Көп жылдар бойы Ұлы Отан соғысының тарихы бойынша, қазақ ұшқышы Николай Гастеллоның ерлігін қайталады деген тұжырым үстемдік құрып келді. Ал соңғы жылдарда анықталған бұлтартпас деректер қазақ қаһарманы Нұркен Әбдіровке дейін мұндай ерлік жасалмағанын айғақтады. Тіпті Гастеллоның экипажы ерлік жасады деген жерден капитан А.Масловтың экипажының мүрделері табылып, Николай Гастеллоның экипажы жау колоннасының үстінен «отты таран» жасамаған болып шықты. Ендеше екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы бұл бұлыңғыр оқиғаны тарихшылар еншісіне қалдырып, осыдан 75 жыл бұрын қаһармандық қайсарлықтың қайталанбас үлгісін көрсеткен қандасымыз Нұркен Әбдіровтің көзсіз ерлігін Ұлы Даланың ұландарына ұлағат ету парыз.
Нұркеннің 1942 жылғы 19 желтоқсанда жасаған соңғы көзсіз ерлігінің тірі куәгерлері бар. Олар өздерінің өшпес естеліктерінде бұл батырлық оқиғаны деректі құжаттармен хатқа түсіріп, тасқа басып, хаттап кеткен. Соның бірі жауынгерлік тапсырмаға Нұркен Әбдіровтің экипажымен бірге шығып, қанаттаса ұшып, жау әскерін бомбалаған Алексей Писанконың экипажы болатын. Осы бір қайталанбас қаһармандықты соғыстан кейін Алексей Писанко былай еске алған екен. «Нұркеннің ұшағына оқ тиіп лапылдап жана бастағанда қанаттас досы Леша Писанко ұрыстан шығуын сұрап айғай салады. «...Нұркен Әбдіровтің оқ тиген ұшағы лапылдап жаңа бастады. Леша Писанко радиоэфир арқылы: «Ұрыстан шық, мен сені қорғаймын, өзіміздің шепке қарай бұрыл!» деп жанталаса айғайлады. Әбдіров өзінің отқа оранған ұшағын жанар-жағармай таситын машиналардың жанына шоғырланған неміс танкілеріне қарай бұрды. Жалындаған алты тонналық ұшақ жанар-жағармай құйылған цистернаға соғылды. Жойқын жарылыстан жер сілкінді. Кейіннен белгілі болғандай, Нұркен Әбдіров пен оның атқышы Александр Комисаров қыршын өмірлерін қиып, жаудың 6 танкісін, 2 зеңбірегін, ондаған солдаттары мен офицерлерін жойды. Фашистердің танк колоннасына қарсы «отты таран» жасап бара жатқан Нұркеннің соңғы сөздері менің есімде мәңгі сақталып қалды: «Қош бол, Леша! Қарағандыға хат жаз!.. Ал жауыздар, сақтаныңдар!» (Э.Аубакиров).
Осы ретте ажал апанының алдындағы ақырғы сөзінде туған топырағына жалынды сәлем жолдаған ержүрек оғланның соғысқа дейінгі қысқа ғұмырына көз жүгіртсек. 1938 жылдың қарашасында Қарағанды облысы прокуратурасының аға хатшысы Н.Әбдіров «запастағы пилот» атағын алу үшін сынақ комиссиясына туған жерінен анықтама болмауына байланысты енгізілмей қалады. Соның салдарынан 14 қараша күні облыс прокуроры Алдияровқа жазбаша шағымданады: «Мен облыстық прокурордың атынан Еңбек (бұрынғы №5) ауылдық кеңесінің төрағасына (көшірмесі «Совет» колхозының төрағасына) әлеуметтік жағдайымды және әлеуметтік шығу тегімді көрсететін анықтама жазып жіберуді сұраған хат жібердім. Өкінішке орай, күні бүгінге дейін жауап ала алмай отырмын. Ауылдық кеңестің және колхоздың төрағаларына ықпал етуіңізді сұраймын. Бұл анықтама ұшқыш ретінде емтихан тапсыру үшін ҚХК комиссиясына өткізу үшін қажет». Бұл, ауылдас ағайынның «шабандығына» жазылған шағым емес, болашақ батырдың алға қойған мақсатының орындалмай қалуынан қауіптеніп, шарасыздықтан жазылған хаты сияқты.
Ал сондағы, Еңбек ауылнайының кешеуілдетіп жолдаған анықтамасы төмендегідей екен: «Бұл анықтама Қарқаралы ауданы, Еңбек ауылдық кеңесінің азаматы Әбдір Жакеевке берілді. Ол әлеуметтік тегі бойынша жалшы, 10 жыл бойы Жабақ байдың жалшысы болған. Сотталмаған. 1. Әбдір 56 жаста, 2. Әйелі Бағжан 42 жаста, 3. Ұлы Нұркен 18 жаста. Еңбек ауылдық кеңесінің төрағасы, Елеусізов...» Нұркенге (жалпы сол заманда) бұл құжаттың өзінен бұрын, ішіндегі «по соц.происхождению является батраком» деген «дәлелі» қажет еді. Осыдан соң Нұркен «запастағы пилот» қатарына қабылданған. Бұл аспанға құлаш ұрған қыран Нұркеннің қайратты қадамының басы болатын.
«Шорманбай би Жарас-Оспан молданы ауылына арнайы көшіріп әкеліп балаларды оқытқан. Нұркеннің жас болғанымен Оспан молдадан дәріс алуға деген құштарлығы ересен болды. Сол кезде әптиекті оқып, жазу-сызуды шалалау болса да меңгеріп қалған еді», деп еске алады Нұркеннің ауылдасы Ахметбек Әрінов.
Бала Нұркеннің, молдадан алғашқы хат тануына жол ашқан Шорманбай би кім? Оқырманға түсінікті болуы үшін әңгімені әріден – А.Әріновтің естелігінен бастайық. Ол үшін әуелі қазақтың энциклопедиясы – ру шежіресіне жүгінелік. Аталған тарихи кітаптың 169-177 беттерінде «Батыр Нұркен Әбдіровтің ата-тегі, өскен ортасы» атты мақала орын алған. Мақалада Нұркеннің ру-шежіресі төмендегідей баяндалады (сөзбе-сөз): Қаракесек шежіресіндегідей Болатқожадан Түйте, одан Майқы, Майқыдан Әлтеке, Сарым, Сарымнан Өтеміс, Тоқсан өрбіген. Өтемістің алтыншы ұрпағы Жайлы деген кісі екен. Жайлының туып-өскен мекені Ақтоғай ауданындағы Жәміш өзенінің сағасы. Жайлының алған әйелі Бөргөз руынан (Бөргөздің ұрпақтары қазіргі Нұркен, Аппаз елді мекендерінде тұрады. Авт.) Сегіздің бірі – Дуалының Мөжік деген кісінің Қарқас дейтін қызы. Сол Жайлыдан бес ұл: Әбдір, Әбдікеш, Нұрлыбек, Қарсыбек, Жасыбек өрбиді. Аралары бір-бір жасар үйелмелі-сүйелмелі бес баланың әкесі Жайлы қайтыс болып, үрпе-шүрпе жетімдердің күн көрісі өте қиын халде қалады.
Шорманбай «Шоқпартас» деген күзегіне жайлаудан ертерек келіп, арасы тақау қыстағына жиі қатынасып, жылы үйдің жанындағы шошаласының төбесін жауып, күрделі жөндеуден өткізіп, Әбдірге үй етіп салып береді. Сол қамқорлықтың арқасында ағайынды Әбдір мен Әбдікеш сенімді Шорманбай бидің отбасымен араласып, бір туысындай балалы-шағалы болған. Үлкен ұлы Сәрсеннен кейін 1917 жылы Сәдірбек, 1919 жылы Нұркен дүниеге келіп, басқа да бала-шағасымен молшылыққа кенеледі. Шорманбай би өз алдына үй болып отырсын деген оймен Әбдірге Жарас Айнабай дегеннің қызы Бағымды, Әбдірдің інісі Әбдікешке өзінің немере туысы Нұрмағамбеттің Кәкіш деген қызын қосып, басына үй тігіп беріп, отау етіп шығарады (Әбдікештің ұрпақтары бұл күндері Нұркен ауылында тұрады. Авт.).
А.Әрінов Нұркеннің отбасына қатысты 1928-ші зұлмат жылдарды былайша еске алады: «...Ауылдық кеңеске хат танымайтын, елге бір ауыз ақыл айтуға жарамайтын, «ауызынан сөзі, қойнынан бөзі түскен» надан ...ов дегенді жіберіп, ел жағдайын тіпті асқындырды. Кісі түңілер сұмдықты ауызбен айтып жеткізіп, қағазға түсіру мүмкін емес. Елге сүйеу болып отырған Шорманбай бидің баласы Қасенді құлаққа тартқанда ара түскен Әбдірге «бидің құйыршығы» деп қамшы үйіретін болды. Сонымен шалқып отырған 60 үй атанатын 124 отбасындағы 527 адамнан 1933 жылдың жазында 37 отбасы 110 адам ғана қалған...»
Ахметбектің айтуынша, Шорманбайдың баласы Қасен болжамды кісі болған. Туып-өскен жерінің өздеріне тұрақ болмайтынын аңғарған Қасен, досы Әбдірмен ақылдасып шөп қорын үзбей, мөлшерден артығын жан баспайтын, асылы белсенділердің көзі жетпейтін «Керегетастың» шатқал-сайына апарып үйіп қойған. Соңынан, екеуі бала-шағасын алып бір түнде Қарағандыға көшіп кеткен.
Осы кезден бастап Нұркеннің жаңа қалалық өмірі басталады. Нұркеннің өз қолымен жазылған «личный листок по учету кадров» құжатында 1919 жылы Қарқаралы ауданы, №5 ауылда туғаны, 1930-35 жылдары аралығында Қарағанды қаласында №1 мектепте оқып, толық емес орта – 6 сыныптық білім алғаны, 1935-37 жылдары Қарағанды қаласында Горный техникумда оқығаны, 1938-39 жылдары Қарағанды қаласында аэроклубта сырттай оқып «запастағы пилот» мамандығын алғаны, 1936 жылдан кәсіподақ мүшесі, 1937 жылдың 19 қазанында Қарағанды қаласы «Инфекционная больница при горздраве» – мед.статистик, №1 шахтада –кітапхана меңгерушісі, облпрокуратурада – іс басқарушы қызметтерін атқарғаны, Қарағанды қаласы, Аманкелді көшесі №18 үйде тұратыны жазылған (ҚОММ.қор-1314). Құжаттарға қарап Нұркеннің орысшаны өте жетік меңгергенін, жазуының мейлінше әдемі болғанын байқауға болады.
Нұркенді прокуратура саласының халық тергеушісіне (народный следователь) тағайындау туралы облыс прокуроры Ахмет Тапеновтің берген мінездемесінде: «тов.Абдиров с работой вполне справлялся по линии администрации взыскании не имел...» деп жазылған екен. Үлгілі мінездеме алған Нұркен халық тергеушісі қызметіне жоғарылатылған.
Сталин аудандық әскери комиссары Тарасовтың облыс прокурорына жазған 1939 жылдың 4 тамызындағы № 02 хатында: «Допризывник тов. АБДИРОВ НУРКЕН зачислен в военное училище с 5-го августа с/г подлежит отправке. Поэтому произвести полный расчет с выплатой 2-х недельного выходного пособия...» делінген.
Осыдан соң Нұркеннің әскери өмірі басталады. Ол осоавиахим-де (азаматтардың «өз еркімен» соғысқа дейінгі жеделдетілген, қысқа мерзімді дайындалу курстары, кейін – ДОСААФ) алған «запастағы пилот» мамандығын әскер қатарына шақырылған соң да жалғастырып, 1941 жылы К.Ворошилов атындағы Чкалов әскери-авиациялық ұшқыштар мектебін тәмамдап, сержант шенін алады. Аталмыш оқу орны 1940 жылға дейін офицер кадрларын даярлайтын болған. Офицерді қамту қымбат болғандықтан болу керек, мектепті сержанттар даярлайтын етіп, төмендетіп қайта жабдықтаған.
Жалпы, Нұркеннің соғыс тарихы өз өміріндей өте қысқа – ол 1942 жылы 28 қазанда небары 23 жасында соғысқа еніп, сол жылдың 19 желтоқсанында ерлікпен қаза тапқан. Нұркен Әбдіров ерлік жасаған – 1942 жылдың 19 желтоқсанының ертеңіне, яғни, 20 желтоқсан күні 808-ші шабуылдаушы авиаполк командирі, капитан Красночубенко «Наградной лист» толтырып, Н. Әбдіровке Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы жоғары басшылыққа жолдайды. Онда (сөзбе-сөз): «Жау шебіне қарсы 16 рет ұшу барысында Әбдіров: Жаудың 12 танкісін, жүк және солдаттар тиелген 28 автокөлігін, 13 қару-жарақ тиелген арбасын, 1 цистерна, 3 дзотын, 3 зеңбірегін және 50-ге жуық солдаттары мен офицерлерін жойды. 19.12.42 жылғы, өзінің соңғы шабуылы кезінде 6 танк, 2 зеңбірек және 20 жау солдаты мен офицерінің көзін жойды. Отқа оранған ұшағымен фашистердің танк колоннасына соғылды. Әбдіровтің неміс басқыншыларына қарсы көрсеткен көзсіз ерлігі мен қаһармандығы Кеңес Одағының Батыры атағына лайық, қаза тапқаннан кейін», деп жазылған.
Командирдің ұсынысын Оңтүстік-батыс фронты әскери кеңесінің мүшелері тегіс қолдайды. Аталған тарихи құжатта (сөзбе-сөз): «31.03.43 жылғы жарлық бойынша Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» медалі қоса тапсырылды», деп көрсетілген.
Кеңес тарихында «Нұркен Гастеллоның ерлігін қайталады» деп жазылып келді. Жоқ, Арқа кіндігі – Қарқаралы топырағында, Жиренсақалдың етегінде туған қазақ қыраны өзгенің әрекетіне еліктемеді, ол даралығынан, өз алдына дербес және қайталанбас ерлік жасады! Иә, ерлікпен қаза болғанына 75 жыл толған Нұркеннің ерлігі, батырлығына берілген марапаттары жайлы көптеп жазылып келеді, түсірілген киножурналдар мен тұрғызылған ескерткіштер де жетерлік.
Қазақ қыраны – Нұркен Әбдіров ескерткіші қазақтың ен даласының қай бөктерінде тұрса да жарасымды, шүйілген қырандай тұлғасы, жүрегі қазақпын деп соғатын әр қазақ ұлына рух беріп тұрғандай. Күндей күркіреп өткен соғыстың заты – жойқын, аты – әлемдік. Демек, ол әлемде бейбітшіліктің орнауына үлес қосқан батыр.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Манарбек КӘРІМ,
Қарқаралы ауданы мемлекеттік архивінің басшысы