09 Ақпан, 2010

ҚАЗАҚСТАН ӘЙЕЛДЕРІНІҢ КОАЛИЦИЯСЫ ҚҰРЫЛДЫ

1191 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Гендерлік саясатты тиімді жүр­гізу арқылы әйел құқығын қорғау, отбасылық-демографиялық мәсе­лелерді шешу жолдары демо­кратиялық қоғамда өз жалғасын тауып келеді. Қоғамдық сананың кертартпалығын жеңу үрдісі де бүгінгі таңда саясаттың ықпалымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл жөніндегі нақты іс-шаралар әлем бойынша да, еліміздің даму жүйе­сінде де дұрыс жолға қойылған. Мәсе­лен, еліміздің Еуропада қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйы­мына төрағалық етудегі жалпыұлт­тық жобамызда да гендерлік саясатты нығайтудың ерекшеліктері қамтылған. Жуырда ғана Елбасы­ның халыққа арнаған “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында атап көрсеткеніндей, ел дамуының басты арқа сүйері серпінді ин­дустри­лизация мен адам капиталы­ның бәсекеге қабілеттілігі болып табылады. Инновациялық эконо­ми­каны қалыптастыруда жоғары білімді әрі парасатты мүмкіндікке ие әйелдер қауымының қосар үлесінің маңыздылығы және басқа да Қазақ­стан әйелдерінің әлеумет­тік-эконо­микалық, саяси белсен­ділікті арт­тыру мәселелері Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрі, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықованың қаты­суы­мен “ҚазАқпарат” ұлттық ақпа­рат агенттігінің баспасөз орталы­ғында болып өткен басқосуда талқыланды. Баспасөз мәслихатына, сондай-ақ Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орын­басары А.Ғалымова, Қазақ­станның Азаматтық альянсының президенті А.Соловьева, Қазақстан­ның кәсіп­кер әйелдер одағының төрайымы М.Қазбекова және басқа да қоғамдық белсенділігі жоғары нәзік жандар қатысты. Мәслихат барысында сөз сөй­леген министр Г.Әбдіхалықова 2010 жылдың басы Қазақстан үшін ерекше кең ауқымды, мазмұнды оқиғаларға толы болғандығын атап өтті. Оның ең бастысы – Қазақ­стан­ның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі екендігін баса айтты. “Біздің елдің ТМД, Азия және бүкіл әлемдегі түркітілдес қауым­дас­тығының ішінен алғашқы болып, сонау Атлантикадан Тынық мұхитқа дейін жайғасқан 56 мемлекеттің басын біріктіріп отыр­ған беделді халықаралық ұйым­ға төрағалық етуі, әрине, барлық қазақ­стандықтар үшін мақтаныш және үлкен жауапкер­шілік. Соны­мен қатар, Президенттің бастамасы­мен ХХІ ғасырдың жаңа он жыл­ды­ғын бастадық. Бұл респуб­ли­ка­мыз­дың дамуындағы өте маңызды кезең болатыны анық”, деді министр. Министр, сондай-ақ қазақстан­дық қоғамның демократиялануын әрмен қарай жетілдіру, әйелдердің құқығы мен гендерлік теңдігін жан-жақты қорғау мен тиімді қолдау және халықаралық қарым-қатынас­тарды кеңейту мақсатында Қазақ­стан әйелдері коалициясы құрылып отырғандығын айтты. Билік құры­лымы мен қоғамдық ұйымдар­дың мұрындық болуымен құрылған аталмыш коалицияның алға қойған ұстанымдары да айқын болмақ. Қоғамдағы әйелдердің барлық ком­мерциялық емес ұйымдары, биз­нес өкілдері, әйел саясаткерлер мүше бола алатын коалиция өз алдына ерлер мен әйелдердің құқық­тары мен бостандықтары және мүмкін­дік­терінің тең болуы, қызмет көрсету саласы әртүрлі әйелдер ұйымына тең дәрежеде ілтипатпен қарау, әйелдердің өзге де ұйым­дармен ынтымақтаса жұмыс істеуі сынды міндеттерді қойып отыр. Баспасөз мәслихаты соңында Қазақстан Іскер әйелдер қауым­дас­тығының президенті Р.Сәрсембаева еліміздегі жеке кәсіпкерлік сек­торы­­ның 80 пайызы әйелдердің үлесін­де екендігіне тоқталды. Болашақта әйелдер жеке кәсіп­кер­лігін одан әрмен жетілдірудің жолдарын да қарастыру керек­тігін атап өтті. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ. ҚАЗҰУ-ДЫҢ ЖАҢА СЕРПІНІ Жақында Білім және ғы­лым министрлігінің Ұлт­тық аккредитациялық орта­лығы тұңғыш рет халықара­лық үлгі бойынша жоғары оқу орын­дары аккредита­циясы­ның қорытындысын шығар­ды. Отандық оқу орын­дары­ның ішінде ұлттық аккре­дита­цияны әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универ­ситеті алғашқы болып сәтті өткізді. Институционалды аккредитация – университтің өзін-өзі бағалауы мен жоо қызметінің сыртқы бақылауы негізінде жүргізілетін Болон үдерісі аясындағы міндетті шара. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бұл шара­ны белгілі ғалым, Ресейдің феде­рал­ды аккредитациялық орта­лы­ғы­ның жетекшісі Владимир Навод­новтың басшылығымен Қазақ­стан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық аккре­дитациялық орталығы жүргізді. Тәуелсіз комиссия жетекші оқу орны қызметінің барлық саласымен жан-жақты танысып, оны ұлттық саясатқа және халықаралық стандарттарға, сонымен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық, ғылым-білім мен мәдени дамуына сай келеді, миссиясы, міндеті мен мақсаты жақсы қалыптасқан деген қорытындыға келді. Одан өзге шетелдік және отан­дық жоо-ы, академиялық қоғамдас­тық пен қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құралған сарапшылар тобы ғылыми ізденістердің жоғары деңгейін, білім сапасын, университет кам­пусы­ның дамуын, сонымен қатар студенттердің оқуы мен тұрмысы жағдайының жақсы екендігін атап өтті. Алматыдағы университеттік интернет-орталықтың үлгісімен танысқан соң, тәуелсіз сарапшылар ақпараттық технологияларды енгізуде білім ордасының озық құрал-жарақ техникамен жақсы жабдықталғандығын баса айтты. Ұлттық аккредитациялық орта­лық аккредитациялық комитеті 3 ақпан күні Қазақстан Республи­касы Білім және ғылым министр­лігінінің кеңейтілген отырысында соңғы қорытынды шешімін шығарды. Онда Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Бақытжан Жұмағұловқа институционалды аккредитация­ның сәтті өткендігі туралы бірінші сертификатты тапсырды. Қорғанбек АМАНЖОЛ. САҒЫНЫШТЫ ЖЫЛДАРҒА САЯХАТ Қаламы жүйрік, қиялы ұшқыр журналистер өз еңбектерін бұл­дама­ғанымен, оқырмандар жылы қабыл­дайтыны даусыз. Оны кез­десу кеш­тері­нен көріп жүрміз. Жер­лестерінің алдында 40 жылға жуық журна­листік еңбегіне арнал­ған “Сағыныш жылдар­ға саяхат” тақырыбындағы кездесуде ай­тыл­ған ой-пікір Жұмаш ағаның өт­кен өміріне берілген бағаны қалыңдата түсті. Еңбек жолын механизатор­лық­тан бастаған ол кейіннен Қастек ауы­лындағы жастар ұйымына жетек­ші болып, алғырлығымен көзге түседі. Қаламгерлік еңбегі Жамбыл ау­­дандық “Атамекен” газетінде әде­би қызмет­керліктен сүрлеу салса, бұ­дан кейін Алматы Жоғары партия мектебін тәмам­даған­нан соң, 1972 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін облыстық “Жетісу” газетінде же­міс­ті еңбек еткенін айту­ға болады. Осы үнжарияда 8 жыл бөлім меңгерушісі, 14 жыл жауапты хатшы, 8 жыл бас редактордың орынбасары болып ұжымды басқару мен жас журна­листерге қамқорлық жасау үлкен кәсіби біліктілікті талап еткені даусыз. Байырғы журналист Жұмаш Арғынбайұлы – өмір тынысына құлақ түрген, дәуір дүрсілін дөп бас­­қан және оның қыры мен сырын жан-жақты әсерлі жазудан жа­лықпаған адам. Бұл жәйттер аудан әкімі Махаббат Бигел­диевтің сөзінде жан-жақты айтылды. Зей­неткерлікке шықса да еңбектен қол үзбеген Жұмаш аға бүгінде Халық­­аралық журналистика акаде­мия­­сының құрметті акаде­мигі атанып, Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық универ­ситеті журналис­тика кафедрасын­да оқытушылық қызметін жемісті жалғастыруда. Кеште Алматы облысы әкімі­нің кеңесшісі Кеңесбек Демешов об­лыс­тық мәслихаттың шешімі­мен “Алма­ты облысының Құрмет­ті аза­маты” атағын тапсырып, сый-сия­пат жаса­ды. Сонымен қатар Қара­сай ауданы әкімі­нің орынбасары Еділ Әбуұлы, “Қазақ газеттері” серік­тестігінің бас дирек­торы – редакторлар кеңесі­нің төраға­сы Жұмабек Кенжалин, “Қа­зақ әде­биеті” газетінің бас редакторы Жұма­бай Шаштайұлы және “Жеті­су” газеті­нің жауапты хатшысы Нүсіпбай Әбдір­ахым, тай-құлындай тебісіп бірге өскен бауырлары – экономика ғы­лым­­дарының докторы Марат Нұриев, заң ғылымдарының докторы Арықбай Ағыбаев, “Егемен Қазақ­стандағы” қа­рын­­­дасы Гүлзей­неп Сәдір­қызы, тағы басқалар да құт­тықтауларын жеткізіп, қалам­герге салт-дәстүріміз­бен шапан жапса, ауылдан түлеп ұшқан бір топ бауырлары “темір тұл­пар” мінгізді. Аудан өнерпаздары – жыршы-термеші Ермек Шаштайұлы, әнші­лер Гүлжан Дүйсенова, Ай­ман-Шолпан Дәуітова, Гүлнәр Ноғай­баева, тағы бас­қалардың өнерлері халықтың көңі­лінен шықты. Әріп­тес інісі, ақын Ма­нар­­бек Ізбасаров қаламгердің сағы­нышты жылдарға саяхат жасаған арнау-жырын оқып, кештің сән-салта­на­тын арттырды. Біртоға, әсте асып-тасуды білмей­тін қарт журна­лис­тің халқымен кездесуінде адами биік қа­сиеті тағы бір қырынан ашылып, мерейленді. Қаламгер баспадан жаңа шық­қан кітабын той шашуы ретінде оқырманға ұсынды. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.