Аймақтар • 27 Ақпан, 2018

Оңтүстікте көктемгі жұмыстар басталды

529 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көктем құсы нәуірзек келіп, күн сәулесінің қызуын сезінген жерге қылтиып көк, майысып қаргүлі-бәйшешек шыққан оңтүстікте диқандар дала жұмыстарына кірісе бастады. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданының егістік алқаптарында 50-ден астам бригада қырыққабат дақылын егуде.  

Оңтүстікте көктемгі жұмыстар басталды

Диқандар мамыр айына жетпей ағашқы өнімді алуды жоспарлап отыр. "Әбсаттар ата" шаруа қожалығының басшысы Фазылбек Жарқынбековтің айтуынша,  150 мың түп қырықабаттың көшеті жылыжайда дайындалған. Бүгінде 30 адам сол көшеттерді егумен айналысып, күніне 2000 теңгеден еңбекақы алуда. Күтіп-баптауға үлкен мән беріп отырған диқандар егілген көшеттің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғау жағын да ойластырып қойған. Дақыл 2 айдың көлемінде пісіп, жетіледі. Сондай-ақ, 90 күнде жетілетін сорты да егілген. Ерте пісетін, салмағы 1-1,5 келіден аспайтын қырыққабаттың нидерландық пандион сұрпына еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс көп екен.  Жылына екі рет өнім алатын шаруалар қырыққабат жиналған соң орнына қауын-қарбыз екпек.

Өткен жылы мақтаралдықтар 50 тоннадан астам қырыққабат өнім алған болатын.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»