Аймақтар • 17 Ақпан, 2018

Павлодарда Достық фестивалі өтті

433 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы жергілікті бөлімшесінде  24  этно-мәдени бірлестік бар. Бірлестіктердің  Достық үйінде  қызмет жасайды, арнайы  кабинеттер бөлінген. Концерттік залдары бар. Бірлестіктердің биылғы қалалық фестивалі Астананың 20 жылдығына арналды.

Павлодарда Достық фестивалі өтті

Суретті түсірген Талғат Айтбай

Ұйымдастырушылардың айтуынша фестивальдің мақсаты-өзге ұлт өкілдері арасынан әнші, бишілерді таңдап алу, Астанаға арналған өлеңдер орындау,қазақ тілінде өнер көрсету, шығармашылық ұжымдардың кәсіби-мәдени деңгейін бағалау және бірлестіктердің өзара бір-бірімен рухани-достық байланыстарын жалғастыру.

Фестиваль өткен қалалық мәдениет сарайында этно-мәдени бірлестіктердің күнделікті атқаратын жұмыстарына арналған көрме ұйымдастырылды. Көрмеде этнос өкілдері өздерінің ұлттық тағамдарын, қолөнер бұйымдарын келуішлердің назарына ұсынды. Бұл күні облыс орталығының басқа да шығармашылық өнер ұжымдары өз әндерін, билері мен аспаптық орындауларын көрсетті. Енді таңдаулы өнер ұжымдары, жеке орындаушылар 1 наурыз «Қазақ халқына рахмет айту күніне» арналған гала-концертке қатысады.

- Бұл фестивальда ән айтып, би билейді, әрбір ұлттың салт-дәстүрлері көрсетілді. Біз әндерімізді сүйікті Астанаға арнадық. Барлық этно-мәдени бірлестіктер ұжымдары бүгін жаңа киімде жарқырап шықты. Бізге қолдау көрсеткен облыстық әкімдікке рахмет. Екіншіден, этно-мәдени бірлестіктердің қолданбалы өнері, қолөнерлері және ұлттық тағам түрлері келуішлерді таңқалдырды. Ең бастысы-бұл көп ұлтты еліміздегі тұрақты тыныштық өмірді сақтап, ортақ үйлесім жасауында, - дейді Белорус этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Любовь Богнат.

Фарида Бықай,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар