Біздің негізгі әңгімеміз ауылдардағы мал ұрлығына қатысты болмақ. Мал – ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі. Қазақ тамағын да малымен асырап, баласын да малымен оқытып, той-томалақтарын да алдындағы азды-көпті малымен атқарады. Сондықтан да малын көзінің қарашығындай бағып-күтеді. Ресми деректерге қарағанда, елімізде үш жылдың ішінде 65 мыңнан астам мал қолды болыпты.
Енді себебі не деген сұраққа келейік. Қарап отырсақ, мал ұрлығымен ұсталған 50 мыңнан астам адамның тең жартысына жуығы (43,3 пайызы) бұрын да осындай қылмыспен қолға түскендер екен. Бұрын қолға түссе, екінші рет қылмыс жасауға неге барып отыр деген сұрақ туындайды.
Өйткені бізде заң жұмсақ. «Тараптардың татуласуы» деген желеумен 20158 (40 пайызға жуығы) қылмыстық іс бойынша қудалау тоқтатылған. Бұл – қылмыскер мен зардап шегуші келісіп, істеген қылмысқа жаза қолданылмай қала берді деген сөз. Егер жасаған қылмысқа орай жаза берілмесе – оны тию мүмкін емес. Жоғарыда біз айтқан 50 мыңнан астам адамның жартысына жуығы қайтадан қылмысқа барып отырғандығының негізгі себебі сол.
Бізбен кездесуге келген сайлаушылар мал ұрлығына қатысты құқық қорғау органдарының іс-әрекеттері мен сот актілерінің пәрменділігі өте төмен дейді. Олардың пікірінше, мұндай жағдай қолданыстағы қылмыстық заңнаманың әлсіздігінен орын алып отыр. Сондықтан, Қылмыстық кодекстің ұрлыққа қатысты 188-ші бабының мал ұрлығына байланысты бөлігін саралап, жазаны күшейту бағытында өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек деп есептейді.
Мал ұрлығын жасағандардың тергеу кезінде бостандықта жүріп, кейбір жағдайларда жәбірленушіні қорқытып, «шапқан пішенің немесе мал қораң өртеніп кетуі мүмкін» деген секілді қоқан-лоққылар көрсетуі шаруалардың басым көпшілігін келісімге баруға мәжбүрлейді. Ауыл тұрғындарының көбі жуас. Заңды жетік білмейтіндігін де жақсы білеміз. Қазіргі қолданыстағы заңмен тайраңдап жүрген ұры-қарыға ешқандай құрық салуға болмайтын секілді көрінеді. Сондықтан, көп жағдайда ұрлап әкеткен малының сатқаннан түскен қаражатын әкеліп берсе де қанағаттанып жатады. Бұл ұры-қарының, қарақшы, қылмыскердің одан әрі тайраңдауына жол береді. Тіпті кейбір адамдарымыз арыз беріп, ауданға келіп, сот процесіне қатысу сияқты машақаттардан да қашып, қылмыскердің бәрібір жазаланбайтынын білген соң қолды бір сілтейтін кездері де болады. Осының бәрі азаматтардың билікке деген сенімін әлсіретеді.
Мал ұрлығы – кәсібін мал шаруашылығымен байланыстырған кәсіпкерлер үшін де үлкен мәселе. Бұл – мал шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың толыққанды жүруіне зиян келтіретін қасақана әрекет. Осы тұрғыдан алғанда мал ұрлығы қоғамдық қауіптілігі жоғары қылмыс деп санаймыз.
Біз осы мәселенің бәрін айтып, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, тиісті мемлекеттік органдарға мал ұрлығына байланысты қылмыстық заңнаманы жетілдіру туралы тапсырма беруді ұсындық. Ұры-қарыларға қатаң жаза қолданылса қоғамдағы ахуал да оңалар еді деген үміттеміз.
Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ,
Сенат депутаты