Бақтағы аң-құс, жан-жануарлардың атын латынша, қазақша жазып, т.б деректерді келтіріпті. Көзі ашық көрермендер деректерді оқып қай өңірде таралғанын, қандай тұқымдасқа жататынын білісіп жатыр. Ал енді біздің мәз-мейрам көңіл күйіміз ірі қыран құстар тұрағына келгенде су сепкендей басылып, олардың атауларын оқыған кезде қынжылып қалдық. Себебі, құмай құсы тұрған тақтаға орысша «бородач» , қазақша «балтажұтар» деп жазып қойыпты. Таң қалдық! Ал қарақұс тұқымдас орысшасы «белоголовой цип» ақ бас құзғынды құмай деп жазыпты.
Құмай
2011 жылдары бір журналист ініміз «Құмай деген не? Ит пе? Құс па?» деп сұрау салғаны бар. Осы жолдардың авторы оған газет арқылы құмай туралы түсіндіріп жазып бірнеше журналдарға жарияланған еді. Қазір интернетте де жүр. Ал мына балтажұтарға біртүрлі абдырап қалдық. Сол парк көрермендері арасынан ұлты орыс бір-екі әйел «бородач» деген атауды оқып Александр Александрович Бородач деп өздерінің сақалды таныстарын ажуалап бара жатқанын естідік. Бірақ олар өз ұлты құмайды қалай атаса, солай атап барады. Ал біз балтажұтар деп тап бір сол сөз өз тамағымыздан өтпей қалғандай қылғынып қалдық.
Содан ары бері ойлап бұл сөз қайдан шықты деп көрсек бала күнімізде сонау 70 жылдардың орта шенінде құмайдың балапанын ұстап алған адам асырап отырып астана (орталыққа)-ға жібергелі отырғанда ана құмай балапаны сынық балтаны жұтып қойып өліп қалыпты деп естігеніміз бар. Соны жаңылыс естіген біреу хайуанаттар паркі адамдарына солай айтып жіберіп, қисынсыз атау содан шыға келген ғой.
Бұлар нені негізге алып ақ бас құзғынды «құмай» деп отыр десек, 2004 жылы шыққан «Қазақстандағы жануарлар әлемі» атты үлкен энциклопедия авторлары В.А.Ковшарь , А.Ф.Ковшарьлар құрастырған кітапта 92 бетінде ақбас құзғынды (гималайский, снежний гриф, латынша Gupshima Cayensis) «Ақбас Құмай» және «Құмай» деп атап жіберген. Ал енді сол кітаптың 94 бетіндегі құмай суретінің астына «сахалтай» деп жазып жіберген. Моңғолша атау дейін десең, олар құмайды «Ёл» деп атайды. Сөйтіп сақалына қарап «бородачты» аударған түрі ғой.
Қазақта бұған ұқсас атауы бар «күйкентай», «тұрымтай», жағалтай» қатарлы құстар бары анық, бірақ «сахалтай» деген атау жоқ. Енді сахалтай теріс болды дегенде жоғарыда айтылған аңызға ұқсас сандырақтан парктегі құмайды «балта жұтар» деген атпен атап жіберген.
Сонымен 2004 жылдан бері шыққан оқулықтар, « Табиғат ғажайыптар» қатырлы энциклопедиялар тіпті ғаламтор беттерінде де ақбас құзғынды (белоголовый цип) құмай деп теріс атап жүр.
Белоголовый цип - ақ бас тазқара
Жерімізді мекендейтін сұсты да сымбатты қыран құс құмайды ұрпағымыз өлексе жегіш тазқара тұқымдасы ақбас құзғын яғни белоголовый цип деп атап , нағыз құмайдың қандай болатынын білмей шатысып қалды.
Сондақтан жауапты мекемелер , тұлғалар жануарлар паркіндегі құмайға қойылған теріс атты түзетіп , келесі шығатын оқулықтар , энциклопедияларды қадағалап әр аң-құстың өз атауымен аталуын қадағаласа екен.
Реті келгенде айта кететін жәйт қазақта тазы итті «құмайы тазы» деп атайтыны бар. Содан жұрт неге құмай деп атайды тазы ит құмайдан шыққан ба деп көп алып қашпа сөз бар.
Сауранбаев сөздігінде (қазақша – орысша)
І. Гриф -1- тазқара
ІІ. Гриф – барақ ит ұзын жүнді аңшы иттің бір тұқымы . Демек, грифті құмай деп аударып алып жүргені. Ит пен құмайдың еш қатысы жоқ.
Қайыролла ҚАУАНҰЛЫ,
ұстаз-биолог
Ақмола облысы,
Целинград ауданы