Бүкіл қоғам болып атсалысқан, ел болып белсенділік танытқан жаңа әліпби нұсқасын халық жақсы қабылдады деп ойлаймын. Олай дейтінім, бұл мәселе түрлі деңгейде талай талқыдан өтіп, мамандар мен қоғамның пікірі ескеріліп, жетілдірілген, көңілге қонымды, қолданысқа өте ыңғайлы нұсқа болып бекітілді.
Еліміздің әрбір азаматы латын қарпіне көшу – бұл әлемдік өркениетке қол жеткізудің басты жолы екенін біліп, оған бүгіннен бастап бейімделе беруі тиіс.
Латын графикасына көшу – ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Ел тарихына көз жүгіртсек, бірінші байлық қашанда – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады.
Кезінде Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін кеңінен қолданған. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі». Сондықтан латын қарпі бізге жат дүние емес.
Өркениетті әлем латын жазуын ертеден пайдаланғанын білеміз. Бүгінде латын қарпі дүние жүзінің жүзден аса елдерінде қолданысқа енсе керек. Мәселен Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстан елдері бұл әліпбиге әлдеқашан көшіп үлгерген.
Латын қарпіне өту – орыс тілді немесе өзге тілді азаматтарымыздың мүддесіне қайшы емес. Керісінше, қолданыстағы орыс тілі өз қызметін жалғастыра бермек. Ал мамандар латын қарпіне көшу арқылы қазақ тілін жас буынға, шетелдіктерге үйрену әлдеқайда жеңілдейтінін алға тартуда.
Шартарапқа зор сілкініс туғызған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық сипаттағы мақаласында «Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Осыған байланысты мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын. Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек...», – делінген.
Елбасы атап өткендей қазақ тілін латын қарпіне көшіру мәселесінің мәні тереңде жатыр. Себебі бұл жерде графика мәселесі ғана емес, қоғамдық сана мен мәдениетті қайта жаңғырту мәселесі тұр. Халқымыздың басым көпшілігі қос тілді, ал соңғы кездегі ағылшын тіліне деген сұраныстың артқанын ескерер болсақ латын тіліне көшу қоғамда айтарлықтай проблема туындатпауы тиіс.
Латын қарпіне көшу арқылы көш ілгері жүретіні анық. Мәселен: тілдің табиғи тазалығы сақталып, қазақ тілін оқыту барысында артық таңба мен емлеге қатысты ережелер қысқарып, қазақ қауымы дүниежүзілік ғаламтор желісіне еркін ене алады. Ең бастысы, латын қарпіне көшу арқылы қазақ тілінің мәртебесі артып, халықаралық деңгейге шығуына мүмкіндік тумақ. Сонымен қатар латын қарпін қолданатын түркі әлемімен рухани, мәдени, экономикалық жан-жақты байланыстың артуына да мүмкіндік зор болады деп күтілуде.
Бұл ірі бастама – тәуелсіз мемлекет пен қазақ қоғамының дара таңдауы. Еліміз бұған дайын десем артық айтпаған болармын. Жаңа қаріпке көшу үлкен нартәуекелден туған шешім. Қорыта келгенде, қазақ халқының ілгеріректе қолданған әліпбиіне қайта оралуы, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады демекпін.
Айдар ӘБУОВ,
Халықаралық мәдениет және дін орталығының директоры