Қазақстан • 19 Ақпан, 2018

Марат Сатыбалдиев: Олимпиадаға баруға төрешілер кедергі болды...

1117 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сонау 1989 жылы Фран­цияда өткен әлем чемпионатында Марат күллі әлемді мойындатқан-ды. Қазақ велоспортында өзіндік орны бар Марат Қуан­байұлымен әңгіме бары­сында спортшының басынан өткен қиындықтар мен қуанышты сәттері хақында біраз мағлұматқа қанық болдық.

Марат Сатыбалдиев: Олимпиадаға баруға төрешілер кедергі болды...

friends.kz

– Ға­лам­тор сіз туралы мәлі­метке сараң екен. Тағы бір таң­ға­лар­лығы, сізді бірде қызыл­жарлық десе, бірде Қызыл­орданың тумасы деп жазады.

– Анығында Солтүстік Қа­зақ­стан облысы, Полудинск ауданы, Гаврино ауылында дүниеге келгенмін. Әкем Қуанбай әскери адам еді. Анам Зағипамен бір­ге сол кезде Петропавлда жұ­мыс істеген. Үш жасымда Қызыл­ордаға қайта көштік.

– Қазір қайда жүрсіз?

– Спорттық карьерамды тә­мамдағаннан кейін бапкер боламын деп ойлағанмын. Кейіннен айлығы шайлығынан артылмай­тын жұмысқа бет бұрғым келмеді. 15 жылдай велосипедтен түспеген соң, шар­шайды екенсің. Сондықтан биз­неске кеттім. Алғашында Қыр­ғызстаннан 1 рубльден сатып алған ыдыс жууға арналған сұ­йықтықты Алматыда 10 рубльге дейін өткізіп жүрдім. Кейіннен Польшадан, Түркиядан көліктер тасыдым. Осылайша, кішігірім бизнесімді дөңгелеттім. Бірақ өзіңнің сүйікті спортыңнан алыстап кету қиын екен. 2015 жылдың қараша айынан бастап Қазақстан велоспорт федерациясы президентінің кеңесшісі қызметін атқарып жүрмін.

– Жалпы, велотрекке қалай келдіңіз?

– Бәрі аяқ астынан болды. Аулада ойнап жүргенімізде Тал­ғат деген көрші үйдің баласы жаңа велосипед мініп келді. Бар­лығымыз оны қоршап, қызыға да, қызғана қарап, қайдан алғанын сұрастыра бастадық. Ол велосипед үйірмесіне қатысатынын, егер үйірмеге жазылсақ, бізге де велосипед беретінін айтты. Ондай мүмкіндікті кім жі­бер­сін? Ертеңіне бес бала сол жерде тұрдық қой (күліп). Міне, 14 жасымда велосипедпен осы­лай тыңғылықты дайындала бастадым. Оның үстіне, отба­сым­ыздың материалдық жағдайы төмендеу еді. Ал велос­портта ешқандай шығын шығар­майсың. Ұнаса да, ұнамаса да мемлекет берген жейделер мен аяқкиімдерді киетін едік. Кейін ғой, халықаралық жарыстарға шыға бастағаннан соң, шетел киімдерін кие бастағанымыз...

– Қайда жаттықтыңыздар?

– Қаланың өзінде. Ал кәдім­гідей айналма трек Қызыл­орда түгілі Қазақстанда 1980 жыл­ға дейін болмаған. Мәскеу Олим­пиа­дасынан кейін Алматыда ағаш­тан велотрек салынды. Мен сол төбесі ашық тректі 1982 жы­лы Қызылорда облысы құра­масымен барғанда бір-ақ көрдім. Салынғанына бір-екі жыл болса да, жаңбыр мен қардың астында қалған трек ағаштарының сапасы нашар-тұғын. Соған қарамастан тректе облыстың намысын қорғап, командалық есепте екінші орын алдық. Уақыт өте келе велотрек бетондалып, сол кезде тамаша жолдардың біріне айналды.

– Айтпақшы, алғашқы бап­керіңіз кім еді?

– Николай Иванович Ло­па­тин. Өте керемет кісі.

– Әңгімемізді әлем чем­пио­натының арнасына бұрмай тұрып, оған дейінгі уақытқа көз жүгіртсек. Жалпы, КСРО құрамасына қалай қабыл­дан­дыңыз?

– 1985 жылы Латвияда өткен КСРО чемпионатында топтық жарыста жеңімпаз болып, құрама сапына қабылдандым. Сол жылдың қараша айында Литва спортшысымен бірге алғаш рет шетелге шыққаным есімде. Анау-мынау емес, Франция астана­сы Париж қаласына. Кейіннен шетелге жиі шығатын болдық қой.

– Шетелге көбіне Одақтағы басты қарсыласыңыз Марат Ганеевпен бірге бардыңыз ғой?

– Солай десем де болады. 1985-1989 жылдары КСРО чем­пионатының алтынын мен үш рет, ол екі рет жеңіп алды. Аттасыммен АҚШ-тың Коло­радо штатында өткен әлем чемпионатында өнер көрсеттім. Мен құраманың бірінші, ал ол екінші нөмірлі велошабандозы. Содан бапкерлер 150 айналымнан тұратын (50 шақырым) командалық жарыста 75 айналымнан кейін қайсымыздың ұпайымыз көп болады, екіншісі соған жұмыс істеуі керек деп шешті. 75 айналымнан кейін менің ұпайым көп болды. Содан ол маған көмектесе бастады. Әйт­кенмен, бірінші нөмірлі болу үшін көп күш жұмсап қойғаннан кейін бе, екеуміз де әрі қарай жарытып өнер көрсете алмадық. Қорытындысында әлем чемпионатын төртінші орынмен аяқтадым.

– Ал келесі жылы жағдай қандай болды?

– 1987 жылы Ганеев КСРО чемпионы болды, мен күмісті місе тұттым. Колорадодағы жағдайдан кейін бапкерлер басқа тактика құрды. Ганеев Одақ жеңімпазы болғаннан соң, бұл жолы мен оған жарыстың басынан аяғына дейін көмектесетін болдым. Бірақ Ганеев әлем чемпионы бола қалса, берілген сыйақылардың барлығы теңдей екіге бөлінеді деп шешілді және КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері атағы екеумізге де берілу керек. Сонымен, Аустрияда өт­кен әлем чемпионатында мен Марат Ганеевке көмек көрсе­тіп, ол КСРО-дан шыққан тұң­ғыш әлем чемпионы атанды. Жүл­деміз 1,5 мың АҚШ доллары теңдей бөлінді. Ал атаққа келгенде басшылар сөзінде тұрмай, Марат Ганеевке ғана КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері атағы берілді...

– Солақай саясат сізді де айналып өтпепті ғой...

– Барлық кезде де спорт функ­ционерлері «ұлы халық» өкіл­дерін халықаралық аре­наға шығаруға мүдделі болатын. Бізге шетелге шығу үшін қарсы­лас­тарымыздан екі есе мықты болуымыз керек еді. Тіпті кейбір кезде қарсыласыңнан әлде­қайда алда тұрсаң да, халық­аралық жарыстарға алып бармайтын. Оның үстіне, КСРО бірін­шілігіне 15 республиканың чемпиондары қатысады. Сенесіз бе, маған әлем чемпионатынан гөрі, КСРО біріншілігін жеңіп алу қиынға соғушы еді.

– Сеул Олимпиадасынан не үшін тыс қалдыңыз?

– Әр республикадан Олим­пиадаға тек бір ғана спортшы бару керек-тін. Сондықтан КСРО чемпионатында бәсекелестік өте күшті болды. Одақтас 15 елден жиналған 90 велошабандозды 3 топқа бөліп, әр топтан финалға 8 спортшы шығу керек. Барлығы – 24. Содан бірінші топтан Ганеев ойламаған жерден 9-орын алып қалды. Бапкерлер де, төрешілер де әбден састы. Себебі әр топтан үздік 8 спортшы финалға жолдама алады. Ал екінші топтан мен финалға шықтым. Сонымен не керек, төрешілер ақылдасуға кет­ті. Ұзақ әңгімелесудің нәтижесінде, бірінші топтан 8-орын алған велосипедші аяқ асты­нан жарақатына байланыс­ты жа­рысты жалғастырудан бас тарт­ты. Бас тартқан жігіт Куй­бы­шевтен еді, яғни Ганеевтің жерлесі...

– Сонымен, әрі қарай не болды?

– Не болушы еді, жартылай финалда көп күш жұмсап қойған мен жүлдегер болдым, ал Ганеев чемпион атанды. Нәтижесінде, ол Сеул Олимпиадасына қаты­сып, қола медальді мойынға тақ­­ты. Осылайша төрешілердің әділет­сіздігінен Олимпиадаға ба­ра ал­мадым. Әйтпегенде, менің Олим­пиада чемпионы атануға то­лық мүмкіндігім жетер еді...

– Бірақ мықты екеніңізді келесі әлем чемпионатында дәлелдедіңіз емес пе?

– Әлем чемпионынан Олим­пиаданың қола жүлдегері болу артық қой. Сол жылы бапкерлерге де, басшыларға да өкпем қара қазандай еді. 1989 жылы КСРО чемпионы ретінде әлем чемпионатына жерлесіміз алматылық Вадим Кравченкомен бірге бардым. Францияның Лион қаласы маңындағы Шембериде өткен байрақты бәсекеге 60 спортшы қатысты. Екі топқа бөлініп, әр топтан үздік 12 шабандоз финалға жолдама алды. Финалдық сынға Вадим екеуміз де қатыстық. Жеңіске жетуіме Вадим көп көмек көрсетті. Сол үшін оған мың алғыс айтамын. Нәтижесінде, әлем чемпионы атандым.

– Елге келгеннен кейін Қызылордадан да, Алматыдан да пәтер берілді ме?

– Қызылордадағы 3 бөлмелі пәтер маған КСРО жеңімпазы атанған кезде берілген. Қазір айтсам күлкілі ғой, ал сол кезде әлем чемпионы ретінде маған 1,5 мың АҚШ доллары берілді. Ол ақшаны Вадим екеуміз бөліп ал­дық. Сол уақытта Алматыдан жақ­сы пәтерді 3 мың долларға сатып алуға болатын. Көп кешік­пей 1 бөлмелі пәтер берді. Өз ба­ғасына 16 мың рубльге «Волга» көлігін сатып алдым.

– Барселона Олим­пиа­да­сына қатысуға мүмкіндік болмады ма?

– Шыны керек, шаршадым. Қазақстан өз тәуелсіздігін алатынын білгенде, кішкене үзіліс алып, қайта трекке келуіме болатын ба еді?! Себебі мен спортпен 1991 жылы қоштастым ғой. Бірақ бизнесім алға жылжығаннан кейін спортқа қайта оралғым келмеді.

– Веложарыстарды қарап жүретін шығарсыз?

– Әрине, «Тур де Франс», «Джи­ро д Италия», «Вуэлта» көп­­күн­дігінде «Астана» жігіт­тері­нің жеңістеріне қуанып оты­ра­мын. Қазақстанда болып жат­қан турнирлерге қонақ ретінде үнемі шақырып тұрады.

– Спорт сізге не берді?

– Жақсылық пен абыройға бөледі. Көп достар таптым. Спорт алдыма мақсат қоя білу­ді үй­ретті. Материалдық жағдайым­ды түзетті. Әлем чемпионы бол­ғаным үшін мемлекет қаржылай демеу көрсетіп келеді.

– Сіздердің кездеріңізде трек пен қазіргі тректің айыр­машылығы бар ма?

– Біздің кезімізде велосипед 10 килодан жоғары болатын. Доң­ғалақтары темірден жасала­тын. Ал қазір велосипедтің сал­мағы бар-жоғы 6-7 килодан аспайды. Доңғалақтары пластмасса. Доңғалақтағы резіңкенің күші мәшиненікінен 10 есе жо­ғары. Сапасына сәйкес бұл вело­си­педтердің бағасы да қым­бат. Қазақстан құрамасы велоси­педтерінің құны шамамен 10-12 мың еуро тұрса, жапондар мініп жүрген велосипедтер 25-30 мың еуроға дейін барады. Сондықтан қазір спортшылар көп шаршамайды әрі оларда жылдамдық күшейді.

– Нені армандайсыз?

– Менің арманым велотректен алаштың бір оғланы әлемді, Олимпиаданы бағындырса деймін. Қазір міне, менің әлем чемпионы болғаныма отыз жыл­ға жуықтапты. Әлі күнге дейін қазақ жігіті әлемде олжа сала алмай келеді. Мені осы мәселе  көбірек алаңдатады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Алмас МАНАП,

«Егемен Қазақстан»