Үкімет • 27 Ақпан, 2018

Үкімет отырысында қандай мәселелер талқыланды?

466 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында шетел инвестицияларын тарту мәселелері талқыланды. Жиында сонымен қатар орта білім беру ұйымдарын жаңартылған мазмұнға көшіру жайы қаралды, Ақтөбе агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы мақұлданды.

Үкімет отырысында қандай мәселелер талқыланды?

Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың 9 айының қорытындысы бойынша елімізге құйылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 15,8 млрд долларды құрады, бұл 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,3 пайызға жоғары көрсеткіш.

«Инвестициялар және даму министрлігі «Kazakh Invest» АҚ-пен бірлесіп, жалпы құны 47,8 млрд доллар болатын, іске асырылып жатқан 145 инвестициялық жобаның негізгі тізімін қалыптастырды, оған барлық ынтымақтастық бағдарламалары аясындағы жобалар, соның ішінде Қазақстан-Қытай, Қазақстан-Түркия және басқа да инвестициялық жобалар кірді», деді Үкімет отырысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек. Одан әрі Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы аясында жалпы сомасы 27,7 млрд доллар болатын 51 жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ биыл құны 623 млн долларды құрайтын инвестицияларға қытай капиталының қатысуымен 5 жобаның құрылысы басталатынын айтты.

«Қазақстан–Түркия ынтымақтастығы бағдарламасы («Жаңа синергия») 26 жобадан тұрады. Осы жылы жалпы сомасы 15,5 млн доллар болатын 2 жобаны жүзеге асыру көзделген. Сонымен қатар Мемлекет басшысының шетелдерге сапары барысында қол қойылған келісімдер аясында жүзеге асырылатын басқа да инвестициялық жобалар негізгі тізімге енгізілген», деді министр. Оған қоса биыл жалпы 145 жобаның 1,6 млрд доллар сомасына 15 жобаның құрылысын бастау жоспарланып отырғанын келешекте халықаралық қаржы институттарының қаражаттары тартылатын жобалар, оның ішінде МЖӘ жобалары тізімге қосылатынын жеткізді. «Инвестициялар тарту мәселесі – министрлік жұмысының басты бағытының бірі әрі әрдайым тұрақты бақылаудағы іс», деді Ж.Қасымбек.

Ал Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді өз кезегінде Мемлекет басшысы экономикалық дипломатияны дамытуға ерекше көңіл бөлетінін, шетелдерге ресми сапарлардың барлығы дерлік оның шетелдік бизнес қауымдастықтармен жеке кездесулерін көздейтінін, коммерциялық келісімдер жасалатынын атап өтті. Мәселен, Елбасының 2016-2017 жылдардағы сапарлары аясында 6 млрд доллардан астам сомаға инвестициялық және сауда келісімдеріне қол қойылған. Ал Мемлекет басшысының биылғы қаңтардағы АҚШ-қа ресми сапарының қорытындысы бойынша шамамен 7 млрд доллар сомасын құрайтын 27 құжатқа қол қойылған.

Инвестицияларды сыртқы деңгейде тарту жөніндегі жұмысты күшейту мақсатында инвесторлармен мақсатты жұмыс істеу үшін негізгі 10 елде Инвестициялар және даму министрлігінің инвестициялық кеңесшілері желісін өрістету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазақстанның шетелдердегі мекемелері «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-тың шетелдердегі өкілдерімен бірлесіп шетелдік іскерлік қауымдастықпен инвестициялық ынтымақтастықты нығайту бойынша тұрақты іс-шаралар өткізуде.

«Жалпы алғанда, ел басшылығы белгілеген сыртқы экономикалық бағыттар СІМ қызметінің барлық спектрі бойынша айқындаушы фактор ретінде қойылған. Сыртқы саясат ведомствосы, әсіресе экономикалық дипломатияны ынталандыру, шетелдік инвестицияларды тартуда ішкі тетіктер мен сыртқы әріптестер арасындағы маңызды байланыстырушы буын ретінде танылады. Аталған көп жоспарлы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады», деді М.Тілеуберді.

Отырыста инвестиция тарту тақырыбында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев қосымша баяндама жасап, өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар жайында есеп берді.

Талқылау қорытындысында Премьер-Министр Б.Сағынтаев 2017 жылы инвестициялар тартудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша өсімге қол жеткізілгенін атап өтті. «Жаңа кәсіпорындар ашылуда, жұмыс орындары құрылып жатыр. Барлық деңгейдегі инвесторларға мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Алайда жағымды инвестициялық ахуал қалыптастыру бойынша қолға алынған шараларға қарамастан, шетелдік инвесторлардың жер-жерлердегі қандай да бір өзекті мәселелерді шешу бойынша өтінімдерінің саны азаймай отыр. Бұл проблемаларды инвесторлар Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес аясында және басқа да диалог алаңдарында айтып келеді», дей келе, аталған бағытта жұмысты жандандыру және жақсарту бойынша тапсырмалар берді. Үкімет басшысы атап өткендей, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында ТҰК мен «зәкірлі инвесторларды» тарту бойынша міндет тұр. Сондай-ақ еліміз үшін Қазақстан мен Қытайдың 51 ортақ жобасын іске асыру аса маңызды. Осы ретте ол «Kazakh Invest» ҰК-мен бірге осы жобалардың әр-қайсысы бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігіне Инвестициялар және даму министрінің назарын аударды.

Б.Сағынтаев сондай-ақ моноқалаларға инвестициялар тарту мәселелерін көтерді. «Зәкірлі жобаларды» тарту моноқалаларда жаңа өндірістер мен жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізуі тиіс болатын. Алайда қазір оған дұрыс көңіл бөлібей отыр. Осыған байланысты Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбекке осы мәселені бақылауға алу жүктелді.

Өңірлерде инвестициялар тарту бойынша жұмысты күшейту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Әр өңірде инвестициялар бойынша арнайы әкімнің орынбасарлары анықталды, «Kazakh Invest» ҰК-нің өңірлік өкілдіктері ашылды, инвесторлардың проблемаларын шешу үшін өңірлік штабтар құрылды. Соған қарамастан бірқатар облыстарда, оның ішінде Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарында инвестициялар тарту мәселелері басқа өңірлермен салыстырғанда өте төмен деңгейде екені айтылды. Осыған байланысты Б.Сағынтаев облыстардың әкімдеріне инвестициялар тарту мәселелерін қатаң бақылауды тапсырды. Тапсырмалардың орындалуын бақылау Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктелді.

Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе – орта білім беру ұйымдарында жаңартылға мазмұнға көшу туралы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндады. Министр атап өткендей, бүгінде мектепте білім беруді жаңартылған мазмұнға көшіру басталды. Аталған жұмыс «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен білім және ғылымның мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүргізіліп жатыр.

Бұл мәселе бойынша жиында сондай-ақ Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов, Өскемен қаласы № 38 мектеп-лицейінің директоры И.Чернышова сөз сөйледі. Қорытындысында Премьер-Министр Б.Сағынтаев Қазақстан дамуының 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарында білім беру жүйесі арқылы адами капиталды дамытуға ерекше назар аударылғанын атап өтті. «Мемлекет басшысының тапсырмасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 76 және 79-қадамдарына сәйкес орындалуда. Алғашқы нәтижелерді көріп отырмыз — жаңа бағдарламалар мен оқулықтар әзірленуде, мұғалімдердің еңбекақысы ұлғаюда. Мұның бәрі білім беру сапасына әсер етері сөзсіз», деді Үкімет басшысы. Сонымен қатар білім беру саласында болып жатқан үдерістердің бәрін қоғамның түсінбеуі байқалып отырғанын да атап өтті. Оқушылардың ата-аналары және Парламент депутаттары тарапынан сын айтылып жатқанын ескертті.

«Осы реформаларды өткізу сапасы, олардың бірізділігі, оқулықтарға қатысты жағдай дау туғызып отыр, осыған қатысты мәселелер жылда қайталанады. Ерлан Кенжеғалиұлы, осы міндеттерді іске асыруға сізге жеке жауапкершілік жүктелген», деді Премьер-Министр. Осыған байланысты, Б.Сағынтаев жұмыс тәсілдерін қайта қарауды тапсырды, оған қоса мұғалімдер мен қоғамның пікірін ескеру, қабылданып жатқан жаңашылдықтарды кеңінен талқылау және келісімге келу маңызды. Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігіне Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірге өткізіліп жатқан реформалар бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024