Аймақтар • 27 Ақпан, 2018

Маңғыстау облысының әкімі бір жылдық жұмыстың есебін берді

558 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов халық алдында бір жылдық жұмыстың есебін берді. Расында, бұл 2017 жылды қорытып, 2018 жылдағы жоспарларды бөлісу ғана емес, өткен жылы наурыз айында өңір басшылығына келген әкімнің бір жыл ішінде атқарған жұмыстарын баяндауы, жергілікті жерді танып-білуі және сол арқылы болашақ жұмысты бағамдауының баяны болды. 

Маңғыстау облысының әкімі бір жылдық жұмыстың есебін берді

Фото: Серік МАЙЕМЕРОВ

Е.Тоғжанов 2017 жылдың қорытын­дысында облыс бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық макрокөрсеткіштерінің оң динамикасына қол жеткізілгенін, оның өңірлік экономика өсімін 100% деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік бергендігін айтып, басты бағыттарды тізіп шықты.

Мұнай-газ өндіруші және сервистік компаниялардың тұрақты қызметтерінің нәтижесінде өнеркәсіптік өндіріс көлемі жыл басындағы 96,9%-дан 100,1%-ға дейін өсті. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 82,2%-дан 101%-ға дейін өссе, құрылыс жұмыстарының көлемі 98,8%-дан 100,1%-ға дейін артты. Сондай-ақ 2016 жылға қарағанда 17,6% өсіммен 833 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, орта және шағын бизнес субъектілерінің саны 3 мың бірлікке артып, 47 мыңға жетті. 2017 жылы Президент Әкімшілігі тұңғыш рет өңірлер арасында өткізген бизнесті жүргізу жеңілдігі рейтингінің қорытындысы бойынша біздің облысымыз 12-ші орыннан 2-ші орынға шықты. Ауыл шаруашылығы секторында 14 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, саланың нақты көлем индексі 108,2% құрады, бұл республика өңірлері арасында даму қарқыны бойынша бірінші көрсеткіш. Жыл басынан бері 31 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылды. Нәтижесінде жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,0%-дан 4,9%-ға, жастар арасындағы жұмыссыздық 5,1%-дан 3,5%-ға дейін төмендеді, деді аймақ басшысы. Өңір үшін мұнай-газ секторы басым бағыт болғанмен, көліктік логистика, туризм, агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс пен әлеуметтік салалар да барынша өзекті, халықтың тұрмыс-тіршілігі үшін қажетті. Сондықтан өңдеу секторын дамыту негізгі міндет болып саналады. Бұл бағытта өсім химия өнер­кәсібінде, минералды өнімдер, пласт­масса және тоқыма өнімдері, тазар­тылған өнімдер, машина жасау және металлургия салаларында байқалған. Ал Индустрияландыру картасы аясында облыста 45 жоба жүзеге асырылып, 395 млрд теңге инвестицияланса, 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ биыл 12 млрд теңгеге 5 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, ол 223 жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек. Облыста кәсіп­керлікті дамытуда және инвесторлар тартуда «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының маңызы зор. Жаңа өндірістерді орналас­тыру үшін қа­жетті жағдайлар жасалған АЭА аума­ғы бойынша республикада үшінші орында.

Инфрақұрылым құру үшін салынған 7 млрд теңге көлеміндегі бюджеттік қаражатқа 19 жоба іске асырылды, 95 млрд теңге инвестиция тартылып, 260 млрд теңгеге өнім өндірілген, бюджетке 23 млрд теңге мөлшерінде салық төленіп, 1 323 жұмыс орны құрылған.

 Маңғыстауда агроөнеркәсіп саласы соны серпілісті, тың бастамаларды, қарқынды қолдауды күткеніне көп болды. Е.Тоғжанов осы салаға тоқталып, ауыл­шаруашылық өнімдерін өңдеу және сақтауды, тамшылатып суа­ру тех­нологиясын қолдану арқылы жылыжай желілерін дамытуды, мал және егін шаруашылығы өнімдерін өткізу­ді ұйымдастыру, шағын несие­лер беру және шөп қорын жасақтау қа­жет­тігін ұсынды. Ауылдық жерде шағын және орта бизнесті дамыту, еңбек нарығын трансформациялау мақ­сатында ішкі резервтер есебінен «Даму» қорымен бірлесіп іске қосылған қар­жы­лан­дыру көлемі 2,7 млрд теңге бола­тын «Нұр капитал» жобасы ауыл кәсіп­кер­леріне 1% мөлшерлемемен несие бере­ді. Облыста баға тұрақтылығын сақ­тау, жөн-жосықсыз делдалдық сатып алу­ға жол бермеу үшін аудандар және Жаңа­өзен қаласы әкімдеріне әрбір тауар өнді­ру­ші өз тауарын тікелей өткізу үшін қол­да­ныс­тағы базарларда коммуналдық сауда орындарын ашу жөнінде тапсырма берілді.

Маңғыстауда көлік инфрақұ­ры­лымының дамуына «Нұрлы жол» бағ­­дар­­ламасы оң серпін бергендігі, өңір­де жаңа көліктік-логистикалық жүйе құрылғандығы, оның ірі инфра­құ­ры­лым­дық жобалардың іске асуы есебінен мүмкін болғандығы айтылды.

Биыл «Бейнеу – Шетпе», «Шетпе  – Жетібай – Ақтау» автомобиль жол­дарының құрылысы аяқталып, «Құрық – Құ­рық порты», «Бейнеу – Ақжігіт – Өзбек­стан шекарасы», «Жетібай – Жаңаөзен», «Ата жолы» жолдары­ның құрылысы жал­ғасады. Сондай-ақ «Жаңаөзен – Кен­дірлі – Түрікменстан шекарасы» және «Құрық – Жетібай» жолдарының құры­лысы жоспарланған.

Ауыз суы тапшы өңірдегі барлық ауылдар сумен қамтылған. Енді тұр­ғын­дарды орталықтандырылған ауыз­сумен қамту басым бағыт болып тұр. Қазіргі таңда бұл мәселедегі көрсеткіш 64%-ды құрап отыр. Биыл бөлінген қар­жыға Бейнеу ауданы Боранқұл, Сарға, Мұнайлы ауданы Басқұдық, Маңғыстау-4, Қарақия ауданы Бос­тан, Маңғыстау ауданы Жармыш, Жыңғылды ауылдарында ауылішілік су құбырының құрылысы аяқталып, Бей­неу ауданы Бейнеу, Есет, Төлеп, Қара­қия ауданы Жетібай, Сенек, Кұлан­ды, Мұнайлы ауданы Маңғыстау-3 және Маңғыстау-5, Түпқараған ауданы Ақшұқыр, Сайын, Таушық ауылдарын сумен қамту нысандарының құрылысы басталмақ. Нәтижесінде жыл соңында орталықтандырыл­ған ауыз сумен қамту көрсеткішін 69%-ға жеткізу көзделген. Әйтсе де бұл шаруалар су тапшылығын түбегейлі шешпейтіні белгілі. Сол себепті сумен қамтудың қосымша көле­мін арттыру мәселесі күн тәртібіне шығып, былтыр «Каспий» су тұшыту зауы­тын жаңғырту жұмыстарының 1-кезеңі аяқталды. Бүгінгі таңда тәулігіне 30 мың текше метр су шығаратын зауыт Ақтау қаласы, Мұнайлы ауданы және Құрық ауылын сумен толықтай қам­тып отыр. Енді зауыттың қуаттылығын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізу үшін 2-кезеңнің жұмыстары жүргізілуде, бұл жоба жүзеге асқанда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында игерілетін 11 мың жаңа жер учаскелері сумен қамтылады.

Өңірдегі тұрғын үй құрылысы мәсе­лесіне тоқталған әкім экологиялық ахуал­ды, сондай-ақ денсаулық сақтау, мәде­ниет, білім беру салалары туралы да айтып өтті. Тұрғын үй құрылыстарын жүргізу қарқыны үдеп, қоныс той тойлау­шылар саны артқан және бұл қуаныш алдағы жылдары да жалғасады деп күті­луде. Ал денсаулық сақтау саласына қатысты цифрландыру арқылы меди­циналық көмектің қолжетімділігін арттыру, аурулардың алдын алу, саламатты өмір салтын насихаттау басты назарда.

Облыстың барлық денсаулық сақ­тау ұйымдары биыл әр тұрғынның жеке электронды денсаулық паспортын жасақтауды аяқтауы қажет. Халыққа сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық медициналық мекемелер бірінші жартыжылдықта компьютерлермен және қажетті ақпарат­тық жүйелермен 100% қамтылады, деген өңір басшысы биыл облыста мұз­айдыны, бокс орталығы, Бейнеу, Атамекен, Бостан, Мұнайшы, Сенек, Маң­­ғыстау-5 ауылдарында спорт залы құры­л­ысы басталатындығын, облыс бо­йынша 25 ашық спорт алаңдары са­лы­натындығын, ал мәдениет саласында Шетпе және Құрық ауылдарында орталық кітапхана, Жармыш, Атамекен, Рахат, Маңғыстау ауылдарында клубтар салу жоспарланғанын жеткізді. Өзіндік әлеуеті бар туризм саласында әкім өткен жылы облысқа алыс-жақын шетелдерден 169 мың турист келді, 2016 жылмен салыстырғанда 14%-ға немесе 20 мың адамға артық деген дерек келтірді.

«Тұрғындарды жергілікті маңыз­дағы мәселелерді шешуге тарту мақ­сатында, биылдан бастап халық саны 2 мыңнан асатын елді мекенде 4-ші деңгейлі бюджет енгізілді. Біздің облысымызда дербес бюджет 61 елді мекеннің 31-інде ен­гі­зіліп, оларға 7 кіріс және 19 шығыс түрлері бойынша өкілеттік берілді. Ауыл­дарды арала­ған кезде ауыл әкім­дерінің біліктілік деңгейі әлі де болса жет­кі­ліксіз еке­нін байқадым. Әр әкім өзі бас­қарып отырған аудан-қаланың даму әлеуе­тін, еңбек ресурс­тарын белгілей оты­рып, даму стратегиясын жасақтауы керек. Осы орайда әкімдердің біліктілік дең­ге­йін көтеру үшін оларды қайта оқыту­дан өткізуіміз керек», деді облыс басшысы.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы