Мәселенің анық-қанығын тиісті орындар анықтап, бағасын беруі тиіс, бірақ, кездейсоқ адам емес, ауыл әкімінің кәмелет жасына толмаған балаға қол көтеруі мемлекеттік қызметкерге лайық қылық емес екені де ащы шындық қой...
Жалпы, мемлекеттік қызметкердің былайғы бұқара халық алдындағы беделіне нұқсан келтіретін жекелеген әдеттердің салдары ауыр болмақ. Сол үшін де қызмет этикасын бұзған жауапты маман атақ-дәрежесіне қарамастан қатал жазалануы керек. Мемлекеттік қызметкердің жауапкершілігі мен ел алдындағы бет-бейнесінің кіршіксіз болуын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та үнемі ескертіп отыр. Мысалға, 2016 жылы жарық көрген Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында мемлекетті кәсібилендіру жолында жүзеге асырылатын жұмыстардың бағыты айқындалған болатын. Осы мақаладан соң қазір өз жемісін бере бастаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізгі нәтижесі болып табылатын «Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылданып, елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа құрылым – этика бойынша өкілетті өкілдер институтының жұмысы басталған еді. Демек, мемлекеттік қызметшіге қойылатын талаптар күшейтіліп, әдеп пен әділет жолындағы жұмыстың кіршіксіз болуы әрқашан күн тәртібінен түспейтіндігі де нақтыланған. Осындағы «100 нақты қадамның» 12-қадамы «Жаңа этикалық ережелерді енгізу» деп аталады. Бұл қадамның өзектілігі туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаев жоғарыда біз атап өткен мақаласында «Біздің бірінші реформамыз «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң негізінде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған. Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс пен тұрмыстағы жүріс-тұрысының қалыптары регламенттелген Мемлекеттік қызметшілердің жаңа этикалық кодексі жасалды. Шенеуніктер ортасында этикалық нормаларды бұзуға әкелетін және жемқорлық құбылыстар туындататын жағдайлардың алдын алу бойынша қатаң шаралар қарастырылған...» деген еді. Бірақ заң талаптары мен әдеп ережесін өрескел бұзып қана қоймай, Елбасы жүктеген міндет пен сенімді де аяққа таптау әрекеті кейбір шенеуніктер тарапынан жиі қайталанып жатыр. Оның бір дәлелі жоғарыда айтқан Ақмола облысындағы жағдай болса, тағы бір мысалды Алматы облысынан алып отырмыз.
Жақында Әдеп жөніндегі кеңес Алматы облыстық әділет департаментінің басшысы Мейрамбек Қаныбековтің мемлекеттік қызметші этикасына жат қылықтарын талқыға салды. Қаныбеков мырза білдей әділет мекемесінің тізгінін ұстайтын құқықтанушы болса да, қол астындағы қызметкерлерін қағаз көтермейтін сөздермен балағаттауды әдетке айналдырып алыпты. Әдеп кеңесінің мүшелері отырыстың қарауына ұсынылған іс бойынша мемлекеттік қызметшіні айыптаған адамдарды мұқият тыңдап, ұсынылған дәлел мен айғақтарды саралады. Облыстық бас әділет маманына қол астындағы қызметкерлерінің түгелге жуығы наразылық білдіріп, мұндай басшымен әрі қай жұмыс істеудің мүмкін еместігін нақты айғақтармен дәлелдеді. Мысалға, Қаныбековтің өзіне тікелей бағынатын Қаратал аудандық әділет басқармасының басшысын жазықсыз тілдеп, адам ұялатын сөздермен балағаттағаны аудиотаспаға жазылып қалған екен. Әдеп кеңесінде дауыс иесінің өзі екенін Қаныбеков те мойындады. Және ол мұны қызметкерін емес, өзінің баласына қарата айтқаным еді деп ақталып, тағы күлкіге қалды.
Әдеп кеңесінің мүшелері істің мән-жайына қаныққаннан кейін облыстық әділет департаментінің басшысы Мейрамбек Қаныбековтің әрекетін мемлекеттік қызметші әдебіне сай емес деген шешімге келіп, оны қызметтен босату туралы Әділет министрлігіне хат жолдауға келісті. Бейәдеп басшының ендігі лауазымдық жауапкершілігі министрлік қабылдайтын шешімге байланысты болмақ.
Айтпақшы, өткен жылы Алматы облысында дәл осы мемлекеттік қызметкердің әдеп ережесін бұзуына байланысты бірнеше оқиға болған екен. Ақсу ауданына қарасты Қызылағаш ауылының әкімі С.Амитованың жергілікті шаруа қожалығының басшысымен келіспей қалып, оның арты балағаттау мен жаға жыртысуға дейін барғаны жайлы аудиожазба тарап, іс насырға шаба жаздаған. Іске тағы да Әдеп жөніндегі кеңес араласып, ауыл әкімі қатаң сөгіс арқалап құтылған еді. Ал қабылдауына келген жергілікті тұрғынға әдепсіз сөз айтып, дөрекі мінез көрсеткен Қапшағай қаласының бұрынғы әкімі С.Қиқымов өз еркімен жұмыстан кеткен болатын. Мұқым елдің құлағын шулатқан келесі оқиға Ұйғыр ауданында болған. Сол тұста әлеуметтік желілер мен электронды бұқаралық ақпарат құралдарында бұрынғы әкім А.Тохтасуновтың қол астындағы қызметкерлерін балағаттап, намысқа тиетін сөздер айтқаны жайлы жарыса жазылған еді. Экс-әкім аудандағы жұмысынан кеткенімен, қазір облыста лауазымды қызмет атқарып жүр...
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы