Тарих • 16 Ақпан, 2018

Тоғайрық бидің тоқтамы

773 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақтың ежелгі ел басқару дәстүрінде билердің міндеті мен рөлі зор болған. Өйткені, ел болған соң жер дауы, жесір дауы, ағайын арасында келіспеушілік, руаралық жанжал болмай тұрмайды. Осы шаруаның әділ шешілуін қазақ қоғамы билерге жүктеген. Билерге қойылатын әуелгі талап қара қылды қақ жаратын әділеттілік болса, екіншіден, олар шариғатқа сай үкім-пәтуаларды басшылыққа алып, шешім қабылдауы тиіс.  

Тоғайрық бидің тоқтамы

Осы орайда, мына бір оқиға еске түседі. Ертеректе еліміздің оң­түс­тік-шығыс өңірі Аякөз-Бақ­ты өңірінде өмір сүрген Тоғай­рық (Тоқаң би) атты би болыпты. Тоқаң заманында Абылайдың алдын көрген, ескі билерден үлгі алған қадірлі тұлға. Бұл би туралы кезінде атақты тарихшы Құрбанғали Халидтің өзі естелік жазба қалдырған. 

Осы Тоқаң бидің туған інісі Малдыбай дейтін озбырлау пенде бірде өздеріне аталас көрші рудың түйесін олжалап әкетеді. Тегі ағасы би, руы өскен-өнген атаның балалары соны бедел тұтса керек. Түйенің иесі малының ізін індете қуып Малдыбайдың қорасына келеді. Келген бетте: – Оу, ағайын, менің жоғалған түйемнің ізі осын­да келіп тірелді. Тез тауып бе­ріңдер, – дейді. Барымташы: – Түйеңді алмақ түгілі көр­геміз жоқ, айғағың болса мойныма сал, болмаса антыңды ал, – деп жалтарады.

Түйенің иесі де қайтпайтын адам екен, «түйемді бер, бермесең биге жүгінеміз, соның алдында антта­самыз» деп қоймапты. Тығы­рыққа тірелген ұры:
– Кімге жүгінеміз, қайсы биге барамыз? – десе, мал иесі:

– Сенің туған ағаң Тоғайрыққа жүгінеміз, – дейді.

– Ол менің ағам ғой...

– Сенің ағаң Тоқаң би не десе, мен соған ризамын.

– Олай болса, бүгін осында қонақ болып, бір малыңызды жеңіз, ертең ертерек бидің алдына барармыз...

Сөз осымен тәмам. Ертеңгі күні бидің алдына барып соттас­қа­лы отырған екі тарап бір тоқты­ның басын мүжіп, батасын жасап жайланып қонақ болып, отырысады. (Мұндай сыйластық дәстүрді қазақтан басқа халықтан іздеп таппаған болар едіңіз).

Малдыекең қонақтарын жай­ғастырып тастап, кешкі алакө­леңкеде атына міне шауып, бір белдің астында отырған ағасының ауы­лына келеді. Тоқаң бидің жасы сексенге тақаған, бойының қуаты кеміген кезі екен, төсегінде жантайып жатқан бойы, інісіне:

– Түнделетіп неғып жүрсің? – дейді. Інісі:

– Бір даукес шал түйесін жоғалтқан екен, онысын менен кө­ріп отыр. Таңертең сіздің ал­ды­ңызға келіп, жүгініп анттас­пақ­пыз, – дейді.

– Сен түйесін алған ба едің?

– Алған жоқпын...

– Әй, қайдам, алмасаң ымыртта келмес едің ғой...

Осы сөзді айтады да Тоқаң би аунап түсіп жатып қалады. Аз­дан соң пысылдап ұйықтап кетеді. Ағасынан нақты жауап бол­маған соң үйіне қайтады.

Таң атады. Даугер шал мен барымташы шайларын ішіп, батасын жасап атқа қонады. Бидің үйіне келіп түседі. Келген бетте түйенің иесі шешен адам екен тізесін бүкпей тұрып сарнай жөнеледі.

– Ей, Тоқа, біле білсең, бір атаның баласымыз, Құдай сіздерді артық жаратты, бізді ауызыңызға қаратты. Көптің де барар жері бір – қара көр, аздың да барар же­рі ақыры сол. Әділ болған адамға Алланың кеңшілігі мол. Ей, Тоқа, алдыңда алты қадам көр тұр, алты қарыс бөз тұр. Мәңкүр-мүң­кір сұрау бар, жауап таппай жылау бар... – деп даугер шал сөз бастаған екен Тоқаң оның сөзін аяғына дейін тыңдауға дәті жетпей «аһ-үһ» деп жылай жөнеліпті. Онымен қоймай інісіне қарап: «Қарағым, мынау адам кеше сен айтқандай даукес шал емес қой, түйесі қайда, тез тап!» деп тоқтам етіпті. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»