Су басқан елді мекендердің көпшілігінде төтенше қауіп су қоймаларынан, не болмаса үлкен өзендер арнасынан емес, толассыз жауған жаңбырдың, болмаса еріген қар суларының жиналуы себебінен орын алып отыр. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш ауданы Қызыләскер елді мекенінің маңында бірде бір су қоймасы жоқ, ал 2 шақырым жердегі Келес өзені елді мекен орналасқан деңгейден төмен жатыр. Бірақ 2008 жылдың ақпан айында сай-саладан жиналған судан 1400-ден астам тұрғын үй, 4 мектеп және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандар зардап шегіп, қаншама жолдар мен көпірлер қирады. Кеткен шығынның орнын жабу үшін мемлекеттен ауданға 7,6 млрд. теңге қаржы бөлінді. Сол сияқты Ордабасы ауданының Темірлан елді мекенінде, Арыс қаласының Монтайтас ауылында болған су тасқындарының себебі де арнасынан асқан өзендерден емес.
Сонымен қатар 2010 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай ауданында болған апаттан 673 тұрғын үй, 754 шаруашылық ғимараттары зардап шегіп, 42 қыстақ су астында қалды. 2015 жылы Қарағанды облысында 33 елді мекенді су басып, көпірлер қирап, 4000-нан астам адам баспанасынан айырылды. Осындай апаттар туралы мәліметті басқа да облыстардан келтіруге болады.
Су алған елді мекендерде жүргізілген зерттеулер соңғы 20-25 жылдың көлемінде тұрғын үй мен коммерциялық нысандардың жаппай салынуына байланысты аймақтар ландшафтының айтарлықтай өзгергенін көрсетті. Жоспарсыз салынған құрылыстардың кесірінен елді мекендердің ирригациялық жүйелері істен шығып, гидротехникалық құрылыстары бұзылған, арық-атыздар күл-қоқысқа толып, судың өтуі қиындаған. Жаңадан түсіп жатқан көптеген мөлтек аудандарда су қауіпсіздігі талаптары ескерілмеген су бұруға арналған бөгеттер салынбаған, ал жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарындағы су өткізетін құбырлардың көлемі талапқа сай емес.
Ауыл ішіндегі ирригациялық жүйелерді айтпағанда, арнайы мақсаттағы су нысандары жағдайының мүшкіл екендігі БАҚ-та жиі айтылып жүр. Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің аумақтық бөлімшелерінің мәліметі бойынша елді мекендерге жақын орналасқан 1094 гидротехникалық құрылғының 34-інің иесі жоқ, 363-і күрделі жөндеуді қажет етеді. 560-қа жуық су қоймасының 108-і иесіз, ал 211 жекеменшіктегілерінің жағдайы белгісіз. «Қазсушар» РМК-ға қарасты 1736 шаруашылықаралық каналдар мен коллекторлардағы, 48 мыңнан астам көлдегі, 4 мыңға жуық жасанды су қоймасы мен тоғандардағы гидротехникалық құрылымдардың көпшілігі өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған және 4 класқа жатады. Бұл нысандардың пайдалану мерзімі 50 жыл екендігін ескерсек, қазіргі жағдайының қаншалықты қауіпті екендігін байқауға болады.
Осы қауіптерді жою үшін:
1. Әр өңірдегі су шаруашылығы нысандарының жай-күйін, олардың техникалық сипаттамалары мен мүмкіндіктерін, жұмыс істеу жағдайын, қауіп-қатер дәрежесі мен пайдалану жарамдылығын анықтау мақсатында мамандандырылған ұйымдарды тарта отырып инвентаризациядан өткізу керек;
2. Қазақстандағы барлық гидротехникалық нысандарды, меншігіне қарамай, толық мемлекеттік тіркеуден өткізу, мүдделі тараптардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында су шаруашылығы нысандарының бірыңғай ақпараттық базасын құру қажет;
3. Өңірлердегі байырғы су мамандарын қатыстыра отырып, әрбір елді мекендегі ирригациялық жүйелердің жағдайын зерттеп, су өткізу қабілеттерін анықтап, «ирригациялық жүйелер картасын» жасау кезек күттірмейтін мәселе;
4. Үкімет деңгейінде Қазақстандағы гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы арнайы жол картасы дайындалып, оларды жөндеу, қалпына келтіру, ирригациялық жүйелерді тазарту үшін тиісті қаражат бөлінуі керек;
Осындай ұсыныстар айтыла отырып, Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың атына сауал жолданды.
Әли БЕКТАЕВ,
Сенат депутаты