Алқа отырысында 2018 жылы Жаңғырту 3.0 шеңберінде «Салықтардың жиналуын ұлғайту» жобасын жүзеге асыру, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту, сотқа дейінгі өндірісті ұйымдастырудың сапасын арттыру, мемлекеттік кірістер органдарының құқық қорғау және қадағалаушы органдармен, сондай-ақ бизнес-қоғамдастықпен өзара әрекет етуінің тиімділігін көтеру мәселелері талқыланды.
Негізгі баяндаманы жасаған комитет төрағасы Ардақ Теңгебаев 2017 жылы «жылдам жеңістер» үлгісіндегі бірқатар қысқа мерзімді іс-шаралар жүзеге асырылып, фискалдық рәсімдерді оңайлату нәтижесінде экономикадағы кіші және орта бизнестің үлесі өскендігін атап өтті.
2017 жыл үшін еңбекақы төлеу қорының 400 млрд теңгеге өскені байқалады. Еліміздегі орташа жалақы 150 мың теңге деп алғанда, бұл қосымша 223 мың жұмыс орны құрылғанын білдіреді. Осыған сәйкес жергілікті бюджет түсімдері 96 млрд теңгеге өскен екен.
Ардақ Теңгебаев мемлекеттік қызмет көрсетулер және әкімшілендіру цифрлы форматқа көшіріліп жатқандығын айтты.
– «Бизнес-процестерді жеңілдету және жеделдету үшін қолданылатын автоматтандырылған процедуралардың үлесі жыл сайын артып келеді. 2017 жылдан бастап Egov порталы арқылы барлық мемлекеттік органдардың 34 миллионнан астам мемлекеттік қызметі көрсетілсе, мұның 17 миллионы бізге тиесілі. Демек Қазақстандағы барлық электронды қызметтердің 50 пайызын мемлекеттік кірістер органдары ұсынып отыр, – деді ол.
Жалпы алғанда 2017 жылдың қорытындысы бойынша бизнес құрылымдар мемлекет қазынасын 8 812,0 млрд теңгенің салығымен толықтырды.
Алқа мәжілісінде Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Владимир Жұмақанов, Бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев және комитеттің жауапты қызметкерлері сөз алып, атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы ой бөлісті.
Іс-шара соңында мемлекеттік қызметтерді көрсету қорытындылары шығарылып, үш санат бойынша жүлде берілді. Номинациялар бойынша «Республиканың ең үздік қызмет көрсету орталығы» деп Алматы қаласындағы Әуезов ауданының мемлекеттік кірістер басқармасы, «Ауыл немесе қалада орналасқан ең үздік қызмет көрсету орталығы» деп Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қаласының мемлекеттік кірістер басқармасы, «Республиканың ең үздік кедендік рәсімдеу орталығы» деп Алматы қаласының «Алмалы-КРО» кедендік бекеті танылды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»