Өткен жылы облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 367,9 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда өндіріс көлемдерінің 12,6 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде 1,6 пайызға, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптауда 0,8 пайызға, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылауда 0,7 пайызға өсуі байқалады.
2017 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 234,5 миллиард теңгені құрап отыр. Сонымен қатар есепті кездесуде әкім өткен жылы жалпы сомасы 13,0 миллиард теңгеге 10 инвестициялық жобаның іске асырылып, онда 716 жаңа жұмыс орны ашылғанын да айтып өтті.
Сонымен бірге өткен жылдың кейбір көрсеткіштерінде өндіріс көлемінің төмендегені байқалады. Мысалы, қант өндірісі 22 пайызға, соның салдарынан тамақ өнімдерінің өндірісі 17 пайызға азайған. «Амангелді газ» өңдеу зауытында нақты көлем индексі 52 пайызды құраған. Бұған себеп – ірі өндіріс орындарында жоспарлы жөндеу жұмыстарының жүруі, шикізатты өңдеуге тапсырыстың болмауы. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін экономиканың барлық секторында тұрақты бақылау-талдау жүргізілуі тиіс. Ол үшін тиісті басқармалар, әкімдер мен кәсіпорындар арасында әріптестік байланысты бір жүйеге салғанымыз дұрыс. Екіншіден, кәсіпорындардың жұмысын тұрақтандыру қажет, ол үшін мәселелер зерделенуі тиіс. Кәсіпорындарды қайта жаңғыртып, олардың қуаты мен жүктемесін көтеру бойынша нақты межеленген жоспарлар қабылдау қажет. Жоспар қатаң бақылауда болуы керек. Сол үшін, мамандарды тарта отырып, өнеркәсіп саласының аймақтық картасын әзірлеу қажеттілігі туындап отыр. Оған тұрып қалған, жаңғыртуға жататын кәсіпорындар енуі тиіс.
Карта өндіріс орындарының паспортын қалыптастыру нәтижесі бойынша әр ауданның экономикалық және ресурстық әлеуетіне негізделген жобаларды қолдауға бағытталатын болады. Мәліметтерге сүйенсек, жыл басында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 58 мың бірлікті құрап отыр. Олардың жалпы саны 9 пайызға артқан. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 285 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 0,7 пайызды құраған, деді әкім өз сөзінде.
Сонымен қатар А.Мырзахметов аграрлық саладағы еңбек өнімділігін арттыруға және экспортты ұлғайтуға үлкен мүмкіндік бар екенін, өткен жылы ауыл шаруашылығында 255 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 5,5 пайызды құрағанын, сондай-ақ салаға 24,7 миллиард теңге инвестиция тартылғанын да айтты. Агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 11,8 миллиард теңге субсидия бөлінген. Пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға енгізу арқылы ауылшаруашылық дақылдары орналастырылған алқаптар 6,2 пайызға артып, 630 мың гектарға жеткізілген.
Есепті жылы мал шаруашылығының барлық санаттарында ет өндіру, сүт, жұмыртқа, жүн өндіру көлемі ұлғайған. Барлық мал саны көбейген. Алайда облыста қолайлы жағдайларға қарамастан, жеміс-көкөніс, алма, жидек өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындардың тапшылығы байқалады. Осы мәселеге назар аударуымыз тиіс. Соның ішінде агроиндустриялық аймақ құру мәселесін қолға алу қажет деп санаймыз. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары 2-4 есе артығымен орындалған. Осы орайда, тірі салмақтағы ет өнімдерін өндіруді 127 мың тоннаға дейін, сүтті 311 мың тоннаға дейін, экспорттық ет өнімдерін 2,4 мың тоннаға дейін жеткізу қажет.
Себебі өнеркәсіптегі кәсіпорындар сияқты ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін де кәсіпорындардың жүктемесі төмен. Соның бірі мемлекеттік бағдарламаның көмегімен 2,5 миллиард теңгеге жуық инвестиция салынған, тәулігіне 40 тонна ет өнімдерін шығара алатын «Оңтүстік-халал тағамдары» шикізаттың жетіспеуінен толық түгіл, жартылай қуатына шыға алмай тұр.
Өндіріс орындары мен шикізат дайындайтын, әсіресе ұсақ шаруашылықтарды өзара байланыстыратын жұмыстарды ұйымдастыру қажет. Жер мәселесіне келсек, облыс аумағының 72 пайызын тауарлы ауылшаруашылық өндірісін дамытуға қолайлы жерлер алып жатыр. Аграрлық салаға инвестициялар тарту мақсатында 295 мың гектар жер әлеуеті анықталған. Осы жерлерді, аймақтың климаттық ерекшелігін ескере отырып, қажет деген жобаларға ғана беру қажет. Бүгінгі күнге инвестициялық жобаларды іске асыру үшін 828 гектар жер бөлінген. Жайылымдық инфрақұрылым объектілерін дамыту және қайта жаңғырту мақсатында өткен жылы 223 дана ұңғыма пайдалануға беріліп, жоспар артығымен орындалған. Барлық жоспарланған шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы облыстың өңірлік жалпы өніміндегі ауылшаруашылық өндірісінің үлес салмағын 25 пайызға жеткізу жоспарланып отыр, – деді Асқар Исабекұлы.
Әкім есепті кездесуде денсаулық, білім, әлеуметтік салалардағы жетістіктерді де саралап, нәтижесін жариялады. Бұдан кейін облыс тұрғындары әкімге көкейде жүрген сауалдарын жолдап, лайықты жауаптарын алды. Бүгінгі таңда облыстық тарихи-өлкетану музейі ғимаратының сын көтермейтіні, жалпы, Жамбыл өңіріндегі мәдени нысандардың жай-күйі жиі айтылады. Осы мәселені Қазақстанның құрметті журналисі Мақұлбек Рысдәулет көтерді. Осы орайда А.Мырзахметов расында да өңірге жаңа музейдің қажет екенін, енді оны қалай, қай жерден салу мәселесін ойластырып жатқанын жеткізді.
Бүгінде Сарысу ауданындағы ең өзекті мәселенің бірі көгілдір отын. Облыс орталығынан шалғай жатқан ауданға осы уақытқа дейін мүлде газ бармаған. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құдайберді Әбілов 45 мың тұрғынның уәжін облыс басшысына жеткізді. Өз сөзінде әкім тиісті министрілікке бұл мәселе бойынша өтінім берілгенін, Сарысу ауданына газ кіргізу жұмыстары биыл басталып кетуі мүмкін екенін айтты. Ал Тараз қаласының тұрғыны Алпысбай Смайлов көне шаһарда ешқандай демалатын орынның жоқ екенін, сонымен қатар Жамбыл темір жол вокзалы алдындағы сквердің де тозығы жетіп тұрғанын, енді осы мәселелердің қашан ретке келетінін айтып, сұрақ қойды. Бұл орайда Асқар Мырзахметов Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы саябағынан Даңқ мемориалын салуды, қала ішіндегі саябақтарды қалпына келтіруді, тіпті болашақта мәдени кешен құруды жоспарлағанын айтты. Ал облыстық мәслихаттың депутаты Гүлжан Тілеубердиева «Меркі-Шу» тасжолының тозығы жетіп, бүгінде сын көтермейтінін облыс басшысының назарына ұсынды. Өз сөзінде Асқар Исабекұлы Шу ауданына барған сапарында осы мәселені арнайы зерделегенін, енді ағымдағы жылы ол жолдардың жөнделетінін айтып, жауап берді.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы