушы еді. Көп жазып келеді, оны редактор күні-түні оқып, аяусыз қысқартады. Бірақ керек жерін қалдырады. Ең соңында роман мүлде басқа бейнеге еніп, тіпті, атауы да өзгереді. «Взгляни на дом свой, ангел» романы шыға сала қолдан-қолға тимей, тез оқылып, жазушыға атақ әкеледі. Бірінші романы автобиографиялық сипаты бар, өзінің музасы Алиса Бернстаинға арналған еді. Алғашқы сәтті жетістіктен кейін екінші романын Бруклинде төрт жыл жазады. Бұл кезде Томас ғашығынан айырылған, бірақ нағыз дос тапқан бақытты жазушы еді.
Зерттеушілер Томас Вульф Максты әкесіндей көрді, ал Перкинс жазушыға ұл аңсаған махаббатын төкті деп жазады. Себебі Макстың бес қызы болатын. Ол ұлды аңсап жүр еді. «О времени и о реке» романын Макс Перкинске бағыштағаны тегіннен тегін болмаса керек. Бұл шығармасы да алғашқы жетістікті қайталап, бірнеше рет басылып шығып, ең мықты коммерциялық жоба ретінде бағаланады. Бірақ Томас Вульф өте қызық адам еді. Оның ойы бір сәтте өзгеріп, өзінің даңқы артқан кезде Максты шығармасын мүлде басқаша сипатқа өзгертіп жібергені үшін кінәлап, достықтарына сызат түседі. Сөйтіп ол басқа баспамен келісімшартқа отырады. Бірақ айықпас дертке ұшыраған сәтінде ауруханада жатып, соңғы хатын жазады. Онда ол бұл достықтың ең ізгі ниетте болғанын айтып, Макстан кешірім сұраған болатын. Әдебиеттің есігін үмітсіз қаққан жазушыға осынша мүмкіндік берген редакторына алғыс айтып, ми туберкулезінен көз жұмады.
Фицджеральд өзінің редакторы туралы қайта-қайта жылы сөз айтқан болса, Хемингуэй де шексіз риза болатын. Ол ең соңғы берген сұхбатында Перкинсті жазушы түйсікті әдеби редактор ретінде бағалайды. 1929 жылдың қаңтарында Хем мен Макс Ки-Уэст бағытында тарпон аулауға шығады. Макс балық аулауды онша ұнатпайтын. Бірақ аяқталуға жақын «Қош бол, майдан» романының соңғы нұсқасын талқылау үшін теңізге шыққан.
оманды аяқтаудың 47 түрлі нұсқасы болады. Жазушы соның қазір біз оқып жүрген нұсқасын таңдайды. Перкинс роман туралы жылы пікірін айтып, «Скрибнер» баспасынан жазушыға еңбегі үшін 16 мың доллар қаламақы алып береді. Бұрын-соңды мұндай көлемде қаламақы қай жазушыға берілгенін айту қиын. Бұл романды жазушы солдат өмірін нақты беру үшін солардың тіліндегі ауызекі, тіпті, балағат сөздерді де қосып жазады. Бірақ редакторлар ондай сөздердің көбін сызып тастаған болатын. Бірақ оқырмандар бәрібір романның тіліне қатысты наразылықтарын білдірген. Соңында Хемингуэй қысқарған сөздердің тізімін жазып, оқырмандарына ұсыныпты. Бұл оқырман мен жазушының, редактор мен автордың арасындағы тығыз жұмыстың үздік көрінісі болатын.
Қазір біздің ұғымымызда әдеби редактор туралы түсінік бар ма, жоқ па білмеймін. Тіпті, бар болған күннің өзінде бір-бірімен тығыз байланысты екі кәсіптің иесі қалай жұмыс жасар еді деген сұрақ мазалайды. Бұрын баспаларда болған редакторлардың қызметі қандай болды десе, үлкендердің көбі бірдей жауап береді. Дос пейілмен қолжазбаны оқып, ескертулерін жасаған мысалдарды, әрине, кезіктіресіз-ақ. Бірақ қазіргі уақытта, әдебиет пен оқырманның арасы алшақтап кетті деп байбалам салатын шаққа тап болып тұрғанымызда, оның үстіне нарықтық экономиканың заңдылықтары билеп-төстеп тұрған сәтте оқырманға өтімді болу үшін жұмыс істей алатын баспа, ең бастысы жазушылардың қолынан шыққан мүккәмал мүлікті қырнап-жонып, оқырман қызығатын деңгейге жеткізетін әдеби редакторлар қажет емес пе? Қазіргі кезде баспа ісіндегі олқылықтар арнайы мәселе қозғауды талап ететін жағдай. Корректор, редакторлық жұмыс, кітап сапасы, кітап сатылымы деген жолға қойылмаған, әр баспа өзінше әрекет етіп, күн көріп отыр. Ал осындай кезде шығармашылық адамдарының еңбегі қалай бағалануы керек еді. Бұл, әрине басқа әңгіме...
Әдеби редактор туралы сөз болғанда Перкинс өнегесі жиі еске алынады. Заман көшінен қалмаймыз деп жүрген бізге де әдеби редакторлық туралы ойлап қойған дұрыс шығар...
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»