Қазақстан • 26 Ақпан, 2018

Тоқмадиге қатысты сот процесі жалғасуда

310 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан он төрт жыл бұрын, яғни 20 04 жылдың желтоқсан айында «ТұранӘлем» банкінің басшысы Ержан Тәтішев Жамбыл облысының Отар аумағында оқ тиіп қайтыс болған еді. «Тойота Ланд Крузер» көлігімен далада аңды қуып келе жатқан банкир 12-калибрлі мылтықты көліктің арт жағында отырған бизнесмен Мұратхан Тоқмадиге берген. Сол сәтте, яғни көлік шұңқырды басып өткен кезде мылтық өздігінен атылып кетіп, Ержан Тәтішевтің желкесіне тиген. Банкир қаза тапқандағы шешім осы еді. Сондықтан да 37 жастағы банкирдің жұмбақ өлімі бойынша «Аңшылық кезінде жазатайым мерт болды» деген қорытынды шығарылған болатын.

Тоқмадиге қатысты сот процесі жалғасуда

Арада талай жыл өткенде бұрынғы банк басшысының өліміне қатысты қайтадан іс қозғалып отыр. Бұл істің анау-мынау емес, атышулы Мұхтар Әблязовке қатыс­тылығы да көптің көңілін­дегі күмән­ді қайта қоюлата түскен­дей.

 Нақты айтсақ, осыдан біраз уақыт бұрын Жамбыл облысының қылмыс­тық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында «Казстройстекло» компаниясының бұрынғы басшысы, бизнесмен Мұратхан Тоқмадиге қатыс­ты сот отырысы басталған. Мұрат­хан Тоқмадиді Алматы соты өткен жылы қазан айында бопсалады және заңсыз қару сақтады деп айыптап, үш жылға бас бостандығынан айырған еді. Мұның алдында билік бизнесменнің прокурормен «Кінәсін мойындайтыны туралы» процессуалдық келісім жасасты деп мәлімдеген 52 жастағы Мұрат­хан Тоқмади өткен жылы 12 маусым күні Алматы қаласында арнайы құры­лым­дардың операциясы кезінде ұсталып, қамалған болатын. Түрмеде отырғанына жеті ай болғанда байырғы бизнесменнің Ержан Тәтішевтің өліміне тікелей қатысы бар екені анықталып, қайтадан сот процесі басталды.

 Жамбыл облысында өтіп жатқан сот отырысы кезінде прокурор айыптау актісін оқыған соң судья Азамат Тілепов Мұратхан Тоқмадиден Ержан Тәтішевтің өліміне қатысы бар екені туралы сұрағанда, бизнесмен банкирді өлтіргенін мойындаған. Бірақ оның не себепті банкирді өлтіргенін осы уақытқа дейін айтпай, енді айтып отырғаны көпшілік үшін түсініксіз жағдай. «Шыны королі» деген атқа ие болған Тоқмади Жамбыл облысының Отар жазығында аң аулап жүріп машина ішінде оның қолындағы қарудан оқ Ержан Тәтішевтің басына абайсызда тиіп кетті деп те ақталғаны ел есінде. Бірақ арада талай жыл өткенде барып қана Тәтішевті өлтіргенін мо­йындап отырған Тоқмади сол кезде осы қылмысы үшін бір жылға ғана сотталып, тіпті кейін рақымшылыққа ілініп, бостандыққа да шыққан. Сонымен бұл іс жабылып, Ержан Тәтішевтің қасақана емес, абайсызда өлім құшқаны туралы қорытынды шығарылған.

Жоғарыда айтқанымыздай, Мұрат­хан Тоқмадиге «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алу­шылықпен не бандитизммен ұштасқан адам өлтіру» айыбы тағылған еді.

Көпшіліктің есінде болса, өткен жылы қазан айында КТК телеарнасынан Тоқмадиге қатысты деректі фильм көрсетілген болатын. Онда Мұратхан Тоқмади «ТұранӘлем» банкінің бұрынғы басшысы Ержан Тәтішевті «Аңға шыққан кезінде қасақана атып өлтіргенін», ал оған тапсырысты «Банкир Мұхтар Әблязов бергенін» мәлімдеген еді. Тіпті 2004 жылы Ержан Тәтішевке өзінің хабарласып, аң аулауға ұсыныс жасағаны да айтылған. Оның бұл мойындауы негіз­сіз де емес сияқты.

Баспасөз беттерінде жарияланған «ТұранӘлем» банкі директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Серік Уәлиев мәселенің бәрі бұрын бірге жұмыс істеген Әблязов пен Тәтішев арасындағы араздықтан шыққанын айтқаны бар. Яғни Тәтішевті жұрттың «Қаржы ісінің генийі» деп атауы Әблязовқа ұнамаған. Сонымен қатар аталған банктің директорлар кеңесінің бұрынғы мүшесі Жақсылық Жәрімбетовтің де «Мұхтар өзін Ержан лақтырып кетті деп біліп, осы себепті оны жек көрді. Мұны ол ашық айтатын» деген пікірі де баспасөз беттерінде жарияланған. Кейіннен араға жылдар салып «БТА» банкінің басшысы қызметін атқарған Мұхтар Әблязов миллиондаған қаржыны шетел асырып жібергені үшін қаржы жымқыру бабымен айыпталғаны да белгілі.

«Шыны королі» деген атқа ие болған байырғы бизнесмен шынын ай­тып отыр ма, жоқ па, бұл арасын Жамбыл облысында өтіп жатқан сот барысы анықтайтын болады.  Қалың көпшілік белгілі банкир Ержан Тәтішевтің өліміне шын мәнінде кім жауапты екенін жариялайтын күн де алыс емес сияқты.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан» 

Жамбыл облысы