Қазақстан • 27 Ақпан, 2018

Конституциялық реформаның қисынды жалғасы

611 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы өткен жылғы конституциялық реформалардың дәйекті жалғасы іспетті. Өйткені еліміздің Ата Заңына енгізілген түзетулерге сәйкес ерекше қорғалатын конституциялық құндылықтардың тізбесі кеңейтілгені белгілі.  

Конституциялық реформаның қисынды жалғасы

Сонымен Республиканың Консти­ту­циялық кеңесі өзінің қаулысында Нұрсұлтан Назарбаевтың конституциялық мәртебесі және жеке қасиетінің арқасында тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына шешуші үлес қосқанын, халық бірлігін, Конституцияны, адам және азамат құқығы мен еркіндігін қорғауды қамтамасыз еткен тарихи миссиясын атап көрсетті. Мұның Жолдауға қандай қатысы бар дерсіз. Менің ойымша, тікелей қатысы бар. Себебі Конституцияның 1-бабының 2-тармағына сәйкес республиканың негізін құрайтын қызметінің басты принциптері – қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, халық игілігі мақсатындағы экономикалық даму, қазақстандық патриотизм. Ал Прези­дентіміз өз Жолдауында жасына қарамай, бүкіл азаматтарды қамтитын білім беру­дің озық жүйесін құруға назар аударады, яғни адам, оның құқығы және еркіндігі ретіндегі құндылықтар мәселесін көтереді.

Жаңа үлгідегі білім беру бағдарла­маларының басты басымдықтары тұрақты түрде өзгеріп отыратын білім ағынына бейім­деу және оны меңгеру болуы тиіс. Ерек­шеліктерге мән беру арқылы Мемле­кет басшысы біртұтас ұлтты қалып­тас­тыру­ды жалғастыру қажеттігі туралы ескертеді. Бұл міндеттер қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, қазақстандық патриотизм сияқты конституциялық принциптерді дамыту арқылы іске аспақ. Бұл ретте жаңа идея­лар мен зерттеулерге, заңгерлер мен фи­ло­соф­тарға, саясаттанушылар мен қазір­гі заманғы тарихшыларға ден қою қажет екені белгілі. Елбасы осы мақсатқа жету жолындағы тиімді жол­дардың бірі мем­ле­кеттің тілдік саясатын жетілдіру деп біледі.

Бұл жерде мәдениетіміз бен идеология­мызды дамыту мәселесі қоса қарасты­рылады. Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасында бұл туралы атап айтқаны белгілі.

Президент Жолдауын оқи келе, оның заманауи терминологияны және әлемде болып жатқан проблемаларды жіті назарда ұстайтынына еріксіз назар аударасың. Заманмен бірге қадам басу үшін Нұрсұлтан Назарбаев барлық басқарушылық процес­терді цифрландыру міндетін қойып отыр. Бұл ретте ғалымдарымыз бен құқық­тану­шы­ларымызға ойланатын уақыт келді. Осы мәселе бойынша бізде толыққанды заңдық зерттеулер жүргізілген жоқ және осы процестерді құқықтық реттейтін тетік­тер де болмай отыр.

Алайда бұл ретте шетелдік іс-тәжірибе бар, біз олардың тәжірибелерін зерттеп өзіміздің жеке даму үлгімізді жасауы­мыз қажет. Айта кететін жайт, Қоры­­мыздың басшылығы осы мәселені талқы­лау үшін іс-шаралар кешенін жоспарлап отыр (дөңгелек үстелдер, конференция­лар). Бұдан басқа Қор Астана халық­ара­лық қаржы орталығымен бірлесіп биыл­ғы шілде айында осы орталықтың жұмысына арналған халықаралық конференция өткізуді жоспарлады. Заңгерлер бірінші кезекте Сот орталығы қызметінің құқықтық режіміне көңіл аударады. Президенттің АХҚО-ға қатысты Жолдауда қойған міндеттеріне байланысты қазақ­стан­дық ғылымға континенталдық құқық – ағылшын және еуропалық институттар кон­вергенциясының шетелдік іс-тәжі­ри­бедегі үрдісін зерттеу қажет болуы мүмкін.

Жолдауда Президент Үкімет алдына бизнесті қолдауды қалыптастыру бойынша жүйелі шаралардың жаңа пакетін дайындау, оны көлеңкеден шығару міндетін қойды. Кейінгі уақытта жемқорлыққа, көлеңкелі экономикаға қарсы күрес бойынша репрессиялық стереотип қалыптасты. Айыпкерлердің қатарында бұрынғы жоға­ры лауазымды шенділерді көруге болады. Заң алдында барлығы тең.

Алайда бизнесті көлеңкеден шығару бойынша жаңа жүйелі шара қабылдау туралы мәселе қою қажет. Бұл бизнесті заңды түрде жүргізуді экономикалық, құқықтық тұрғыдан тиімді етуге жағдай жасау қажет деген сөз. Осы күресте цифр­лан­дыру үлкен септігін тигізеді, онда бақы­­лау абсолютті болады, ал жем­қор­лық кейбір кезде мүмкін де болмайды. Мыса­лы, блокчейн технологиясы кез келген адамды кезексіз жылжытуға немесе арнайы рәсімді сақтамай-ақ кез кел­ген пре­фе­рен­цияларды алуға мүмкіндік бермейді.

Бүгін біз бұл идеяларды Президенттің 2018 жылғы 15 ақпанда бекіткен Қазақстан Рес­пуб­ликасының 2015 жылға дейінгі Стра­­тегиялық даму жоспарынан көріп отыр­мыз.

Қылмыстық, азаматтық істер және әкімші­лік құқық бұзушылық туралы істер кезең-кезеңмен электронды форматқа көшіріледі. Ол бұрмалау және жемқор­лық үшін мүмкіндіктерді азайтады, бұл іс жүр­гізуді үнемдейді, мемлекет бюджеті­не тү­се­тін салмақты, адам мен азаматтың құқы­­ғы мен еркіндігіне тигізетін зарарын азайтады.

Жемқорлыққа қарсы күрес бойынша алдын алу шаралары арасында азаматтар мен кәсіпкерлердің сұранысына ие қызмет­тер­ді көрсетуде тұтынушылармен байланыс­тарды жеңілдетуге, цифрландыруға және қыс­қартуға, олардың ашықтығын артты­руға, заңнан тыс әрекет жасау қажеттігі мен мүм­кін­дігін азайтуға ерекше назар аударылған.

Цифрландыру процесі жұмыс істеп кетуі үшін тиісті мамандар қажет. Сон­дықтан оларды дайындау үшін біздің педа­гогикалық құрылымдарға, университет­терге, колледждерге немесе орта мектептерге назар аудару керек. Бірінші кезекте әңгіме осындай мамандарды дайындау бағ­дарламаларын қалыптастыру тура­лы болуы тиіс. Бүгін бе, ертең бе жұмыс күші­нің кей­бір белгілі бөлігі босатылатыны анық.

Цифрландыру процесі заңдық іс-тәжірибені айналып өтпейді. Бірақ менің ойымша машиналар барлық мамандарды ауыстыра алмайды. Құқықтануда көптеген қайталанатын істер бар, оларды компьютер тіліне ауыстыру және «роботтарға» тапсыру, жасанды интеллектіге беру шарасын жүзеге асыруға болады.

Алайда біз құқықтану негіздерінің заң нормаларын біліп қана қоймай белгілі құқықтық құндылықтарды, құқықтың мәнін, атап айтқанда, құқықтық соттың философиясын ұғынуымыз қажет. Судья шешімді әділеттілікті басшылыққа ала оты­рып қабылдайды, ол үшін заңды ш­е­бер­­­лікпен қолдана алатын, болып жат­қан жаһандық процестерді зерделейтін жаңа буын заңгерлер қажет болады.

Президент қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы айта келе, терминологияны реттеу бойынша көп жұмыс атқаруға шақырды.

Бұл өте маңызды проблема және бірін­ші кезекте заңгерлер үшін өте маңыз­ды. Көптеген заң терминдері қазақ тіліне 90-жыл­дардың басында аударылды. Олар­дың бір бөлігі, қалай аударылғаны заңгер­лік қауымдастықта әлі күнге дейін талқылануда. Осыған байланысты мәсе­лені шешуге көп көңіл аударып, өткен қате­лік­терді ескеру қажет. Кейбір заң тер­мин­дері, мысалы «экспертиза» деген сөз бізге латын тілінен келген.

Мемлекет басшысы Жолдауда «заңның ұлықтығы» терминімен қатар, «құқық­тың ұлықтығы» деген терминді пайдаланады. Қазіргі заманғы заң әдебиетін­де заң ұлықтылығы субстанциясымен салыс­тырғанда, жоғары әрі жан-жақты қамтылатын құқықтың ұлықтығы деген ұғымға басымдық берілетінін атап өткім келеді. Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясы өзінің қаулысының бірінде осы принципті сақтайтын өзге елдер туралы пікір түю мүмкіндігі туралы критерийді белгіледі. Біздің заңгер-ғалымдар заң шығарушыға және құқық қолданушыларға теориялық негізделген дәйектеме беру үшін, осы құқықтық институтты терең ұғыну үшін осы мәселеге назар аударуы қажет деп ойлаймын.

Игорь Рогов,
Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары, заң ғылымдарының докторы, профессор