Тіл ғылымы мамандарының үндеуіне сай таңбалардың ұлғаюына апаратын апострофтар ыңғайлы түріне ауыстырылды, диграфтар қосылды.
Жалпы, латын әліпбиіне көшу – заманымыздың заңдылығы. Өркениет көшіне ілесу, алдыңғы қатарлы дамыған 30 елдің қатарынан табылу, экономикамыздың инновациялық өркендеуі, ғылым-білім саласының прогрессивті дамуы, өскелең ұрпағымыздың жарқын болашағы үшін бүгінгі таңда латын графикасын енгізу қоғамымыз үшін өмірлік маңызды, үлкен істердің қатарында.
«Елу жылда – ел жаңа» дегендей, әліпбиіміздің жаңа өзгерісі қазіргі ұшқыр уақыт талабына сай болу үшін қажет. Себебі бүгінде әлем халықтарының интеграциясы, жаппай көші-қон мәселелері аса белең алуда. Көбінесе, қазіргі заманда ғаламтордың дамуына сай әлемнің түкпір-түкпірінде тұрып-ақ адамдар бір-бірімен жедел байланысын қолдап отырады. Демек, ара қашықтықтың қазір кедергісі жоқ, бүгінгі күн – рухани байланыстың заманы.
Өзім өмір бойы қызмет еткен медицина саласының мамандары туралы айтсақ, латын әліпбиі біз үшін бұрыннан етене таныс, күнделікті науқастарға рецептілерді дәрігерлер латын қарпімен жазады.
Сондықтан денсаулық сақшылары латын графикасына көшуді бірауыздан қолдайды.
Бүгінгі таңда тәуелсіз мемлекет ретінде латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиін қабылдауды еліміздің егемендігін, рухани еркіндігімізді айқындайтын, экономикалық өрісімізді кеңейтетін, әлемдік ғылым-білімнің жетістіктеріне оңтайлы жол ашатын, болашағымыз үшін аса маңызды, заманауи іс-шара ретінде танимын.