«Бүгін мәдениетімізде үлкен қуанышты күн. Лондонда аударылған Оралхан Бөкейдің таңдамалы шығармалары бүгін елге келді. Бүгінгі өтетін шарада Оралхан Бөкейдің қаламгерлік болмысына кеңінен тоқталамыз. Біз төрт жылдың ішінде оншақты қазақ қаламгерлерін аудардық. Міне, бүгін Оралхан Бөкей! Бұл – адамның тазалығын іздеген жазушы. Цивилизация кезінде адам қалай өзінің тазалығын сақтап қалу керек дегенді адамзаттық деңгейде көтерген. Біздің әдебиетіміз бай. Ал оны әлем танысын десек, ең бірінші ағылшын тіліне аударуымыз керек. Ағылшын тілінде кітабың шықпаса, әлемде жоқсың. Өкінішке қарай қазір солай. Бұрын кеңес дәуірі кезінде орыс тіліне аударылатын. Қазір бірден ағылшын тіліне аудару керек. Біз кітаптарымызды «Амазон» интернет дүкеніне салайын деп отырмыз», деді Қазақ ПЕН-клубының төрағасы Бигелді Ғабдуллин.
Кітаптың тұсаукесеріне «Кісі киікті» ағылшын тіліне аударған Саймон Холлингсворт пен әдеби редакторы Саймон Гейген Лондоннан арнайы келді. Сондай-ақ жазушының қарындасы Ғалия Бөкей, қаламдас достары мен інілері Қуанышбай Құрманғали, Кәдірбек Сегізбайұлы, Әлібек Асқаров және Оралханның қызы Айжан салтанатты шараға қатысты.
«Бір шығарманы аудармас бұрын оны дұрыстап ұғынып, егжей-тегжейлі түсініп алу керек. Яғни, автордың үнін сезінбесеңіз туындының негізгі мағынасынан ауытқып кетуіңіз мүмкін. Аудармашы Оралхан Бөкейдің кітабын алты айдың ішінде аударып бітіргенін айтады. Бұрыннан бері Саймон екеуіміз орыс тіліндегі кітаптарды ағылшын тіліне тәржімалап келеміз. Халықаралық Қазақ ПЕН клубымен танысқаннан кейін маған Герольд Бельгердің кітабын аудару туралы ұсыныс түсті. Ол кісі туындысын орыс тілінде жазғаннан кейін әлбетте күрделі болған жоқ. Келесі жобамыз – Әуезовтың әңгімелері еді. «Қараш-Қараш» пен «Көксеректен» бастап, Саймон екеуіміз Мұхтар Әуезовтің бірнеше туындысын ағылшын тіліне тәржімаладық. Содан кейін барып, Оралхан Бөкейге келіп отырмыз. «Аударма екінің бірінің қолынан келуі мүмкін. Бірақ әдебиет – қатып қалған қасаң құжаттар емес. Ол «тірі» ерекшеленеді. Менің өзім аударманы кроссворд деп елестетемін. Яғни, туындыдан автордың үнін, шығармасының негізін іздеп тапқым келеді. Оралхан Бөкейдің айтқысы келгенін тап басып таптық деген сенімдеміз. Бір сөзбен, өзіміздің жұмысымыздың нәтижесіне көңіліміз толады. Бірақ, әлі де кейбір тұстарын былайша жасау керек пе еді деген ойдың кейде туындап қалып жататынын жасырмаймын», дейді Саймон Холлингсворт.
Оралхан Бөкейдің шығармалары алдымен А.Кимнің аударуымен орыс тілінде басылып шыққан. Қазақ ПЕН-клубымен кітап бекітілгеннен кейін тәржіма жұмысы басталған.
«Ағамның шығармалары Лондонда аударылып, әлем оқырмандарына жол тартқанына қуаныштымын. Осы игі істі қолға алған ПЕН-клубқа, оның басшысы Бигелді Ғадуллинге алғысымды айтамын. Ағам өзі де ПЕН-клубтың мүшесі, ауылдық жерлердегі талантты жастарды жинау мәселесімен айналысатын бөлімшесін басқарып еді. Жұмыстарыңыз табысты болсын», деп тілегін айтты Ғалия Бөкей.
Қазақ ПЕН-клубы әдебиетіміздің классиктерін ағылшын тіліне аудару жұмысын қарқынды жүргізетіндігін айтып отыр. «Сәтін салса Сәкен Жүнісовтың шығармаларын, Қадыр Мырза Әлінің, Махамбеттің өлеңдерін аударғымыз келеді. Бірақ, поэзияны аудару өте қиын екен. Сонымен бірге, алдағы бес жылда Қасым Аманжолов, Мұхтар Мағауиннің кітаптарын тәржімалауды жоспарлап отырмыз», деді Бигелді Ғабдуллин.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»