22 Ақпан, 2018

Конфессияаралық диалогтың қазақстандық алаңы

505 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атақты америкалық саясаттанушы Самуэль Хантингтон 1996 жылы өзінің әлемдік ғылыми қоғамдас­тық арасында кең талқылауға түс­кен «Өркениеттер қақтығысы және әлемдік тәртіптің трансформациясы» атты кітабын жарыққа шығарды. 

Конфессияаралық диалогтың қазақстандық алаңы

Кітаптың арқауы ретінде мәдени және діни айырмашылықтар адамдар арасында жаһандық ауқым­дағы жанжалға әкелетін гипотезасы алынған. Басқаша айтқанда, автор келешектегі соғыстар жеке егемен мемлекеттер арасында емес, түрлі өркениеттер арасында жүреді деген пікір білдірген.

Хантингтон әлемдік өркениет­терді шартты түрде мынадай санаттар­ға бөлген: батыстық, латынамери­калық, жапондық, синдік, ислам­дық, православтық, буддалық және афри­калық. Автордың айтуынша, ата­лған өркениеттердің тарих, тіл, мәдениет, салт-дәстүрлер және ең ма­ңызды діни тұрғыдағы айқын айыр­ма­шы­­лықтары болашақ әлемдік қақ­тығыстар үшін өте қолайлы себеп қызметін атқарады.

С.Хантингтонның дәлелдері ака­демиялық топтар араласында түрлі пікірлер тудырғанына қарамас­тан, кейінгі кезеңдегі оқиғалар автор идея­ларының белгілі бір дәрежедегі өзек­тілігін танытты. Мысалы, 2001 жылғы 11 қыркүйектегі «Әл-Каида» ультра-радикалды тобы жасаған террорлық шабуыл Американы ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлемдік қоғамдастықты дүр сілкіндірді. Нәтижесінде «батыс­тың радикалды исламмен күресі» және «мұсылмандарының батыстық коа­лицияға қарсылығына» қатысты риторика пайда болды.

Жек көрушілік пен экстремизм идеологиясын дамыту қаупі алдында діни қарама-қайшылықтарды бей­біт түрде талқылау қажеттілігі туын­дады. Сондықтан Президент Н.Назарбаевтың дана саясатының арқасында өзара сыйластық пен толе­рант­тылық мәде­ниетін дамытудағы ынты­мақ­тастықты нығайту мақ­сатында әлемдік діни конфессиялар өкілдері үшін интерактивті алаң құру ұсынылды.

Елбасының бастамасы жаһандық қолдауға ие болып, 2003 жылы Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидерлерінің I съезі өтті, ол жаһандық діни конфес­сия­лардың өзара іс-қимылының бірегей алаңына айналды.

Конфессияаралық диалогтың тұрақ­ты институтын құруға қатысты Ел­басының бастамасы өзінше бір ерекше идея екенін атап өткен жөн. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің І съезі өткенге дейін, әлемде шын мәнінде осындай мазмұндағы ауқымды шара болмаған еді. Бұл форум қазіргі заманның сынақтары мен үрдістеріне сай келетін «қазақстандық жоба» екенін атап өткен жөн.

2003 жылдан бастап Қазақстан үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізіп келеді. Бұл іс-шаралардың орталығы Астана қаласы, ал шараның өту орны ретінде арнайы салынған Бейбітшілік және келісім сарайы болуы да символдық мәнге ие. Бүгінгі күнге дейін әртүрлі күн тәртібі мен қатысушылар санына қатысты айырмашылықтар бар 5 съезд өтті. Аталған алаңның өзектілігі мен беделі жыл өткен сайын арта түсті. Егер де бірінші съезде 17 діни конфессиялар делегациясы қатысса, төртінші съезде 80-нен астам делегация болды, ал 2015 жылы өткен соңғы бесінші съезд жұмысына бірінші рет БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун араласты. Мұ­ның бәрі кездейсоқ емес, бұл әлемдік қоғам­дастықтың алдында пікіралмасу алаңының маңыздылығын дәлелдейді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидер­лерінің съезі бүгінгі күннің өзінде конфессиялық қатынастардың траекториясын түсіну мен ынтымақтастық бағытын өзгертті және тек діндер үшін ғана емес, жалпы тұтастай алғанда әлемдік қоғамдастық үшін байланыс­тырушы тетік ретінде қызмет етуде. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидер­лерінің кезекті VI съезі 2018 жыл­дың қазан айында өтеді. Бұл жиын ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм, индуизм және басқа да діндердің жоғары өкілдерін, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымдардың басшыларын біріктіре түседі.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының тұрақты әрекет ететін съезі ондаған жылдар бойы өзара түсіністік пен сыйластық және ең ба­стысы – пікір алмасу арқылы келі­сім мен қауіпсіздікті нығайтып келе­ді. Сонымен қатар жер шарында бар­лық мәдени-діни бірлестіктер мен қауым­дастықтардың бейбіт өмір сүруін қамта­масыз етудің тиімді тетігі болып табылатынын көрсетеді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өзара түсіністік пен әлем бойынша құр­мет мәдениетінің дамуына, сондай-ақ діндер арасындағы тиімді жаһандық пікір­алмасудың қалыптасуына баға жетпес үлес қосуда.

Зарема ШӘУКЕНОВА,
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты­ның директоры