09 Ақпан, 2010

САПАР ТАБЫСТЫ ТӘМАМДАЛДЫ

1215 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
БҰҰ-ның штаб-пәтері Іс басындағы төраға бастаған еліміз делегациясы орналасқан қонақ үйдің дәл жанында болып шықты. Аты аңызға айналған бұл ғимаратты көру үшін туристер де көп келеді екен. Бір қызығы – биіктігі 167 метр болатын бұл ғимараттың дәл неше қабат екендігі ешқандай анықтамалықта жазылмаған. Штаб-пәтердің жер көлемі 7 гектар, оны Америка мил­лио­нері Дж.Рокфеллер 1963 жылы 8,5 млн. долларға БҰҰ-ға арнайы сатып әперген. Штаб пәтердің кіреберіс ауласына БҰҰ-ға мүше барлық 192 мемлекеттің тулары ілінген. Солардың ішінен Қазақстан туын табу оңай бола қоймас деп ойлап келе жатсақ, ол дәл қақ­паның жанында, басқалар­дан біз үшін айрықша болып көрініп, желбіреп тұр екен. Көзі­мізге оттай басылды. Қанат Саудабаев БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне қазақстандық төрағалықтың басымдықтары ту­ралы баяндама жасады. Отырысқа Кеңестің барлық бес тұрақты мү­шесі мен 10 сайланбалы мүшелері­нің өкілдері тегіс қатысты. Өзінің сөзін Қанат Саудабаев Іс басындағы төрағалықты Қазақстан жағы БҰҰ-ның Жарғысы мен Хельсинкидегі Қорытынды актінің негізгі қағидаттарын басшылыққа алып іске асыратынынан бастады. Сонымен бірге, Қазақстанның Ұйымның жан-жақты нығая, осы заманғы қауіп-қатерлерге қарсы тұра алатын мүмкіншілігінің арта түсуіне қызмет етуге ниеттеніп отырғанын айтты. Оның барлық себеттерінің теңгерімділігі сақта­ла­тын болады. Ұйымның еуро­палық қауіпсіздік архитектура­сын­дағы рөлінің артуына жағдай жасай отыра Ресей Федерациясының Еуропалық қауіпсіздік туралы келісім-шартты әзірлеу қажеттігі жөніндегі бастамасын талқылауды қолдаған жөн деп санаймыз. ЕҚЫҰ өзінің жауапкершілік аймағындағы қауіпсіздікті сақтау ісінде БҰҰ-мен 1999 жылғы Қауіп­сіздік тұжырымдамасы негізінде ынтымақтаса түсуге әзір. Қа­зақстан БҰҰ мен оның құ­ры­лым­дарының осы үдеріске өзін­дік үлес қосуын қалайды. Қазақ­станның және БҰҰ-ның тарапынан әлемдік қауіп­сіз­дікті сақтау, қару-жараққа бақылау жасау, терроризмге қа­рсы күрес бойынша жаса­ған игілікті қадамдары қа­на­ғаттанарлық. Соның ішінде Қазақстанның өзінде болған ядролық арсеналдан өз ер­кі­мен бас тартуы және БҰҰ-ның Ядролық қауіпсіздік жө­ніндегі жаһандық саммит өт­кізуді қолға алуы аса қажетті үдеріс, деді Қ.Саудабаев. Созылып кеткен кикіл­жің­дер туралы айтқанда өзінің ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде 15 ақпаннан бастап бұрынғы КСРО аума­ғын­да болған Оңтүстік Кав­каз­ға сапар шегіп, ондағы кикіл­жің­дерді бейбіт жолмен рет­теудің жолдарын қарастыруға ниетте­ніп отырғанын жеткізді. Жалпы айтқанда, созылып кеткен кикіл­жіңдерді реттеуге бағытталған кез келген мониторинг пен жа­ғым­ды дабылдар, саяси консульта­ция­лар біздің төрағалық еткен тұсы­мыз­да оларды шешудің негізгі құ­рал­дарына айналатын болады, деді ол. Одан әрі Іс басындағы төраға қазақстандық төрағалықтың аса маңызды басымдықтарының бірі – Ауғанстан өмірінің тұрақты­лыққа жетуіне ықпал ету екендігін айтты. Осы қатарда Қазақстанның ондағы тұрақтылықты орнату жолына қосып жатқан үлестерін де сана­малап берді. Ал ЕҚЫҰ-ның осы бағыттағы барлық бастама­лары БҰҰ-ның миссияларымен тығыз ынтымақтастық орнатқанда ғана тиімділікке қол жеткізуі ықтимал. Экономика-экологиялық себет туралы айтқанда еуразиялық тран­зит-көлік әлеуеті мен құр­лықтағы көлік дәлізін дамытудың маңызы зор. Төрағалық барысында әсіресе осы мәселеге көңіл бөліне­тін болса, мұның өзі сайып кел­ген­де, әлемдік экономикалық дағ­дарыс­ты еңсеруге де ықпалын ти­гізетіні сөзсіз. Ал экология мәсе­лесінде Арал аймағы апатының зардабы назар аударуға тұрарлық. Сондықтан, Ұйым әлеуетін оны еңсеруге үлес қосуға бұруға ұмты­лыс танытылуы тиіс. Одан әрі Іс басындағы төраға үшінші себеттің үлесіндегі адами өлшемдер туралы айтып, олардың басқа себеттермен тең дәрежеде болып, үнемі назарда болатын­дығын ескертті. Сөзін қорытын­ды­лай келе Қ.Саудабаев ЕҚЫҰ Қазақстан төр­ағалық еткен тұста жерорта­теңізіндік және азиялық әріптестері­мен ынтымақтастықты арттыраты­нын тілге тиек етіп, олармен үн­қаты­су­ларды кең көлем­де жүргізеті­нін жеткізді. Осы қатар­да Жапония мен Австралия ара­сын­дағы өзара түсініс­тік үдерістері ауызға алынды. Одан әрі ол бүгінгі таңда әлемдік қауіп-қатерлердің толастамай отыр­ғанды­ғын, ал оларды еңсеру жолында бірлескен үнқатысулар мен нақты іс-қимыл­дар қажеттігін атап көрсетті. Қа­зақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назар­­баев дәл осы себептермен 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу туралы бастама көтеріп отыр. Бүгінгі күні бұл бастамаға көптеген елдер мен ұйымдар қолдау көрсетуде. Оның БҰҰ тарапынан да қолдау табаты­нына үміттіміз деді ол. Осыдан кейін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттер өкіл­дері сөз алды. Олардың бәрі де бір­ауыздан Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалығы барысында атқармақ істеріне қанағат білдіріп, оларды қолдау қажеттігін атап өтісті. Соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесі­нің қазіргі төрағасы Франция мемлекетінің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Жерар Аро Париж Қазақстан­ның төрағалық бағдарламасымен қатар, Президент Н.Назарбаевтың ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы бастамасын да толық қолдайтынын мәлімдеді. Қауіпсіздік Кеңесі отырысынан кейін Іс басындағы төраға жур­налистерге арналған шағын бри­финг өткізді. Онда Қанат Сауда­баев Қауіпсіздік Кеңесінде болған оқи­ғалар туралы айта келіп, Кеңес мүше­лері тарапынан біздің басым­дықтарымыз бен бастамалары­мыз­ға толық қолдау білдірілді және екі ұйымның арасындағы ынтымақ­тастық­ты тереңдете түсуге әзірлік таны­тылды деді. Осы­дан кейін Қанат Саудабаевқа жур­налистер тарапынан сұрақтар қойыл­ды. Соның ішінде Іс басын­дағы төр­ағадан Иранның ядролық бағдар­ла­масына көзқарасын біл­діру өтінілді. Бұған Қ.Саудабаев кез келген елдің МАГАТЭ-нің бақы­­лауы­мен, халық­аралық стандарт­тар­дың талабына сәйкес ядролық энергетиканы бейбіт мақсатта қол­дануға қақысы бар деген мазмұнда жауап берді. Қауіпсіздік Кеңесінен соң Іс басындағы төраға, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік хат­шы­сы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Ұйым арасындағы қарым-қатынас­тың тиімді жолмен жүріп жатқанын атап өтісіп, болашақтағы ынтымақ­тастық мәселелерін талқылады. Пан Ги Мун өзі тарапынан Қазақ­станды ЕҚЫҰ төрағасы қызметіне кірісуімен құттықтап, мұның Ұйым үшін де, біздің ел үшін де тарихи оқиға екенін атап өтті. Кеше ғана өз тәуелсіздігін алған елдің Ұйым тара­пынан белді мүше ретінде таны­лып қана қой­май, оның төр­аға­лығына сайлануы – үлкен құбы­лыс, деді ол. Одан әрі тараптар БҰҰ мен ЕҚЫҰ ара­сындағы қарым-қатынас­ты терең­дете түсудің перспективалары көп екендігін, соның ішінде еуратлан­ти­калық және еуразиялық кеңістік­тердегі ынтымақтастықты дамыта түсудің өзектілігін атап көрсетті. БҰҰ Бас хатшысы 2010 жылды Мәдениет­тердің жақындасу жылы және 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық сынақтардан бас тарту күні болсын деген Қазақстан Пре­зи­денті Нұр­сұлтан Назарбаев­тың бастама­ларына үлкен баға берді. Айта кетерлігі, бұл екеуіне де БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан бұған дейін қолдау білдірілген болатын. Сонымен бірге, әлемдік екі ұйым­ның басшылары Орталық Азияны Ядролық қарудан азат аймақ деп жариялау туралы келісім-шарттың 2009 жылы күшіне енгенін де қанағатпен атап өтті. Кездесу соңына қарай тараптар биылғы жылдың сәуір айында Пан Ги Мунның Қазақстанға жасайтын сапары­ның күн тәртібін қарас­тырып, бұл сапардың өзара ынты­мақтастыққа жаңа серпін беретінін атап өтті. Жалпы айтқанда, Іс басындағы төраға, Қазақстан Республикасы­ның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қ.Сауда­баевтың мұхиттың ар жағына жасаған сапары барынша сәтті әрі тиімді аяқталды деуге толық негіз бар. Жақсыбай САМРАТ.