Қазақстан • 20 Ақпан, 2018

Әсет Исекешев тегін дәрілерді жеткізуге қатысты жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды

208 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана әкімі тегін медициналық дәрі-дәрмектерді жеткізуге қатысты жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды

Әсет Исекешев тегін дәрілерді жеткізуге қатысты жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды

Мұндай тапсырманы аппараттық кеңесте елорда әкімі Әсет Исекешев берді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыровтың айтуынша, дәрі-дәрмекке қатысты жағдайды басқарма үнемі өз бақылауында ұстайды. Алайда бірыңғай дистрибьютер – «СК-Фармация» ЖШС тарапынан дәрі-дәрмектерді жеткізу бойынша кідірістер орын алып, бүгін емханалардың дәріханаларында бірқатар препарат жоқ.

Тегін дәрі-дәрмектерді берудің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ, дәрілік препараттармен, медициналық өнімдермен қамту жағдайын үнемі мониторингтен өткізу мақсатында қаланың барлық емханаларында ақпараттық жүйе орнатылып жатыр. 

Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында өткен жылы қала бойынша амбулаторлық деңгейде тегін дәрілік препараттармен 100 мыңнан астам адам қамтылды. Биыл тегін дәрі-дәрмекпен 120 мыңға тарта адам қамтылады деп жоспарлануда. 

Сонымен қатар, дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін арттыру мақсатында денсаулық сақтау басқармасында дәрілік заттар мен медициналық өнімдерді қала емханаларындағы дәріханаларда тапсыру жөніндегі шешім шығарылған болатын. 

Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі тегін медициналық дәрілерді жеткізуге қатысты кідірістер «СК – Фармация» ЖШС кесірінен орын алып жатқандығын айтты. Алайда әкімшілік тарапынан тиісті бақылау жұмыстары мен мониторингтер жүргізілуі керек болатын. Осыған орай, Әсет Исекешев әкімнің орынбасары Ермек Аманшаев пен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыровқа ескерту жасады. Сондай-ақ, ол аталмыш мәселеге қатысты жағдайды үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.