Облыста жалпы біліммен қамтуға, оның ішінде заман талабына сай білім беретін ғимараттар салуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, өңірдегі апатты мектептердің орнына жаңасын салу мен үш ауысымды оқыту мәселесін шешу күн тәртібінде тұр. Осы мақсатта өткен жылы 47 білім беру нысанын салуға және жаңғыртуға 26 млрд теңге бөлінген екен. Оның ішінде жалпы құны 5,2 млрд теңгені құрайтын 24 ғимарат толықтай күрделі жөндеуден өткізілді. Мұның көбісі облыстың халық молынан қоныстанған аудандарда жүзеге асқан. Ал облыс орталығындағы сұранысты өтеуге бөлінген қаржы толықтай игеріліп, нәтижесінде салынған ғимараттар мерзімінде қолданысқа беріліп отыр. Мысалға, алдағы жаңа оқу маусымының бастауында Талдықорған қаласында шыт жаңа музыка мектебі және әрқайсысы 1200 орындық екі жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашпақшы.
Жақында облыс әкімі Амандық Баталов құрылысы қызу жүріп жатқан білім ошақтарындағы жұмыс барысымен арнайы барып танысты. Аралау кезінде өңір басшысы әр нысанға қатысты ескертпелерін айтып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына баса назар аударуды тапсырды. Облыс орталығындағы 300 орындық музыка мектебі жаңа Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданында орналасқан. Екі қабатты мектеп өзіне ғана тән сәулеттік шешімімен ерекшеленеді, ғимараттың кейпі амфитеатрға ұқсас, 200 орынға арналған жеке концерт залы бар. Нысандағы жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Және осы шағын аудан аумағында 1200 орындық жалпы білім беретін мектептің де құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс басына келген Амандық Баталов аумақты абаттандырудағы кемшіліктерге, ғимаратқа қойылған желдеткіш шілтердің, карниздердің сапасына қатысты сын-ескертпелерін айтып, қажет жағдайда ауыстыруды тапсырды.
Ал 1200 орынға арналған тағы бір мектеп облыс орталығының солтүстік-батыс ауданында салынуда. Бас мердігері – «Melior Logistik» компаниясы, жобалаушысы – «Арлан-Жоба Құрылыс» ЖШС. Бұл білім нысанының құрылысы шілде айында аяқталуы тиіс. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Осы сапарында облыс әкімі мектептің қасбеті түсінің қандай болатынын нақтылап беріп, сол сияқты таңдалған ішкі есіктерін, жарық шамдары мен еден төсеніштерін көріп, мақұлдады.
Осы үш нысанның да салынып бітетін мерзімі шілде айы деп жоспарланып отыр. Білім күнінде бұл білім ошақтары өзінің алғашқы тәрбиеленушілерін қабылдамақ.
Сондай-ақ өңір басшысы Талдықорған қаласының аумағында салынып жатқан коттедж қалашығын да назардан тыс қалдырмады. Онда қазір төрт бөлмелі 48 пәтерден тұратын, жалпы алаңы 5,8 мың шаршы метр болатын 12 коттедж ғимараты салынып жатыр. Аралау барысында айтылғандай, жыл соңына дейін жалпы құны 2,4 млрд теңге болатын 202 пәтерлі 166 коттедж тұрғызу көзделген. Облыс басшысы Амандық Баталов коттеджді қалашық аумағында шам бағаналарын ауыстыруды ескертті. Осы аралау барысында әкім биылғы жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілетін жаңа драма театрына да соғып, әрлеу жұмыстарының барысын көрді.
Сондай-ақ бұл күні Талдықорған қаласының әкімдігі облыс басшысына тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап жинауға арналған қоқыс жәшіктерінің заманауи үлгілерін таныстырды. Әзірге «Қаратал» шағын ауданындағы алаңдардың біріне 2 заманауи қоқыс жәшігі қойылған. Оның біріне пластик, шыны, металл, қағаз, полиэтилен, ағаш сияқты құрғақ қоқыс жиналса, екіншісіне дымқыл, яғни органикалық және тағам қалдықтары салынады. Мамыр айында қала бойынша қойылатын осындай қоқыс жинайтын орындардың саны жүз елуге жетпек. Амандық Баталов жаңа контейнерлерді орнатумен қатар құрғақ және дымқыл қалдықтар деп сұрыптап тастау қажеттігін тұрғындарға түсіндіру керектігін айтты.
Нысандарды аралаудан кейін облыс әкімі салынып жатқан әрбір нысанның ең алдымен сапасына баса назар аудару қажеттігін, ұсақ-түйекке дейін ерекше мән беруді тапсырды.
– Тұрғызылып жатқан нысандардың айналасын көркейту жұмыстары назардан тыс қалмауы керек, сол сияқты шағын сәулеттік формалар орнатылуы тиіс, және олардың әрқайсысы жаңа нысанды толықтырып, айшықтап, ашып тұратындай болуы қажет, – деді Амандық Баталов.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы