Қазіргі таңда спортшылардың басым бөлігі ADCC ұйымының ережелері бойынша белдесу өткізуден сескенеді. Себебі бұл біршама қауіпті спорт түрі саналады және ережелері де тек кәсіби спортшылар үшін қолайлы. Сондықтан болар, әзірше Қазақстанда ADCC бүкіләлемдік ұйымының қолдауымен, бүкіләлемдік AIGА әуесқой грепплинг Федерациясы дүниеге келді. Оның ADCC-ден бір ерекшелігі, ұпайлар жекпе-жектің басынан бастап есептеледі. Ал ADCC ережелері бойынша ұпай тек белдесудің екінші жартысында ғана есепке алынады.
Төрешілердің осы ерекшеліктің арқасында белдесудің белсенді басталатынын айтады. «Алғашқы турнир елордадағы «Алатау» спорт кешенінде өте жоғары деңгейде өтті. Жаңа ережелердің арқасында жекпе-жектер өте қызықты әрі тартысты болады. Белдесудің алғашқы минутынан-ақ сылбыр күрес пен басқа ереже бұзушылық үшін ұпайлар жеке есептеліп отырады. Бұл ережелер спортшылардың белсенділігін арттырды. Ал қатысушылар өз кезегінде, керемет өнер көрсетіп, жеңіске деген ынталарын күшейтеді. Бұл жекпе-жек түрін әрі қарай дамытамыз деген үміттемін», дейді төреші Олжас Досжанов.
Қазіргі таңда іріктеу жарыстары еліміздің барлық аймақтары мен қалаларында өтіп жатыр. Сонымен қатар әуесқойлар арасында грепплингтен Қазақстан чемпионатын Қарағандыда өткізу жоспарлануда. AIGА әуесқой грепплинг федерациясының аясында осы спорт түрінен бірінші турнир Астанада өткен.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ