Еңселі ғимараттың салтанатты ашылу рәсіміне Жоғарғы сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәкіров, Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асқарбек Үйсімбаев, Жарқайың ауданының әкімі Мұрат Балпан, сондай-ақ өңірдегі мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер, судьялар мен сот жүйесінің қызметкерлері, аудан тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиналған қауым алдында сөз алған Н.Шәкіров Жарқайың аудандық сотының жаңа ғимараты құрылысының аяқталуы бүкіл Ақмола өңірі үшін жағымды оқиға екенін ерекше атады. Жоғарғы сот органы алдағы уақытта да өз айбынымен заң үстемдігінің салтанат құруына ықпал ететін соттар ғимараттарын салуды және жөндеуді мақсат етіп отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ жиналған қауым алдында сөз алған облыстық сот төрағасы Д.Әміров әріптестерін қоныс тойымен құттықтай келе, бұл игілікті іс Елбасының сот мәртебесін көтеру жөніндегі тапсырмасы Ақмола облысында жүйелі орындалып жатқанының айғағы екенін жеткізді.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Асқарбек Үйсімбаев сот төрелігі үстемдік құратын жаңа сарайдың ашылуы айрықша оқиға екендігін ерекше атады. Реті келгенде облыс әкімінің орынбасары игілікті іс бастамашысы болған Жоғарғы сотқа және Ақмола облыстық сотына алғысын жеткізе келіп, игі тілегін білдірді.
Ауданның беделді ақсақалдарының бірі Беріктас Баймолдинов ақ батасын бергеннен кейін жаңа ғимараттың лентасы қиылып, іші көпшілікке көрсетілді.
Негізінен, сот ғимаратында аудио-бейнетіркеу жүйесімен және жаңа техникалық құрал-дармен жабдықталған екі сот залы бар екен. Сонымен қатар судьяларға, прокурорлар мен адвокаттарға, сот орындаушыларына арналған кабинеттер қарастырылған. Бұдан басқа, кеңесу бөлмелері, мұрағаттағы істермен танысуға арналған орын және күту залымен жабдықталыпты. Және де сот залының кез келген жерінен құжаттарды көрнекі түрде көрсетуге арналған ыңғайлы бейнепроектор орнатылған. Кіреберісте мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы пандус орнатылып, еден төсемелері кедергілерсіз және табалдырықсыз етіп жасалыпты.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы