16 Ақпан, 2018

Ұлттық арнаның зертханасы ашылды

538 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Qazaqstan» ұлттық арнасы – қазақ теледидарының қара шаңырағы. Телевизия саласындағы ұлттық бренд. 2011 жыл­дан бастап Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен мемлекетіміздің ақпарат саясатын жүзеге асыратын «Qazaqstan» ұлттық арнасы жүз пайыз қазақ тілінде хабар тарата бастады. 

 

Ұлттық арнаның зертханасы ашылды

«Qazaqstan» РТРК Басқарма төрағасы Ерлан Қарин айт­қандай, «ұлттық» деген анық­тама атауы­ның өзі теле­арнаның бар болмысын ай­ғақтайды. Ұлттық корпорация өзінің мерейлі 60 жасына аяқ басып отыр. Телеар­наның 60 жылдығына арналған «Qazaqstan» – еліміздің телеэпопеясы: ұлттық арнаның даму моделі» атты халықаралық ғылы­ми-тәжірибелік конферен­ция мен салтанатты шаралар жиын­тығы кеше әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де кеңінен аталып өтті.

Кең ауқымды бағдарламаға сәйкес, шаралар легі осы уақыт­қа дейін қалыптасқан дәстүрмен сабақтаса келіп, журналистика факультетінің жанынан ұлттық арнаның «Qazaqstan» оқу-шығар­машылық зертханасының ашылуымен басталды. Бұған дейін факультетте «Егемен Қазақстан» газеті мен «Хабар» телеарнасы өз зертханаларын ашқан бола­тын. Зертхананың ашылу салтанатында ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов пен «Qazaqstan» РТРК Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ләззат Жүнісова лента қиып, телевизия саласының майталман ардагерлері Құсман Игісінов пен Ласкер Сейітов ақсақалдық ақ батасын берді. Болашақта бұл зертхана заманауи талаптарға жауап бере алатын, ақпарат пен цифрлы технология тілін меңгерген мамандар даярлаудың бірегей ұстаханасына айналатыны сөзсіз. Сондай-ақ Л.Жү­нісова журналистика факуль­тетіндегі телевизия ісіне ма­ман­данып жүрген студенттер үшін жарияланған ең үздік студент­тік материалдардың бес же­ңімпазына шәкіртақы та­быс етті. Бұдан соң кон­фе­рен­ция қонақтары мен қаты­сушылары «Қазақстандағы тележурналистиканың дамуы мен қалыптасуы» атты «Qazaqstan» телеарнасының 60 жыл­дығына арналған баспасөз мате­риалдары, кітап және фото­көрмені тамашалады. 

Конференция қатысу­шы­ларына ұлттық арна­ның тарихын баяндайтын бейнежазба – деректі фильм көрсетілді. Бүгінде телеарнада музыка мен эстраданы насихаттайтын «Мен – қазақпын», «Hit-Qazaqstan», «Сазгер», еліміздің көрікті жер­ле­рімен таныстыратын «Ел ішінде», «24 сағат табиғат құша­ғында», «Киелі Қазақстан», «Ұлы дала ұлағаты», сондай-ақ «Алаш­тың аманаты», «Тарихтың тамырында» көрерменге жол тартты. Көпшіліктің көңілінен шыққан ақпараттық-саяси «Ап­та», «Ақпарат», «1 студия», «Ме­нің Қазақстаным», «Қаре­кет», «Келбет», «Жарқын бейне» сынды деректі, танымдық, әлеу­меттік, рухани бағыттағы бағд­ар­ламалар жалғасын тауып жатыр. 

Конференция жұмысы «Qazaqstan» арнасының аға буын өкілдері Құсман Игісінов, Фа­тима Бегенбаева, Гүлмария Бар­манбекова, Марс Омаровтың және бүгінгі көрерменнің ықы­ласына бөленіп жүрген Бейсен Құранбек, Нартай Аралбайұлы, Мейіржан Әлібек, Баян Бақкелді, Ал­мат Әбдіраман, Ерлан Атам­бай сияқты жас буынның жур­­налистика факультетінің сту­денттеріне арналған шеберлік сабақ­тарымен ұштасты. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ