20 Ақпан, 2018

Тобасыз тойымсыздарға тоқтам бар ма?

503 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазаққа адал қызмет етуді парыз да қарыз санаған ұлт көсемі Әли­хан Бөкейханов: «Алаштың баласы, бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгі­ні өзінде бөлек мемлекет болар» деп­ті. 

Тобасыз тойымсыздарға тоқтам бар ма?

Алаш арысы уақыттан біраз алшақ­тағанмен, ұлтының азаттығын ала­тынын тап басып, көрегендікпен айт­қан. Бұл азаттыққа қазақ қанша қасі­ретті бастан өткеріп, 300-ден аса кө­тер­і­лістерде қызыл жоса қан болып жеткені мәлім. Соның соңғысы, куә­герлері көп 1986 жылғы зор зобалаң дер едік.

Иә, бәрі де артта қалды. Елдігіміз­ді алдық, еңсемізді тіктедік. Ата-баба арманы, миллиондаған үлкен-кішінің ақ тілегі қабыл болды. Үстемдіктің үскірігі жойылды. «Үй артында кісі бар, байқап сөйлейік», деген секемшілдік келмеске кетті. Соның бәрінің орнын: ел болу, кеткен есені, рухани жағы­нан ұтылған тұсты түгендеу, байтақ даланың бар байлығын жұрттың тір­лік тынысын кеңейтуге, тұрмысын оңалтуға, бір атаның баласындай күн кешуге жұмылдыру жұмысы басты.

Жұмылып жұдырық, бірігіп білек болу ісінің ұйытқысы да, ұйымдас­тырушысы да «Нені де болса, елмен бірге көремін, ел мен бірге төзе­мін, елмен бірге жеңемін», деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болды. Енді «Өзімізге өкпелемесек өзге­ге өкпелер бет жоқ», деп ұлы Ахаң (Байтұрсынұлы) айтпақшы, бәрі мемлекет негізін құрайтын қазаққа жүктел­ді. Тәубе, ширек ғасырдан аса уақыт ішінде Отанымызды әлем таныды. Жалтақтамайтын болдық, жалпақ жұрт санасатын дәрежедеміз. Дегенмен, тәуелсіздіктің киесін елдің иесі саналатын кейбіреулеріміз әлі түсіне бермейтіндейміз. Ақиқатына келсек, шырмалған сананың шыңырау түбінен шығып, түлеген қырандай болып түрленуі азаттықтың арқасы. Алаш ұлдары сол азаттық үшін жанымыз пида деп еді. Біздің талайымыз зор екен, азат­тықтың жемісін жеп отырмыз. Несін жасыра­мыз, бәріміз бірдей Алаш арыстарын­дай адал қызмет ете алмай жүрміз. Кейде ұлт үшін дегенді өзім үшін дегенмен шатастырып ала береміз. Содан ба қолына билік тиген, қаржының тұтқасын ұстаған кейбір азаматтар жемқорлықтың жегі құртына «жем» болып, балақтан өрлеп, желкеге шығып бара жатқан секілді.

Шынында, тобасыз тойымсыздар ел дәулетін, жер байлығын аяусыз тонау­дан тартынар емес. Мұндай келеңсіз жайттардың көптеген мысалдарын ақпарат құралдарынан күнделікті естіп, көріп жүрміз. Бұл не, рухсыздық па, әлде дүниеқоңыздық, болмас артық та болса айтайық – сатқындық па?! Дүниеге құл болу ұлтты, елді ұмыттыратынын осыдан көруге болады. Қытай ойшылы Лао Цзының: «Адам ұрыға айналмауы үшін құнды, бағалы заттарға назар аудармауы, көңіл бөлмеуі керек. Жүрегіңізді жаулаған, жаныңызды жегідей жеген затқа қызығушылық азайғанда адаспайсыз...», деген сөзі осы арада ойға оралып отыр. Сыбайлас жемқорлықтың бір «сыры», яғни қара бастың қарекетінде жатқан жоқ па екен? Тіпті «Адал деген қазанның ішінен доңыздың басы шықтының» кері келіп, ісі бүтін, сөзі түзу дегендер де қармаққа түскенде, аңтарылмай қалған былайғы қазақ кемде кем шығар-ау?! Өз жұртына қасқырдай шапқан қара көздеріміз азаттық деген Алаш арыстарын білмейтін болғаны ма? Алаштықтар тәуелсіздік ұранын көтергенде «Біз қазақ халқы деп тудық, сол халық деп дүниеден өтерміз!» (Әлімхан Ермеков) деп еді ғой. Ал біз сол тәу етер тәуелсіздіктің қасиетін ұқпай, оның айна бетіне дақ түсіретінді шығардық.

Қазір қай саланы да терең тексерсе, бір шикілік сопаң етіп шыға келеді. Оның зардабын халық көріп отыр. Бұл тұрғыдан келгенде сол халық тойымсыздардан көш ілгері тұр, елдің амандығын, тыныштығын көбінде солар ойлайды. Жегі құрт ойы мен сұлбасын меңдеткендерге елден гөрі қара басы, отбасы, төңірегі қымбат. Тәуелсіз Отанымыздың абыройына нұқсан келтіретінін мұндай жөнсіздікті енді бетімен жібермей, жұрт болып жұмылып Елбасы талабына сай қимыл қарекет көрсету сын болып тұрғаны шындық. Елбасы құқық қорғау жүйесіне қадрлық өзгерістер жасап, азат елдің айбынына шаң түсіргендерге шара жеңіл болмайтынын жеткізді. Тәуелсіз елдің қазынасына қол сұққандарды, ұлт дәулетін шашып төккендерді, сырт елдерге тасып, сол жақтың өркенін «өсіруге» ниеттенгендерді дер кезінде құқық қорғаушылармен бірлесе отырып, бүкіл халық болып тосқауыл қоймасақ, ертең олар асқынып, айылын жиюдан қалуы мүмкін. Жемқор деп жүргендеріміздің бәрі де осал адамдар емес, оқығандар, ақыл айласы барлар. Ендеше оларға «Қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп пайдамызды тигіземіз... ілгері басқанда мүйізге ұрған сиырдай шыр айналып жұрағаттың обалына, Алаштың баласы, қалып жүрме!» (Әлихан Бөкейханов) десек, жегі құрттан жеріп, тойымсыздықтан аяғын тартар деген үміттеміз.

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»