Аймақтар • 20 Ақпан, 2018

Ақтөбе облысы әкімінің аппарат жетекшісі тағайындалды

553 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбеде облыс әкімінің аппарат жетекшісі қызметіне Нұржауған Қалауов тағайындалды. Ол бұған дейін Мәртөк ауданының әкімі қызметін атқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Ақтөбе облысы әкімінің аппарат жетекшісі тағайындалды

Ақтөбе облысы әкімінің аппарат жетекшісі қызметін атқарған Алтынбек Әмірғалиев 30 қаңтар күні облыстық кәсіподақ төрағасы болып тағайындалған еді. Арада 20 күн өткенде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өкімімен, Президент әкімшілігінің келісімімен жаңа лауазымдық қызметке Нұржауған Қалауов тағайындалды.

Жаңа басшы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тарих пәнінің мұғалімі, Орта Азиялық университетін экономист мамандықтары бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1993 жылы Темір ауданының Тасқопа ауылына қарасты Теректі совхозының жұмысшысы болып бастаған.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол 1998-2004 жылдары Темір ауданының Алтықарасу ауылындағы Алтықарасу орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі, Темір аудандық білім беру бөлімінің әдіскері, Темір ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік сала және мәдени даму бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. Ал 2004-2006 жылдары Темір ауданы әкімінің көмекшісі, кейін Темір ауданы әкімі аппаратының жалпы бөлімінің басшысы болып еңбек етті. Сонымен қатар,Темір аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, Шұбарқұдық кенті округінің әкімі, Темір ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2015 жылдың ақпан айынан бүгінгі күнге дейін Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының әкімі болып қызмет етті.