Бұрынғы жылдары Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның концерт залында өтетін әкімнің есеп беру кездесуіне барлығы 450 адам қатысса, бұл жолы жаңа спорт-ойын-сауық кешеніне келгендердің қарасы мың жарымнан асты. Облыс аудандары мен қалаларының басшылары, кәсіпорын мен ұйымдар жетекшілері, ардагерлер, тұрғындар қатысты. Осы ықшам ауданның өзі әкім жұмысының өткен жылғы көрсеткіші деуге болады. Мұнда өткен жылы жүздеген отбасы қоныс тойын тойлады. Облыс әкімінің тұрғындармен кездесуі онлайн жүйесі арқылы тікелей эфирде өтті. Залдағылармен қатар облыстың шалғай аудандарының, ауылдарының тұрғындары әкімге сұрақтарын үйінде отырып беріп жатты. Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында айтқанындай, цифрландыруды экономиканың және әлеуметтік өмірдің барлық салаларына енгізудің алғашқы қадамы деп осыны айтсақ болар.
Еліміз үшін экономиканың қай саласы да маңызды. Дегенмен ту ұстаушы өндіріс дамымай өңір өмірі серпілмейді. Осы орайда өткен жылғы жұмыстарды ауыз толтырып айтса айыбы жоқ. Өсім өнеркәсіпте – 4,2, ауыл шаруашылығында – 3,5, құрылыста 27,8 пайызды құрады. Соңғы жылдары облыстағы өнеркәсіптің өңдеу саласы шикізат өндірудің алдына шығып, басымдыққа ие болды. Биыл да бұл көрсеткіш 53,2 пайызды құрады. Өнеркәсіп саласы тек өңдеу ғана емес, жергіліктілендіру мен қазақстандық үлесті ұлғайту жұмысын да жүйелі жүргізіп келеді. Бұл әсіресе, есепті жылда 44,7 пайыз өсімді қамтамасыз еткен автомобиль шығару саласында айқын көрініс тапты. Облыста кәсіпорындардың экспорттық әлеуеті артты. Оған өткен жылы кәсіпкерлікті дамыту картасы бойынша 4 кәсіпорында ашылған тамақ өнеркәсібінің де қосқан үлесі салмақты.
Еліміз үшін Қостанай облысы астық державасы саналады. Нарық сұранысына орай егін шаруашылығын әртараптандыру жылдамдата жалғасын тауып отыр. Жалпы ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын дамытудың жаңа бағыты, жаңа серпіні бар. Бүгінде облыста 33 ауылдық өндірістік кооператив жұмыс істейді. Ал кластер құрудың маңызы ерекше.
– Ауыл шаруашылығында кластер құру бұл саланың даму қарқынын күшейтеді. Біз 4 ет, сүт және майлы дақылдар кластерлерін құруды қолға алдық. Осы жұмыстар аясында өңірде ірі шаруашылықтар мен ірі май зауыты, ет комбинаттары ашылады. Халықтың тамақ өнімдерінің негізгі тобын өзімізде өндірілген өніммен қамтамасыз етеміз, – деді Архимед Бегежанұлы. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық қуатын да күшейтеді.
Өткен жылы көзге көрінген жақсы істің бірі облыс экономикасына инвестиция тарту болып табылады. Қыркүйек айында Қостанайда «Kostanay Invest-2017» өңірлік инвестициялық форум өтіп, онда 200 млрд теңге тұратын ынтымақтастық туралы 26 құжатқа, 21 меморандумға қол қойылды. Былтыр облыс орталығында инвестиция тартуға негізделген индустриялық аймақтың бірінші кезеңі іске қосылды. Өткен жылды облыс үшін жол жылы десе болғандай. 485 шақырым жол жөнделді. Бұл бұрнағы жылға қарағанда 80 пайызға көп. 2018 жылы да осы көлем межеленіп отыр.
Тұрғындар алдында есепті жылда тұрғын үй құрылысындағы, мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамытудағы және әлеуметтік салалардағы игі істер ортаға салынды. Мысалы, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру арқасында 2,6 мыңнан астам қостанайлық баспаналы болды. Мемлекет пен жеке сектордың ресурстарын біріктіру үшін 26 млрд теңге тұратын 54 жоба қолға алынды. Оның аясында бассейн, спорт-көңіл көтеру кешендері, стадиондар, мұзайдыны сарайы салынып, халық игілігіне беріліп жатыр.
2017 жыл қостанайлықтар үшін рухани серпілу жылы болды десек те артық емес. Ауылдарда мәдени ошақтар жөндеуден өтті. Соңғы үш жылда жүргізіліп жатқан жұмыстар – Қобыланды батырға, Шақшақ Жәнібекке ескерткіш орнатылуы, көше аттарының қазақша, патриоттық, тарихи мазмұнда жаңартылуы ұлттық сананың рухани жаңғыруы іспетті еді. Былтыр Кейкі батырдың кесенесі салынып, бас сүйегінің жерлеу рәсімі өтті. Өңірдегі киелі орындарға отыздан астам экспедиция ұйымдастырылды.
Әкімнің есеп беру кездесуінде тұрғындардан түскен сұрақтар да аз болған жоқ. Қолына микрофон алғандар әрине, жүзеге асқан жетістікті емес, ірілі-ұсақты өзекті проблемаларды қамтыды. Олардың арасынан жол мәселесі көбірек естілді. Әсіресе алыс аудандар мен шалғай ауылдардағы жергілікті маңызы бар жолдардың төзгісіз екені қайталанды. Тұрғындар көкейдегі сұрақтарына әкімнен тиянақты жауаптар алды. Ал олар көтерген өзекті мәселелердің барлығы да ертеңгі жаңа істердің басталуына түрткі екені тағы аян.
Елбасы Жолдауында айтқан экономиканы және өмірдің бар саласын цифрландыру тапсырмасына орай, Қостанай облысы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы саласында қанатқақты өңірге айналды. Цифрландыру ісінде маман даярлау бірінші кезекте тұр. Жақында ғана облыста еліміздегі бірінші цифрлық технологиялар кабинеті ашылды. Осы жылы облыс орталығында ІТ технологиялар мамандандырылған мектеп-лицей интернаты ашылады. 2018 жылы атқарылар істер еліміздің жаңа серпінмен дамуының іргетасы болмақ. Сондықтан әкім есебі алдағы міндеттердің жауапкершілігі біткен істен де биік екенін сездірді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы