19 Ақпан, 2018

Жаһандық қауіп арта бастады

728 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақында АҚШ өзінің жаңа ядро­лық стратегиясын жариялады. Он­да қандай қауіп болған жағдайда Пента­гонның аждаһа қаруға жүгіне­тіні нақты айтылған. 

Жаһандық қауіп арта бастады

Әлемнің басты басылымдарында жарияланған «Ядролық саясатқа шолу» атты мақалада жаңа стра­тегияға біршама түсініктер беріл­ген. Осы мақаланың кіріспесінде ядро­лық қарумен байланысты жаһандық қауіп­сіздікке деген қатердің соңғы сегіз жылдағы жағдайы күрделене түскені айтылған. «Бүгінгі таңда Америка Құрама Штаттары бұрын-соңды болып көрмеген барынша күрделі және жан-жақты ядролық қатердің алдында тұр» делінген онда.

Әлемдегі барлық жағынан ең қуат­ты мемлекеттің өзі осындай қауіп барын айтып, қорғалақтап отырса, бас­қаларға қайтпек керек? Бір кезде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қару туралы «адамзаттың өзін-өзі өлтіруі, ал өзіне-өзі қол салу Жаратқанға қарсы шығу деген сөз, ондайды барлық әлемдік діндер айыптайды. Осы тұрғыдан алғанда адамзаттың ядролық қуатты арттыруға тырысуы – нағыз күпірлік» деген еді.

Өз ісін ақтау үшін АҚШ осы стратегиясында: «Бүкіл әлем ядролық қарудан бас тартқанға дейін Құрама Штаттар қауіпсіз әрі сенімді осы заманғы, көп функционалды және тұрақты ядролық әлеуетке қол жеткізуі керек» дейді. Демек,  АҚШ басқалар ядролық қарудан бас тартқанша біз қаруымызды күшейте береміз деп тұр, ал бір мемлекет күшейген сайын басқалар да артта қалмауды ойлайтынын, сөйтіп ядролық қару арсеналы әлемде арта беретінін неге ойламайтынына таңғаласың!

Әрине аталмыш құжатта мынадай жолдар да бар: «АҚШ алдағы уақытта да барлық әлемдегі ядролық, биологиялық және химиялық қаруларды толықтай жоюға күш салатын болады». Алайда ядролық қаруымызды күшейтеміз деген мақсат мұндай игі ниетті жоққа шығарып тұр емес пе? Мұның себебін Вашингтон Ресей мен Қытай ядролық қаруды жетілдіру жұмыстарын тоқтаусыз жүргізіп келе жатыр деуімен түсіндіреді.

Ядролық саясатты ақтаған аталмыш мақала да Ресейдің ядролық қаруға бақылау жасау жөніндегі келісім­шарттар мен міндеттердің талабын орын­дамағаны айтылады. Соның ішінде Ресейдің 20 килотонналық (АҚШ-тың 1945 жылы Хиросимаға тас­таған бомбасының күшіндей) так­тикалық ядролық қаруды көбейтіп жатқанын сынайды. Сонымен бірге Сол­түстік Корея мен Иранның ядролық бағдарламаларынан да қауіптің зор екендігі айтылады.

Осы құжат жарияланған бойында Ресейдің Сыртқы істер министрлігі АҚШ ядролық доктринасының антиресейлік сипатының негізсіз екенін, Мәскеу қол қойылған келісімшарттар бойынша өзінің халықаралық міндеттерін орындап жатқанын жариялады. Сонымен бірге СІМ АҚШ өзінің ядролық арсеналын күшейтетін болса Ресей өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қарсы шаралар жасауға мәжбүр екенін атады.

Осыдан бір ай бұрын Ресейдің Калининград облысына «Искандер» кешенінің орналастырылғаны мойын­далған. Енді АҚШ-тың жаңа ядролық стратегиясын еуропалықтар осы оқиғамен байланыстырып, талқылауда. Мәселен, АҚШ-тың беделді басылымдарының бірі «New York Times»-те еуропалық авторлар «доктринаның іске асырылуы жаңа типтегі ядролық қару жасау жарысын» тудыруы мүмкін дейді. Сонымен бірге олар ендігі ядролық қарулар саны жағынан емес, жаңа тактика мен технологияға негізделуі арқылы шағын көлемде жасалатын шығар деседі.

«Америка дауысына» берген сұхбатында ресейлік әскери шолушы Павел Фельгенгауэр бәріне кінәлі Ресей тарапы екенін айтады. «Ресей соңғы 15 жылда ядролық қуатын арттырумен айналысып, Американың алдына түсті», дейді ол. Сонымен бірге осы автор бұрынғы президент Обаманың ядролық қаруды біржақты қысқартуы Ресейге әсер етпегенін жеткізеді.

Қытай тарапы да АҚШ-тың яд­ро­лық қару жөніндегі жаңа бас­та­масын қолдамайтынын жариялап, Вашингтонды ядролық әлеуетін шектеуге шақырды. Бұл туралы ҚХР Қорғаныс министрлігі жақында ресми түрде мәлімдеме жасап: «Біз АҚШ-тың «қырғи-қабақ соғыс» менталитетінен бас тартып, өзінің ядролық қаруын қысқартуда басты жауапкершілікті мойнына алар деген үміттеміз» деді. Сонымен бірге осы құжатта Қытайдың ядролық қаруды ешқашан да бірінші болып қолданбайтыны айтылған.

Стокгольмнің халықаралық ядро­лық қаруды зерттеу институтының бағалауына қарағанда, қазір Қытай ядролық арсеналы жөнінен әлемде бесінші орын алады. Оларда 270 ал АҚШ-та 6800 оқтұмсық бар, бұл Ресейдікінен аз деп есептеледі.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»