Өткен аптада ресми Анкара Қазақстан мен Түркия іскер әйелдерінің ірі саммитінің қайнаған орталығына айналды. Анкара – Кіші Азияның біздің заманымызға дейінгі VII ғасырда бой көтерген, грек тілінде А́нгира немесе А́нкира (Ἄγκυρα, «зәкір») деп аталған көне қаласының бірі. Шаһар сауда жолдары тоғысында орналасып, Еуропа мен Азияны жалғап жатқандықтан осындай атау иеленген. 1923 жылғы 13 қазанда Анкара астана болып жарияланды. Онда қазір 5 млн-ға жуық адам өмір сүріп жатыр.
Түркия қазіргі заман көшбасшыларының бірі екені мәлім. Ол 1961 жылдың өзінде әлемнің қуатты елдерінің ірі ұйымы – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының құрамына кірді. Оның бай тарихы, бірегей мәдениеті, интеллектуалдық және экономикалық әлеуеті, дәстүрлі қоғамның сәтімен заманауи постиндустриялы мемлекетке айналуы мамандар мен жұртшылықтың зор қызығушылығын тудырады. Түркия – Қазақстан тәуелсіздігін әлемде алғаш таныған ел. Сол сәттен бері 25 жылдан астам уақыт бойы бауырлас мемлекеттеріміз арасында шын мәнінде достық қарым-қатынас қалыптасты.
Қазақстандық делегация аталған екі елдің Іскер әйелдер бизнес-форумына қатысты. Оның құрамына Қазақстанның Іскер әйелдер кеңесінің, жергілікті атқару органдарының өкілдері, республиканың барлық өңіріндегі шағын және орта бизнес жетекшілері – шамамен 50 шақты іскер әйел енді.
Форумды Түркия сауда палатасы және тауар биржалары одағы (ТОВВ) және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) ұйымдастырды.
Форумға Түрік Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Хакан Чавушоглу, Түркияның Іскер әйелдер кеңесі төрайымының орынбасары Рухсар Пекджан, Қазақстанның Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова, екі мемлекеттің меморгандары мен кәсіпкер әйелдер қоғамдастығы өкілдері қатысты. Барлық қатысушылар саны 180 кәсіпкер әйелден асты.
Іскер әйелдер кеңесі 2015 жылы Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан бизнестегі әйелдердің мобилизациясын күшейту мақсатымен құрылды. Бүгінде Кеңес құрамында 700-дей кәсіпкер әйел бар.
ТОВВ 1950 жылғы 8 наурызда құрылған. Ол заңды тұлға мәртебесі бар, әкімшілік, өкілді және консультативтік қызмет атқаратын кәсіби мемлекеттік ұйым болып табылады. Қазіргі кезде одақ 61 сауда палатасының, 11 өнеркәсіптік палатаның, 175 сауда-өнеркәсіп, 2 теңіз палатасының және 110 сауда биржасының басын біріктіріп отыр.
Мемлекеттік хатшы өз сөзінде ел Президентінің табысты навигацияға және Индустрия 4.0 – жаңа әлемге бейімделуге бағытталған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына назар аударды.
Биылғы Жолдау жаңғыру үдерістерінің қисынды жалғасы болып табылады және «Қазақстан-2050» Стратегиясымен, Ұлт жоспарымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен ұштасып жатыр. Онда Қазақстанның бұдан әрі қарай дамуының басымдығы бар бағыттары айқындалған. Ол үшін кәсіпорындарды цифрландыруға бағытталған жаңа әдістер сынақтан өткізілмек. Бұл ретте әйелдердің кәсіпкерлік қоғамдастығы маңызды орын алады. Мәселен, Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің 40%-ын әйелдер қамтамасыз етеді, олардың ел бизнесін дамытуға қосып отырған үлесі жыл сайын өсіп келеді.
Мемхатшы Қазақстанда әйелдердің мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясат жүргізіліп жатқанын айтты. Бүгінде әйелдердің 10,1%-ы (43 адам) саяси мемлекеттік қызметші болып табылады. Парламентте 33 адам немесе депутаттардың жалпы санының 22%-ы – әйелдер. Барлық шағын және орта бизнестің 43%-ын әйелдер басқарады, олар 31% жұмыс орнын (964 мың адамды) қамтамасыз етіп отыр. Дүниежүзілік экономикалық форумның Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексі бойынша, «әйелдердің экономикалық даму саласына қатысуы және мүмкіндіктері» көрсеткіші жөнінен Қазақстан 30-шы орын алды.
Форум аясында мынадай панельдік сессиялар өтті: «Қазақстан – инвесторлар үшін цифрландыру дәуіріндегі дамудың жаңа мүмкіндіктері» және «Қазақстан мен Түркиядағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту перспективалары». Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, өңірлердегі кәсіпкерлікті дамыту перспективалары, Қазақстанда туризмді дамыту перспективалары және т.б. тақырыптар талқылаудың басты арқауына айналды.
Біздің ел тарапынан Қазақстанның Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы хатшылығының басшысы Ләззат Рамазанова, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ-тың өңірлерді және экономикалық аймақтарды дамыту мәселелері жөніндегі басқарушы директоры Еркежан Әмірханова, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Майя Егімбаева және республиканың өзге де іскер әйелдері модераторлық етті.
Түркия тарапынан ТОВВ кәсіпкер әйелдер атқару комитетінің мүшесі Зухал Акюзлю, ТОВВ секторлар және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Озан Аджар, Сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі кеңестің директорлар кеңесінің мүшесі Берна Илтер, «Think Online» компаниясының негізін салушысы Джансу Нергиз модератор қызметін атқарды. Олар «Түркия экономикасы», «Сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі кеңестің таныстырылымы», «Электронды сауда» тәрізді тақырыптарды көпшілік талқылауына ұсынды.
Қызу пікірталастар нәтижесінде екі мемлекеттің кәсіпкер әйелдері арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы талқыланып, шағын және орта бизнесті цифрландыруға баса көңіл бөлінген перспективалы инновациялық жобалар айқындалды. Тағы бір маңызды нәтиже іскер әйелдер арасындағы байланыс аясын кеңейту жайы болды, ең бастысы уағдаластықтарға қол жеткізіліп, кәсіби қарым-қатынас орнатылды.
Форум қорытындысы бойынша түрік кәсіпкер әйелдерінің бизнес әлеміндегі рөлін арттыру мақсатымен ТОВВ жанынан құрылған Кәсіпкерлік жөніндегі әйелдер кеңесі мен ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Қол қойылған меморандумға сәйкес, тараптар сауда, өнеркәсіп, инвестициялар, технологиялар алмасу, қызмет көрсету және экономиканың өзге де секторларында кәсіпкерлікті дамыту ісіне көмек көрсету бағытындағы қызметті жүзеге асыру үшін Түркия-Қазақстан іскер әйелдері кеңесін құру туралы келісімге келді.
В2В екіжақты кездесулері қорытындысы бойынша екі ел кәсіпкерлері тәжірибе алмасып, ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде уағдаласты. Мәселен, осы жылдың сәуірінде Павлодар облысында түрік бизнесмендері шақырылатын Іскерлік кеңес форумын өткізу жоспарланып отыр.
Өз тарапынан Түркия іскер әйелдері кеңесі Маңғыстау облысындағы ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен қолөнер жөніндегі бірлескен жобаны ілгерілету үшін ынтымақтасуға ниетті. Сондай-ақ «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-пен арада туризм саласындағы өзара ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін айта кеткен жөн.
Форум аясында Қазақстаннан келген делегация ТОВВ университетінде болып, оқу орнының ректорымен кездесті. Университет әкімшілігі жалпы таныстырылым ұйымдастырып, оқу ордасы бойынша таныстыру турын дайындапты. Сонымен қатар делегаттар Технологиялар орталығында, Қызмет көрсету орталығында, «Serdar Plastik» және «Park Kent» фабрикаларында, Индустриялық аймақтың техникалық колледжінде болды.
Форум аясында Г.Әбдіқалықова Түркия Парламентінің және мемлекеттік органдарының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Түркия Парламентінің спикері Исмаил Кахраман Мемлекет басшысының биылғы Жолдауының негізгі қағидаттарымен, тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саладағы жетістіктерімен, сондай-ақ елдің кеңінен мойындалған халықаралық бастамаларымен танысты.
Мемлекеттік хатшы қазіргі кезде Қазақстан жүйелі жаңарулар кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтты. Елде экономиканың жаңа моделін қалыптастыруға, саяси реформалауға және қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған Үшінші жаңғыру жүзеге асырылуда. Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу мақсатымен инновациялық индустрияландыру жалғастырылуда. Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесіміз. Таяуда ғана Қауіпсіздік Кеңесінің тақырыптық брифингінде сөйлеген сөзінде ел Президенті Н.Назарбаев халықаралық өмірдегі саяси өзара сенім мен жүйелі диалогтың маңыздылығына баса назар аударды.
Гүлшара Әбдіқалықова биыл Қазақстанда айрықша мерейтой – Астананың 20 жылдығын атап өтетіндігін айтты. Астана – Тәуелсіздіктің символы, Президент идеясының іске асуы және барша қазақстандықтардың еңбегінің жемісі. Түрік тарапы осынау тамаша мейрамды мерекелеуге шақырылды. Кездесуде Қазақстан-Түркия өзара қарым-қатынасын одан әрі дамыту жайы талқыланды.
Мемхатшы екіжақты қарым-қатынаста биыл Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Түркияға ресми сапары маңызды белес болғалы тұрғанын айтты.
Түркия Премьер-министрінің орынбасары Хакан Чавушоглумен әңгімелесу кезінде тараптар Қазақстан-Түркия қарым-қатынасының жоғары қарқынына қанағаттанатынын білдірді. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Мәселен, 2017 жылғы қаңтар-қараша кезеңінде тауар айналымы 1,69 млрд АҚШ долларын құрады. Тараптар өзара тиімді серіктестікті бұдан әрі дамыту үшін айтарлықтай әлеует бар екенін атап өтті.
Әңгіме барысында тараптар әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға, өндірісті цифрландырудағы озық тәжірибені енгізу ісіне жүйелі қолдау көрсетуге уағдаласты. Жалпы, екі елдің әйелдер қоғамдастықтары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру перспективалары белгіленді.
Түркияның Отбасы істері және әлеуметтік саясат жөніндегі министрі Фатма Бетюль Сайын Каямен кездесуде Мемхатшы әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін іске асыру мәселесіне ден қоя отырып, әлеуметтік саясаттың өзекті жайттарын және отбасылық-демографиялық саясатты талқылады.
Ол Қазақстан Республикасында гендерлік теңдік саласында институттық негіз қалыптастырылғанын атап өтті. Елде гендерлік мәселесіне арналған 2 заң – «Тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» және «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктеріне берілетін мемлекеттік кепілдіктер туралы» заңдар қолданылады. 2016 жылдан бері Қазақстан Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясатының тұжырымдамасы табысты жүзеге асырылуда. Құжаттың негізгі мақсаттары – отбасын қолдау, нығайту және қорғау, отбасының және оның мүшелерінің тәни, интеллектуалдық, рухани, ізгілік тұрғысынан дамуына септігін тигізетін қажетті жағдайларды жасау, ананы, әкені және баланы қорғау, ерлер мен әйелдердің қоғам өмірінің барлық саласындағы бірдей құқықтарына, пайдаларына, міндеттемелері мен мүмкіндіктеріне қол жеткізу, жыныстық ерекшелігіне қатысты кемсітудің барлық түрі мен көріністерін еңсеру.
Бүгінде Қазақстанда қажетті әлеуметтік саясат жүргізіліп отыр. Әлемдік экономикадағы дағдарыс құбылыстарына қарамастан, республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға жұмсалатын шығысы жыл өткен сайын өсіп келеді. Мәселен, 2018 жылы жалпы шығыстың 44,6%-ы білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет пен спорт салаларына бағытталады. Тұтастай алғанда, қолданылып отырған шаралар Адам дамуының индексі (АДИ) рейтингі бойынша 2016 жылы Қазақстанның 56-шы орын алуына мүмкіндік берді.
Кездесулер қорытындысында түрік тарапы отбасылық-демографиялық саясат мәселелері бойынша екіжақты ынтымақтастықты жалғастыру үшін меморандум бекіту мүмкіндігін талқылау жөнінде ұсыныс жасады.
Мемлекеттік хатшының жұмыс сапары одан соң Түркияның тағы бір ірі қаласы Ыстанбұлда жалғасты. Ол елдің басты сауда, өнеркәсіп және мәдениет орталығы болып саналады. Қала жағалауында орналасқан Босфор бұғазы оны еуропалық және азиялық бөлікке бөліп жатыр. Бүгінде бұл шаһарда 18 млн-ға жуық тұрғын өмір сүреді.
Ыстанбұлда Гүлшара Әбдіқалықова қазақ диаспорасының және қазақстандық студенттер қоғамдастығының өкілдерімен кездесті.
Сарапшылардың мәліметі бойынша, өткен ғасырдың 50-жылдарының басында түрік үкіметінің қолдауымен 2 мыңға жуық қазақ Қытайдан Анатолияға өткен. Бүгінде Түркиядағы қазақ диаспорасының саны 10 мың адамға таяу. Олар қазақ-түрік мәдени бірлестіктерін құрып, қоғамда және екі ел арасындағы мәдени байланыстарды дамыту ісінде белсенді ұстаным көрсетіп келеді.
Мәселен, Ыстанбұлдағы Зейтинбурн ауданында жергілікті қазақтар біздің ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнатқан, сондай-ақ мектепке және көшеге оның атын берген.
Кездесу Мемлекет басшысының биылғы Жолдауының негізгі қағидаттарын талқылауға арналды. Мемхатшы бүгінде Қазақстан Республикасының табысты заманауи мемлекет екенін атап өтті. Бұл – Елбасының халықтың әл-ауқатын жан-жақты арттыруға бағытталған стратегиялық бағдарын іске асыру нәтижесінде мүмкін болған жетістік. 2017 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі – 4%, инфляция деңгейі – 7,1%, жұмыссыздық деңгейі – 5%.
Жолдауда Президент өмірімізге жаңа технологиялық тәртіп элементтерін кеңінен енгізу жөнінде басты міндет қойды. Бұл үшін ол азаматтарымыздың өмірінің сапасын арттыруға бағытталған 10 міндетті айқындап берді.
Құжаттың маңызды жаңалығының бірі – 7-ші міндет – «Адами капитал – жаңғыру негізі». Онда алға қойылған мақсат: «Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамыту». Қазақстан қоғамы идеалының айқын анықтамасы берілген – ол тарихымызды, мәдениетімізді, ана тілімізді білетін, сондай-ақ бір шет тілін еркін меңгерген, әр мәселеге қатысты озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық азамат.
Гүлшара Әбдіқалықова былтырдан бері елде үшінші жаңғыру жүзеге асырылып жатқанын айтты. Оның негізгі өзегі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы.
Аталған бағдарлама аясында былтыр жыл бойы «Туған жер», «Қазақстанның киелі географиясы», «Жаһандық әлемдегі заманауи Қазақстан мәдениеті», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», қазақ жазуын латын қарпіне көшіру жобалары жүзеге асырылды.
Мемхатшы Жолдауда қойылған басты міндетті атап өтті, ол: «Жаңа заманға сай бола білу, біздің алдымызда Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу алдындағы біртұтас ұлт болып жұмылу мұраты тұр».
Қазақ диаспорасы атынан кездесуде Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуақап Қара, «Білім беру, ғылым және зертеулер қазақ-түрік қоғамының» жетекшісі Серкан Динчтурк сөйледі. Олар өз сөздерінде бейбітшілікті, келісімді сақтаудағы, халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың үлесін айрықша атап өтті.
Кездесу соңында қазақ диаспорасы өкілдері өз күштерімен шағын «Ән шашу» концертін ұйымдастырды.
Г.Әбдіқалықова жылы шыраймен қарсы алғандары үшін кездесуге қатысушылардың баршасына алғыс айтып, мықты денсаулық, зор табыс тіледі, тарихи отандарымен байланысты арттыра берулеріне ниеттестігін білдірді.
Жалпы, Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықованың Түркияға жұмыс сапары өз мақсатына жетті, екіжақты байланыстар аясы кеңейе түсті, озық инновациялар мен цифрлы технологияларды енгізу бағытында жаңа жобалар белгіленді.
Осылайша тиімді ынтымақтастық үшін жақсы негіз қаланып, екі елдің әйелдер бизнес-қоғамдастықтары арасындағы кәсіпкерлікті дамытудың жаңа көкжиектері мен перспективалары айқындалды.
Майраш Көзжанова,
Мемлекеттік хатшы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары
Астана – Анкара – ЫстаНбұл – Астана