Қазірде еліміздің шығысында көкөніс өсірумен түбегейлі түрде айналысып келе жатқан жеті шаруашылық болса, ерке Ертістің жағасына жайғасқан «Мұздыбай» шаруа қожалығы соның бірі ғана емес, бірегейі болып табылады.
Міне, құрылғанына жеті-сегіз жыл болып қалған сол шаруа қожалығының басшысы Талғат Баймуриновпен әңгімелесіп отырмыз. Жасы бүгінде қырықтың ортасына келіп қалған Талғат бауырымыз сөзге де, іске де ширақ па деп қалдық. Соның айғағындай, айтайын деген ойын ішке бүгіп қалмайды екен. Топырағы құнарлы Мұздыбай ауылында өмірге келіпті. «Даңқ» орденінің екі дәрежесін иеленген соғыс ардагері Айткен атасы соғыстан кейін осы ауылда тракторшы болып еңбек етіпті. Бұл өңірде алғаш көкөніс өсірумен айналысқан да сол кісі екен. Әжесі Бижамал да, шешесі Гүлсім де жаз болса егістік алқабынан табылатын. Төртінші класты бітірген соң бұл да соларды маңайлап, жандарынан шықпайтын. Өгей әкем Юрий Сергеевичке де еңбекке баулып, түзу жолға салғаны үшін мәңгі қарыздармын дейді Талғат бүгінде.
Иә, мұның Жер-Ананы сүйіп, бағалап, баптай білуге үйреткен осы абзал жандар еді. Болмаса алғашқы мамандығы геолог болатын. Сегізінші кластан кейін Семейдегі геологиялық барлау техникумын бітірген. Одан кейін сол мамандығы бойынша үш-төрт жыл еңбек еткені де бар. Бірақ қалаған мамандығына көңілі толмай тоқсаныншы жылдардың басында туған жерге түпкілікті қайтып оралған. Сөйтіп, Ертіс жағасынан елу гектар жерді арендаға алып, жүгері өсірумен айналысқан. Сол жолы бір маусымда 12 мың рубльден астам табыс тапқан. Бұл сол кездің мөлшерімен алғанда аса үлкен табыс еді. Бірақ заңды табысының бестен бірі ғана қолға тиген. Соған да тәубе деген. Өйткені, бұл кезде ескі тәртіп жаңа талпынысқа әлі жол бере қоймаған-ды.
Қызық болғанда, ол ойламаған жерден сол кездегі «Семей» кеңшарының бөлімше басқарушысы болып шыға келген. Сөйтсе шаруашылық баcшысы Борис Недоборов тракторды өзі жөндеп алып, таңның атысынан күннің батысына дейін егістік алқабынан шықпайтын жас жігіттің тірлігін ұнатып-ақ қалған екен. Бірақ жер емшегіне жармасқан жігіттің басшы болуға тіптен де ықыласы жоқ еді. Алайда шаруашылық басшысы мен партком хатшысы Үміт Сапарқызы екеулеп жүріп мұны өз дегендеріне көндірген. Кейінде адамдармен жұмыс істеуде мұның да пайдасы болғанын қайтіп жоққа шығарсын.
Сөйте жүріп Астанадағы Қазақ инженерлік-техникалық академиясына сырттай оқуға түсіп, экономист мамандығын иеленген. Былайша айтқанда, екінші мамандығының да жерге, агрономияға еш қатысы жоқ. Соған қарамастан Талғат Болатұлы осыдан алты жыл бұрын көкөніс өсірумен айналысатын өз шаруа қожалығын ашып алады. Содан бергіде жер-жерде өтіп жататын түрлі семинар жиындардың бірінен қалған емеспін дейді бүгінде ол. Қожалық басшысы осылайша практикалық тәжірибесін теориямен ұштастыра білген.
Алғашқыда мұның иелігіндегі жер мөлшері жүз гектарға жетер-жетпес болса, қазірде оның көлемі үш жүз гектардай. Қажетті техника да баршылық. Жаңа трактордың өзі алтау. 12 фрегат мұның сыртында. Судан және тапшылық жоқ. Техниканың басым дені шетелдікі. Айталық, Даниядан құны екі жүз мың еуроға жуық сәбіз жинайтын комбайн алғызды. Қымбат па, әрине қымбат. Бірақ сапасы қандай, шіркіннің. Жүріп келе жатып әр тетігін қажетіне қарай өзі майлап отыратынын қайтерсің! Ал мұндай компьютерлендірілген техникаға сонша қаржы артық та емес. Бұйырса, оны белгіленген жеті жыл ішінде өтеп те шығар.
Биыл бұлар 160 гектар жерге картоп егіп, соның әр гектарынан 30 тоннадан өнім алды. Бұл аймақ бойынша жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ, жетпіс гектарға егілген сәбіздің әр гектарынан елу тоннаға жуық, ал қырық қабаттың әр гектарынан 70 тоннадан өнім жиналды. Бұл да жақсы көрсеткіш. Картоп демекші, оны ерте көктемнен бастап өсірумен айналысып жатқан да осылар. Қожалық сәуірдің аяғында салынған картоптан шілде айында өнім алуға жетісуде. Алғашқы өнім бірінші кезекте Өскемен мен Семейге жөнелтіледі. Сөйтіп, осы шақта оңтүстіктен келіп жатқан қымбат өнім сапасын еріксіз түсіруге мәжбүрлейтін де аталған шаруа қожалығы.
Бүгінде қожалықта тұрақты түрде отыз адам еңбек етуде. Маусымдық жұмыс кезінде олардың саны жүзге дейін барады. Мұндағы орташа жалақы елу мың теңге мөлшерінде. Бұл бір жылға шаққандағы орта көрсеткіш.
Қазірде бұл шаруа қожалығы жер көлемі жөнінен облыс бойынша алдыңғы қатарда. Алдағы мүмкіндік одан да зор. Яғни, келер жылы мұндағы жер көлемі екі жарым мың гектарға дейін жеткізілуі әбден мүмкін. Алдағы жылы сондай-ақ мұнда көкөніс сақтайтын қойма пайдалануға берілмек. Онда неміс өндірісінің желдеткіші орнатыл-мақ. Жер көлемі ұлғайған соң қосымша жұмыс күші де керек. Сөйтіп, мұнда тұрақты жұмыс істейтіндер қатары елу адамға жеткізілмек. Ол үшін тұрғын үй қажет. Бұлар осы мақсатпен облыс әкімінен екі пәтерлі он үй құрылысына көмек сұрап отырған көрінеді. Облыс басшысы тарапынан тиісті орындарға тапсырма да беріліпті. Биыл облыс басшысы, сондай-ақ венчурлік келісімге қол ұшын беріпті. Яғни, осы келісім бойынша қолға тиген қаржыны бұлар күзде өнім түрінде қайтаруда.
Сөз соңында Талғат Болатұлынан отбасы туралы сұрағанбыз. Жолдасы Нәзира Төкенқызы да мамандығы бойынша экономист көрінеді. Нәзира менің орынбасарым ретінде негізінде өнімді өткеру ісімен айналысады дейді отағасы.
Міне, бүгінгі заман кейіпкерінің өмір тынысы осындай. Оның өзі болса осының бәрі ел егемендігінің арқасы дейді.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
СЕМЕЙ.