Солардың қатарында Гүлім Нүркебаева есімді жас ана бар. Ол да құндақтаулы баласын көтеріп, Талдықорған қаласындағы «Аналар үйін» паналаған еді. Гүлімнің басынан өткен оқиға жұртқа сабақ боларлықтай. 12 жасында анасынан айырылған жас қыз әкесін мүлдем көрмеген екен. Кіші сіңлісін ертіп қаладағы «Айналайын» балалар үйінің табалдырығын аттайды. Осы жерден тәрбие алып, колледжде оқып мамандық иесі атанған Гүлім бақыттың жолына түскендей еді. Өрімдей жігітпен танысқанда, арманындағы жігітті жолықтырғандай сенген. Сезім жетегінде жүрген жастар сәбилі болатындарын білгеннен кейін барып, отбасын құруға қадам жасайды. Өкініштісі, жігіттің әке-шешесі жас келіннің жетім қыз екенін бетіне басып босағаларынан аттатпай қояды. Аяғы ауыр жас қыз осылайша тағдырдың тезінде қала берген...
Гүлім «Аналар үйіне» келгенге дейін баласына құжат та жасата алмаған екен. Тиісті жәрдемақы алудың да мүмкіндігі болмаған. Қазір жағдайы түзелді. Қайсар мінезді Гүлім басына түскен жағдайды жұрттан жасырмай, облыстық «Жетісу» телеарнасындағы «Болмыс» ток-шоуына қатысқан болатын. Осы бағдарлама Гүлімнің тағдырын түбегейлі өзгерткені анық.
Телебағдарламаны көрген облыс әкімі Амандық Баталов Гүлімнің жағдайына алаңдаушылық білдіріпті. «Аналар үйін» паналаған жас ананың жайын білуге орынбасары Жақсылық Омарды арнайы жұмсаған. Мәселенің мәнін ұққан А.Баталов Гүлімді арнайы қабылдауына шақырды. Сәбиін көтеріп келген жас анаға әкелік құрмет көрсетіп, баланың байғазысына Талдықорғаннан пәтер беретінін айтты.
Енді Гүлім Нүркебаева 6 айға жалғасатын оңалту шарасынан өтіп, тиісті ем-дом қабылдағаннан кейін жөргектегі баласымен бірге жаңа пәтердің босағасынан аттайтын болды.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы