Аталған іс-шараны мекеме басшысы Рустам Бикенев ашып, сайыстың маңыздылығына тоқталып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұл іс-шараны ұйымдастырудағы мақсат музейге келуші қонақтар үшін, оларға кәсіби сапалы қызмет көрсететін гид мамандар дайындау болып отыр. Сонымен қатар байқау «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің 20 жылдығына орай жоспарланған іс-шаралардың бірі болатын.
Іс-шараға облыс аумағындағы музейлер, туристік компаниялар, туризм басқармаларынан 12 қызметкер қатысып, бақ сынады. Екі күнге созылған байқауда барлық қатысушылар өздерін жақсы жақтарынан көрсете білді. Байқау шарты бойынша әр қатысушы өзін 7 минуттық видеоролик арқылы үш тілде таныстырып, байқау ережелері бойынша сайысқа түсті.
Байқау қорытындысы бойынша Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының экскурсоводы Айніл Әбуәлі бас жүлде (150 000 теңге), «Ежелгі Тараз ескерткіштері» музейінің экскурсоводы Таңшолпан Жүзбаева І орын (100 000 теңге), Жамбыл облыстық өлкетану музейінің қызметкері Жамал Ақпан ІІ орын (75000 теңге), осы музейдің тағы бір қызметкері Жұлдыз Алманова ІІІ орынды (50 000 теңге) иеленді. Сайыскерлер ішінен «Ежелгі Тараз ескерткіштері» музейінің екі қызметкері Әлия Оспанова мен Ақжан Оразбақова «Эрудит экскурсовод», «Креативті экскурсовод» аталымына, ал «Таразтравел» туроператорының қызметкері Қырбас Береке «Көрермен көзайымы» аталымына ие болды.
Сайыскерлердің барлығына сертификаттар мен дипломдар, қаржылай сыйлықтар тапсырылды.
Алмас МҰХТАРОВ,
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің бөлім басшысы