Аймақтар • 27 Ақпан, 2018

Курортты аймақты қалай дамытуға болады?

979 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Туризм – адамға қуаныш пен жан рахатын сыйлап, жақсы өмір сүруге және барлығын жаңаша бастауға құлшындыратын ерекше демалыс түрі. Алайда мұндай демалыс аз ақша тұрмайды. Тіпті ел азаматтарының арасында Астана қаласынан онша алшақта жатпаған Бурабай курортты аймағында демалып, ем қабылдау шетелдерге сапарлап барып қайтудан да қымбатқа түседі деген пікір қалыптасқан. Оны қысқы туризмнің дағдарып тұрғандығымен түсіндірсек, жазғы мезгілдері барынша қор жинап алуға тырысқан шипажайлар мен демалыс орындары бағаны да көтеріп жіберетіндігі сондықтан. Оны шешудің жолдары бар ма? 

Курортты аймақты қалай дамытуға болады?

Құрылыспен айналысатын бір танысыма «осы сен неге Бурабай курортты аймағынан демалыс орнын салып алмайсың», деп сауалды төтесінен қойдым. Сонда ол маған таңырқай қарап, былай деді: «Менің досым осыдан 5-6 жыл бұрын сондай құрылыс тұрғызған. Алайда әлі күнге сол ғимаратты сата алмай келеді. Өйткені әлгі бизнесі өзін-өзі ақтай қойған жоқ. Ал пайда әкелмейтін ғимарат шы­ғын­ды саналады. Енді не істерін біл­мей, басы қатып жүр». Шынында да, жеке инвесторлар тұрғызды делінетін, сол демалыс аймағында салынған кейбір шипажайлар мен қонақүйлердің сыртқы келбеті ұсқынсыз немесе әйтеуір қолындағы бар материалдармен тұрғыза салғандай әсер қалдырады. Қалың қарағайлардың бедерінде бірден көзге түсетін ақшаңқан ғимарат салынбаса, не оның ішінде қымбат жиһаздары адам жанын баурамаса, сонымен қатар құнарлы тамағы тағы жоқ болса, көңіл көтеретін және саяхаттайтын орындары болмаса, онда туристерді тарту туралы айтудың өзі артық сөз емес пе?

Қалай десек те, қазіргі кезде туризм саласында бизнес жасау өте қымбат әрі машақаты көп жұмыс екені белгілі. Басқасын айтпағанда, Ақмола облысында аязбен қатарласып электр энергиясы тістеп-ақ тұр, ал көгілдір отын тек 2022 жылдары ғана тартылады деп күтілуде. Оның үстіне кәріз жүйесінің жоқтығы өзінше бір проблема. Жолдың тарлығы, көлдің тазаланбауы, сауда орындарының жүйеленбеуі, қауіпсіздік үшін бейне камералардың орнатылмауы сияқты көптеген шешімін күткен мәселелер толып жатыр. Елбасы облысқа жаңа әкімді тағайындар кезде Щучье-Бурабай курортты аймағын дамытуды қолға алуға ерекше пәрмен беруі осындай кемшіліктермен тікелей байланысты екендігінде дау жоқ. Содан бері біраз шаруа істелді. 2012 мен 2016 жылдарды қамтыған уақыт аралығында құны 12 миллиард теңгелік 43 іс-шара атқарылғандығын айта кету керек. Бұдан басқа, былтыр инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мақсатында қосымша тағы 5,4 миллиард теңге бөлінді. Осындай қолдаулардың арқасында ма, жоқ әлде өзге де факторлар әсер етті ме, соңғы алты жылда Ақмола өңіріне табан тіреген туристердің жалпы саны 2 есеге, ал туристік қызмет көрсету 5 есеге дейін өскен. Дей тұрғанмен, сол демалушылардың басым көпшілігі, яғни 500 мыңға жуығы тек жазда келуді ұнат­са, қалған жыл мезгілдерінде тағы осыншама турист облысымызға аяқ басады.

Реті келгенде айта кеткен де орынды. Мысалы, осы Бурабай аймағындағы бесжұлдызды шипажайлардың біріне адам басына шаққанда 400 мың теңге қалтаңыздан шығару керек екен. Ал сол қаржымен алыс та жақын шетелдерге барып, күнге қақталып қайта аласыз. Соның өзінде сауда орындарын аралауға немесе өзге де көрнекті жерлерге баруға қалтаңызда біраз ақша қалуы да ғажап емес. Сән-салтанатымен өзіне тартып тұратын шетелдердегі көрнекті жерлер мен сөресі майысқан тауарға толы сауда орындарын көргенде немесе теңіз жағасында еркіндікті сезінгенде еріксіз жан рахатына бөленеріңіз хақ.

Қазірдің өзінде көптеген шетелдік компаниялар келіп, еліміздегі туризмнің дамуына өзіндік үлес қоспақ ниеттерін байқатып қояды. Әзірге құлшына кірісіп жатқан шетелдіктерді көрмедік. Халықаралық туристік жиындарға барып, мыңдаған долларларымызды шашып, роуд-шоуларды ұйымдастырып жатамыз. Алайда оның әсерінен гөрі Қазақстанда мынадай халықаралық жиын немесе шара өтіп жатыр, деген ақпарат қайта сенімді насихаттай ма деп қалдық. Ойымызды осылайша қорытуымызға негіз де жоқ емес. Мысалы, Trip Advisor компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс, Африка және Орталық Азия елдері бойынша маркетинг менеджері Чад Шивер Қазақстанды сыртқы нарыққа танымды етудің себебін ашып көрсетуге тырысқан. «Қазақстанда саяхат іздеу және брондау 2017 жылы 56% пайызға өскен. Қазақстандық контентті TripAdvisor сай­тында қараудың өсуі Астана қаласы мен басқа қалаларда ЭКСПО көрмесі ке­зін­дегі оң әсерге байланысты болды», дейді менеджер өз сөзінде.

 Ч.Шивердің мәлім еткеніндей, Қазақстанды әлемге танымал еткен халықаралық шараны өткізу екендігінде ешкімнің дауы болмаса керек. Бұл ретте аталған халықаралық шараларды өткізу барысында көптеген инфрақұрылымдық жобалар жедел әрі тиімді жүзеге асырылып жататындығы өз алдына жетістік саналады. Алайда мұндай ха­лық­аралық іс-шараларды өткізу қым­батқа түсетіндігін көріп отырмыз. Жар­на­ма­дан бұрын ең алдымен өзіміздің туристік инфрақұрылымымызды ретке кел­тіріп алу уақыт талабы. Реті келгенде «McKinsey & Company» компаниясы Қазақстандағы кеңсесінің басқарушы серіктесі Йохен Бербнер бір сөзінде туризм дүниежүзілік ішкі жалпы өнімнің 10 пайызын беретінін айта келіп, ол дамушы елдердің экономикасына жақсы әсер ететіндігін ерекше атаған болатын. Қазақстанда туризмнің ішкі өнімге деген жалпы әсері 6,2 пайызды, ал тікелей әсері 4,2 пайызды құрайды екен. Бұл орайда жалпы әсерді есептеуде инвестициялар, ілеспе тауарлар мен қызметтерді тұтыну және салада жұмыспен қамтылғандардың табыстары ескерілетіндігі белгілі. Дүниежүзілік туризм және саяхат кеңесінің (WTTC) мәліметтеріне қарағанда, туризм және оның салаларына қатысты әлемдегі жұмыс орындарының 8,3 пайызы, халықаралық инвестицияның 9,3 пайызы, экспорттың 12 пайызы және әлемдік ішкі өнімнің 3,6 пайызы сәйкес келетіндігін де қаперге сала кеткенді жөн көрдік.

Қазіргі таңда өңірде Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі та­ра­пынан бекітілген Бурабай курортты аймағын жүйелі дамытудың 2020 жылға дейінгі жоспары бойынша көптеген іс-шаралар жүзеге асырылуда. Оған нақты мысал да жоқ емес. Атап көрсеткенде, 2017-2019 жылдары жалпы көлемі 13 миллиард теңгелік 23 туристік инфрақұрылым нысанын салу жүргізіліп жатыр. Бұдан өзге, жыл бойы Бурабай курортты аймағын барынша тартымды ету үшін көптеген іс-шаралар да ұйымдастырылып келеді. Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов «Four Seasons» жобасы Ақмола облысына туристерді тартуда өзінің нәтижесін бере бастағандығын ерекше атап кеткен-ді. Әрбір жаз мезгілінде қазақстандық және ресейлік спорт­шы­лардың қатысуымен дәстүрлі халық­ара­лық «Бурабай – 2017» желкенді регаты өткізіледі. Оған жыл сайын Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар Ресейдің Екатеринбург, Омбы сияқты қала­лары мен өзге де өңірлерінің спортшылары келіп қатысып жүр. Сол сияқты Олимпиада чемпионы, атақты велошабандоз А.Винокуровтың қатысуымен жыл сайын қайырымдылық веложарысы ұйымдастырылуда. Велосипедпен қатар қазіргі таңда туристердің арасында көшпенділердің өмір салтын сезіну үшін атқа мініп серуендеушілердің қатары көбейе түскен. Әсіресе оған Ресей, Түркия, Бразилия және өзге де экстремалды туризмді ұнататын елдердің азаматтары құмарлық танытатын көрінеді. Қыста шаңғы тебушілердің орталығына айналатын «Elikti Park» тау шаңғысы базасы жазда Қазақстаннан өзге Ресей, Украина, Беларусь және Балтық жаға­лауы елдерінен де келіп қатысатын бай­керлердің слетін өткізетін орынға айналып шыға келеді.

Сонымен қатар жыл сайын қазан айында күзгі «Octoberfest Burabay» фестивалі өткізілуде. Қыста «Қан­сонар», «Қысқы ертегі», «Санта Клау­с­­-
та қонақта болғанда» сияқты жобалар, сондай-ақ спорттық балық аулау, көл бетінде автокөлікпен жарыс ұй­ым­­дастыру және өзге де көптеген іс-ша­ралар туристерді тартуға таптырмайтын тетік. Бұл ретте Ақмола облысы әкі­мінің туризм мәселелері бойынша ке­ңесшісі Марат Иғалиев қосымша рейстердің ашылуымен Ақмола облысына көршілес елдерден туристердің көптеп келуіне жағдай жасалатынын мәлім еткен болатын.

Қорыта айтқанда, Ақмола облысында туризм саласын дамыту мақсатында көптеген шаруалар атқарылды. Ел аузында жүрген киелі жерлер мен атаулар анықталып, тізімделді. Орайластырылып туристік бағдарлар да жасалды. Бірақ осы салаға жеке инвесторларды тарту мәселесі күн тәртібінде өткір тұр. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде нақты жобаларды жүзеге асыру шешімін күтуде. Отандық инвесторлардың қаржылық мүм­кіндіктері шектеулі екендігін назар­ға алсақ, бұл өте маңызды мәселе. Бюджетінің 60 пайыздайын дотация ретінде алып келе жатқан өңірдің туризм индустриясын тартуға шамасы жеткіліксіз. Сондықтан бұған қосымша қомақты қаржы қажет екендігі байқалып отыр.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы