Футбол • 22 Ақпан, 2018

Жоржи Жезуш: «Біздің жоғары нәтижеге жетуге мүмкіндігіміз бар»

306 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Спортинг» – «Астана» кездесуінің қарсаңында португалиялықтардың бас бапкері Жоржи Жезуш журналистерге сұхбат беріп, жауапты матч туралы өз пікірімен бөлісті:

Жоржи Жезуш: «Біздің жоғары нәтижеге жетуге мүмкіндігіміз бар»

- Біз әр ойыншыға мән беріп, ойынға байланысты өз тактикамызды өзгертіп отырамыз. Қазақстандағы кездесуде жеткен нәтижеміз, бізге ертеңгі ойында сенімділік береді. Біздің жоғары нәтижеге жетуге мүмкіндігіміз бар. Ертеңгі кездесуде бізге міндетті түрде жеңіс қажет дей алмаймын. Неліктен? Себебі, біз Португалия чемпионатында көшбасшылар қатарындамыз. Егер бізді «Порту» командасымен салыстыратын болсаңыз, біз әлдеқайда сенімді жағдайдамыз. Менің ойымша ертең ешқандай ерекше жағдай орын алмайды.

Футболда ерекше оқиғалардың болып тұратын анық. Соңғы ойын «Спортингтің» мінезін көрсетті. Ол кездесуде ойыншылар өздерінің бір ұжым екендігін дәлелдей алды. Қазақстандағы нәтиже бізді қанағаттандырады. Сондықтан, ертеңгі ойынның нәтижесі менің футболшыларыма байланысты.

- Сіз Еуропа Лигасын жеңіп алатын мүмкіндіктеріңіз бар екендігін айттыңыз. Командаңызды қандай ұжымдармен салыстыра аласыз?

- Ширек финалға немесе жартылай финалға жолдама алу командаға сенімділік береді. Бұл нәтиже «Спортингке» көмектеседі деп ойлаймын. Біздің қарсыластарымыз мықты болды. Дегенмен, біздің мақсатымыз – жеңіс. Дәл қазір ол – Еуропа Лигасы. УЕФА Еуропа Лигасында жеңіске жеткен команда Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне тікелей жолдама алатынын ескерсек, қазір бізде жауапкершілік өте жоғары.

- «Астана» - «Спортинг» арсындағы ойында сіздердің фаворит екендіктеріңізді барлығы біледі. Алайда, Сіз Астанадағы ойын соңында Станимир Стоиловтың қолын алмадыңыз. Сонда Сіз қарсыласты сыйламайсыз ба?

- Бұл шындыққа мүлдем жанаспайды. Мен амандастым. Ойын соңында... Матч аяқталған соң біз Станимирмен Мануэль Фернандеш туралы сөйлестік.

- Астанадағы кездесуде Фабио Коэнтрау алаңдағы орын босатқаннан кейін, көзіне жас алды. Ал ол жағдайды бүкіл әлем көрді. Фабионы әр ойынға дайындау Сізге қаншалықты қиын?

- Мүмкін, бұл жағдай сіздерге жаңалық шығар. Ол алаңдағы орнын ерте босатқаннан кейін, ашулы болды. Бізге ойыншы алмастыру – қалыпты жағдай. Ол ертеңгі ойында алаңға шығып қалатын шығар. Оны ертең шешеміз.

- Сіздің бапкер ретіндегі жарқын сәттеріңіз «Бенфика» командасымен байланысты. Сіздің ол командаға оралғыңыз келетіндігі қаншалықта шындыққа жанасады?

- Әрине, мен «Бенфика» командасымен үлкен жетістіктерге қол жеткіздім. Мен ол нәтижеммен мақтана аламын. Мен «Бенфикада» бақытты болдым және 10 бірдей жүлде ұттым. «Спортинг» бас бапкері ретінде, «Бенфикамен» жеткен жетістігімді қайталағым келеді.

 

Ермұхамед Мәулен

«Егемен Қазақстан»