«Москолевский» шаруашылығын белгілі шаруашылық ұйымдастырушы, ғалым Зейнолла Жаңбыршинов басқарады. Ол Қазақстанда ет бағытындағы ірі қара тұқымын асылдандыру үшін жерге, солтүстіктің суығына бейімделген, еті талай көрмелерде азуын айға білегендерді шаң қаптырған Әулиекөл тұқымынан оңтайлысы жоқтығын айтумен келеді. Айтарымыз бұл емес еді. Енді осы ауылда тағы бір тамаша іс басталып, жұртшылыққа жылы хабар көктемнің алтынкүрек желіндей тарап кетті.
Ауылда тұрғындарды рухани тербеп отыратын мешіт бар. Жұма намазынан кейін мұнда имам, ақсақалдар кейінгілерге үлгі-өнеге боларлық өсиетті әңгімелер айтады. Көкенаки Әбілдин ақсақал да жұма намазынан қалмайды, ауылдағы жақсы істерге бастамашы болып жүретін кісінің бірі. Ғұмыр бойы білім саласында қызмет етті, бар көңілін де, қызметін де жас ұрпақ тәрбиесіне арнады. Көп жылдар мектеп директоры қызметін атқарды, жаңашыл ұстаз ретінде де жерлестеріне есімі белгілі. Арғы Кеңес Одағы кезін айтпағанда, Тәуелсіз Қазақстанның «Қазақстан Республикасы Білім саласының үздігі» төс белгісін алғаш алғандардың бірі. Әліпби латын қарпімен жасалса қазақ тілінің қанатын кең жаюына септігі тиерін біледі, ауылдастарына да солай түсіндіреді. Өткен жылдың аяғына қарай аудандық газетке бір мақаласын латын қарпіндегі әліпбимен жазды. Аудандық газет редакциясы да оқырманының бұл бастамасын қолдап, мақаланы дереу жарыққа шығарды. Оны оқыған ауылдастары көз үйренбегендікі ме, ежелеп отырып қалған. Мешітке жиналғандардың арасында жұма намазынан кейін Көкенаки ағаның осы мақаласы, латын таңбасы сөз болды.
– Сол күнгі әңгіме жамағаттың Жұма намазынан кейін латын қарпін, жаңа әліпбиімізді үйретіңіз деген ұсынысымен аяқталды. Он екі кісі сабаққа қалатын болды. Бұл ұсыныс маған да қатты ұнады, дереу тақтаны балаларға жасатып, ілдіріп қойдым. Солай сабақты бастап та кеттік, – дейді Көкенаки ақсақал.
Қазір Жұма намазынан кейін Көкенаки ағайдың сабағына тек үлкен кісілер ғана емес, мектептің мұғалімдері, оқушылар, жастар да келіп қатысатын болған. Ұстаздың өзі жас кезінде неміс тілін оқыған еді, сондықтан негізі бір латын қарпі оған ешқандай қиындық туғызған жоқ. Қазір ағылшын тілін оқып жатқан оқушылар үшін де бұл қиын емес екен. Ал Көкенаки ағай өзінің «әдістемелерімен» сабақты барған сайын қызықты өткізіп келеді.
– Мен даналық сөздерді, түрлі шежіре, қысқа әңгімелерді жинап аламын да, тақтаға соны латын қарпіндегі әліпбимен жаздырамын. Ауылдастарым әрі латын қарпіндегі әліпбиді үйренеді, әрі даналық сөздерден ғибрат алады, – дейді Көкенаки ағай.
Мешітке жиналып Аллаға құлшылығын жасаумен қатар, рухани толып, марқайып қайтатын жамағат, қазір әр аптаның жұмасын күтетін болған.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Әулиекөл ауданы,
Москолев ауылы