Әдебиет • 16 Ақпан, 2018

Алмас Нүсіп. Қайта жазу: ерік пен бап

844 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кітап шықты. Ендігі тағдыры – оқырманның еншісінде. Ал автордың еншісіне берілген барлық мүмкіндіктің уақыты біткен. Жарыққа жеткен кітап та – қолдан шығып кеткен бір мүлік. «Сөзіңе аузыңнан шыққанша өзің ие, шығып кеткен соң ел ие» деген кеп айна қатесіз алдыңнан шығар сәт. Ендігі мәселе – бұған дейінгі өзіне берілген мүмкіндікті автор қаншалықты пайдалана алды? 

Алмас Нүсіп. Қайта жазу: ерік пен бап

Бұл қандай мүмкіндік еді?

Мен қатарластарымды оқы­­­ған сайын редакторы­ жоқ шығармаларды кө­ремін. Жа­­зылған, сосын... жария­ланған. Енді міне, кітап болып шықты. Жинақ­тың соңында редакторы көрсетіледі. Бірақ, өріп жүрген әріп қателерін көрген соң, ре­дактор қайда, корректоры бол­ды ма екен деген күмән туады. Кітап ие­сінің де, баспа ие­сінің де кі­тап шыққанша асы­ғатынын аңдау қиын емес. Баспаның асығатыны түсінікті – жоспарын орындап жатыр, автордікі не жорық? 

Десе де, мен білетін аз­да­ған жас авторлар бар. Жаз­­­ға­­­ны жарыққа жеткенше (га­зет-журналдарда, сайт­тар­­­да жарияланғанша) тыным көрмейді. Әрине әр­кім­нің өз редакторы болады. Аға­сына оқытады, ұста­зы­на сынатады, інісінің пі­кірін тыңдайды. Мәселе ре­дактордың көптігінде емес, талғамында. Редактордың адамгершілігі де бұл ретте көп рөл ойнайды. Әйтпесе «оқып шықтым, жақсы екен», деп, қолжазбаңды немкеттілеу ғана қолыңа ұстата салатын атақты ағадан қайран жоқ. Атақты ағаң – асарын асаған, жасарын жасаған. Біраздан бері тек өзін ғана қызықтайтын болып алған. Әдебиет мәселелеріне арнал­ған жиындарда – жас­тар­ға қарата «қа­­ла­мақы жоқ» деп құ­лағы­мыздың еті әб­ден өл­ген гөй-гөй­дің жаңа бір шебер нұсқасын сұлулап айтады, сонысымен бар міндетінен құ­ты­лады. Біз соған да ризамыз. 

Өзіңе сенген­нен өзге амал жоқ. Мықты бол­­­­­­саң, алдымен­ мөл­­діретіп жаз, одан ке­йін, шын жан­ашыр дос тап. Бұл дос – өзі­нен кейін де жақ­сы­лы-жаманды әдебиет жасалатынын терең ұғынған, қарт­тық кеңдікке жеткен ата, адамгершілігі мол, әдебиетке ғана емес, адам, автор ретінде саған да жаны ашитын парасатты аға, сенің барлық мүмкіндігіңді парықтаған, сен ұмтылатын биіктің өл­шемін білетін қатарласың. Осындай дос таба алған автордың өз­ге­лерден бір ісі артықтау. 

Бас редактор – ішкі цензура деседі. Демек, бәрі айналып келіп өзіңді табады. Өзің қандайсың, сөзің де сондай дейді жазудың қағидасы. Өзіңе өзің сүйсініп, ешкім жазбайтын кезде ерлік жасадым деп, жариялағанша асықсаң, шығармаң да солай шығады. Әлбетте жазу үстіндегі көңіл-күйдің бол­ғаны жақсы. Ысынып-суы­нып, жанып-өшіп дегендей. Жазу­дың жанды шығуы – жа­зу үстіндегі еркіндікке жету де­седі – толықтай келісуге бо­лады. Мұны біреулер шабыт дейді, біреулер бап дейді, біреулер күй дейді. Қалай десе де, мағынасы бір. Менің­ше, автор­дың ең бас­ты міндеті – осы күй­ге жету. Осы күй­де отырып жа­зу. Бірақ ыс­­ты­ғы ба­сылған соң қай­тара бір қарап шық­­­­пай бол­­­­­­­­­­май­ды. Бұл – шы­ғар­ма то­­лық­тай жазылып біт­кеннен кейін атқа­рылатын ша­руа. Өзін ыл­ғи да қатал ба­қы­лау­да ұстап   оты­рып жа­­­зыл­ған шығармаларды оңай танып қоюға болады. Артық-кем бір сөз, бір тыныс белгі қоя алмайсың. Сөйлемі тас­тай, құрылымы мен сюжеті мы­ғым. Бірақ бірдеңе жетіс­пейді. Әйтеуір бірдеңе. Бұл – әлгі біз айтқан күйдің же­ріне жетпегені. «Өлең техни­касын меңгеру» деген бар ғой, бұл тек өлеңге ғана емес, жазу атаулыға арналып айтылса керек. Өз-өзіне еркін­дік сыйлай алмаған жазушы оқырманының қия­лын ша­рықтатып, дүниені ұмыт­тырардай кітапқа байлап қоя­ды дегенге сену қиын. Жаны бар дүние өмірге келсе, әрі қа­рай олпы-солпысын түзеп, артық-кемін басып беретін редакторға да бір жұмыс қалуы керек қой. Айта кету керек, жазу үстінде редактор болу – шығарманы әлсіретпесе, кү­шейтпейді. 

Қайта жазу, редакторлық туралы қанша жазушы болса, сонша ұстаным бар. Бір-біріне кереғар. Бір-біріне ұқсас. Мұ­ның барлығы айналып келгенде, автордың ұстанымы дегеннен гөрі – ерік-жігеріне, мінезіне байланысты дүние. Ал оны өзгерту ешқандай редак­тордың қолынан кел­мейді. 

Алмас НҮСІП,
журналист