Қазақстан • 26 Ақпан, 2018

ОҚО-да су тасқынынан қауіп жоқ

424 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қақаған қаңтардың өзінде бір сіркіретіп жауып алатын Оңтүстіктің аспаны ақпан ортаймай жатып көз жасын жиі-жиі төгіп жатыр. Ал жылы жаңбыр алтынкүрек сияқты тау бөктеріндегі қарды күрт ерітіп, тасқынға соқтыруы әбден ықтимал. Сондықтан облыс әкімдігі су тасқынынан келетін қауіптің алдын алу шараларын ерте қолға алды.

ОҚО-да су тасқынынан қауіп жоқ

Бүгінгі таңда аудан, қала­ларда тасқынға қарсы штабтар құрылып, тәуліктік кезек­ші­лік ұйымдастырылуда. Облыс аумағындағы барлық су қой­малары мен өзен көлдерге күнде­лікті мониторинг жүргізіліп келе­ді. Өңірдегі су қоймаларының орташа толуы 35-60 пайызды құ­райды. Қаңтар айының соңында ауа райының суық болуының салдарынан Сырдария өзенінде мұз қатқан. Қазіргі таңда мұз ерігендіктен, өзен бойында ор­на­лас­қан аудандарда жағдай бақылауға алынған. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі тарапынан «Су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған іс-шаралар кешені» жол картасына 98 инженерлік шара енгізілген.

– Жол картасына сәйкес 2017 жылы 247 елді мекенде төтенше жағдайдың алдын алу және жою бойынша 42 шара ұйым­дас­тырылды. Бұл мақсатқа 3,5 млрд теңге бөлінген. Бадам, Ке­лес, Шаян өзендерінде арна түзеу, қорғау дамбалары және 2530 метр жаға бекіту мен 3,08 шақырым бөгет тұрғызу жұмыс­тары атқарылды. Сондай-ақ 352,3 шақырымдық бұрыннан бар дамбалар нығайтылып, 49 шақы­рым жаңа бөгеттер салынды. Бұдан бөлек, 52,5 шақырым өзен жағалаулары бекітіліп, 673,3 шақы­рым арық-каналдар, 397 бірлік су өткізу құбырлары таза­лан­ды. Жергілікті халықты хабар­дар ету үшін дабыл беру қондыр­ғылары сатып алынды, – деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев.

Сырдария өзені бойында ор­наласқан Шардара су қоймасының сыйымдылығы 5,2 млрд текше метрді құрайды. Бүгінгі таңда мұнда секундына мың текше метр су ағып, оның көлемі 3 млрд 185 мың текше метрге жеткен. Бірақ  қоймаға жиналған су көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1 млрд 036 млн текше метрге аз. Сондай-ақ қазіргі таңда Көксарай су қоймасында 1 млрд 739 мың текше метр су жиналды.

Облыстық бюджеттен 18,5 млн теңге бөлініп, жаңадан салынатын су қоймаларының орындарына зерттеу жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде су жинақтау көлемі 378,64 млн текше метрді құрайтын 26 су қоймасын салу қарастырылып жатыр.

Республикалық бюджеттен су жинақтау көлемі 340,5 текше метрлік 3 нысанның құрылысы жүргізіледі.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы