Мұндай шара Батыс Қазақстан облысында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Шараға Қазақстанның әр өңірінен – Атырау, Маңғыстау, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Көкшетау, Қарағанды облыстарынан, Астана мен Алматы қаласынан жиырма шақты құсбегі қатысуда. Бір қызығы, іргеде өтіп жатқан думаннан қалғысы келмей, Ресейдің көршілес Самара, Тольятти, Ульяновск қалаларынан қаршыға мен ителгі баптап жүрген құсбегілер де жолға шыққан екен. Қызыл кітапқа енген құстарын шекарадан өткізбей, тек өздері келуге мәжбүр болған. Шетелдік қонақтар Оралдағы құсбегілер сайысының ұйымдастырылуына, ел-жұрттың ықыласына ерекше қызығушылықпен қарап жүрді.
- Осындай турнир былтыр Маңғыстау мен Атырау облысында өтті. Биылғы шара Батыс Қазақстан облысы басшылығының қолдауымен өтіп отыр. Мұны құсбегілік дәстүрдің еліміздің батыс өңірінде қайта жандануы деп айтуға болады. Оралдағы Ұлттық спорт мектебі жанынан құсбегілік бөлімі ашылады деп сенеміз,-деді Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының І вице-президенті Ерлен Оспанов.
- Заң бойынша ақпанның 15-сінен кейін аң аулауға тыйым салынады. Сондықтан біз бұл сайыста қыран құстарды аңға салмаймыз, құсбегілер құсты қолға шақыру, ұшыру, шырға салудан сынға түседі. - дейді ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Рамазан Сәттібаев.
Сайыстың алғашқы күні таңертең ауа температурасы 20 градустан төмен болды. Бірақ күннің салқындығына қарамастан өлкеде тұңғыш рет өтіп жатқан ерекше мерекені тамашалауға халық көп жиналды. Айта кету керек, ұйымдастырушылар барын салған: желтаудың басында бірнеше киіз үй тігілген, ыстық тамақ ұсынған сауда орындары қызмет көрсетіп жатыр, келушілердің көлігін қоятын автотұрақ дайындалып, ЖПҚ қызметкерінің жіті бақылауымен қауіпсіздік қамтамасыз етілген. Төтеншеліктер арнайы шатыр тігіп, ішіне жылу жүргізіп қойыпты. Суықтан тоңған балалар мен үлкендер шатырға кіріп, жылынып алады. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі де арнайы киіз үй тігіп, музей қорындағы қазақы саятшылыққа қатысты 30-дан аса жәдігерді көпшілік назарына ұсынған. Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының жанынан құрылған «Орал сазы» ансамблі де шараның салтанатты ашылуына орай сахнаға шығып, саусақтан жан кетірген суыққа қарамастан өнер көрсетті. Орал қаласы шетіндегі «Медколледж» аялдамасынан Желтау биігіне дейін автобус тасымалын тегін ұйымдастырған қалалық жолаушылар тасымалы қызметіне де ел-жұрт алғыс айтып жатыр.
Жалпы, бұл шараны негізгі ұйымдастырушы – Батыс Қазақстан облыстық спорт басқармасы болғанымен, өңірдегі туризм және сыртқы байланыстар басқармасы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалы, қоғамдық ұйымдар мен жекелеген белсенді азаматтар құсбегілер сайысының жалпыхалықтың мерекеге айналуына көп үлес қосты. Жан-жақты жарнама мен насихаттың нәтижесінде бұл шараны көру үшін Ресей Федерациясының Астрахань, Саратов, Самара, Орынбор өңірлерінен, Қазақстанның өзге облыстарынан арнайы туристер келген.
- Ұйымдастыру комитетіне хабарласып, Оралдағы «Қансонар-2018» турнирін тамашалауға тілек білдірген туристерге барынша қолдау көрсеттік. Олар «Евразия» туризм орталығына орналасты, Орал қаласының тарихымен таныстыратын экскурциялар ұйымдастырылды. Жарыс қонақтары мен туристер алғашқы күні Оралдағы белгілі күйші әрі домбыра шебері, республикалық «Алтын домбыра» байқауының бірнеше мәрте жүлдегері Едіге Нәбиевтің шеберханасында болып, қазақтың ұлттық аспабын жасау өнерінің қыр-сырын тамашаласа, келесі күні белгілі өрімші-шебер Ұлан Сайтмұхаевтан қамшы өру дәстүрі туралы дәріс тыңдады, - дейді осы шараны ұйымдастырушылардың бірі, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» директоры Айболат Құрымбаев.
24 ақпан күні құсбегілер іріктеу кезеңінен өтті. Ертең республикалық сайыстың ақтық бәсеке-финалы өтеді. Айта кетейік, «Қансонар-2018» республикалық құсбегілер турнирінің 200 мың теңгелік бас жүлдесін оралдық кәсіпкер-меценат, «Саят» этно-туристік орталығының құрылтайшысы Мұрат Жәкібаев тіккен.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан
Суретті түсірген Темірболат Тоқмамбетов