Қазақстан • 27 Ақпан, 2018

Суретші Мұратбек Жоламановтың көрмесі өтті

1212 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы кітапханасы Музейінің ғимаратында суретші Мұратбек Жоламановтың (1966–2000) «Рухпен сырласу» көрмесі ашылды. Көрме Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылды.

Суретші Мұратбек Жоламановтың көрмесі өтті

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов өзінің алғы сөзінде:

– Суретшінің көрмеге қойылған 30-дан астам жұмысы терең мазмұнымен және жарқындығымен ерекшеленеді. Бірегей туындылардың мазмұны Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыт-бағдарымен үндес. Автордың қай шығармасын алып қарасақ та, тарихи тақырыптар мен ақындардың көңіл күмбіріне бойлай қалам тартқан ғажайып туындыларда біздің ұлттық бірегейлігіміз, туған елге деген шынайы патриоттық сезімдеріміз айшықтала түскен. Мұратбек Жоламанов жарық жұлдыздай отандық бейнелеу өнерінің шыңына ізін қалдырды. Бұл ғасырлар тоғысындағы Қазақстанның көркем өнерінің ерекше бір құбылысы екені даусыз. ХХ ғасырдың 90-жылдарының соңында қылқалам шебері дәуір бейнесіне айналған образдарды дүниеге әкелді, – деді.

Суретшінің жұбайы Гүлжәміш Жоламанова оның ерекше талантына тоқталды:

– Мұратбектің туындыларының негізгі тақырыптары – қазақ халқының тарихы. Оның арманы – туған елінің, халқының сан қырлы әрі ғажайып тарихын картина арқылы жеткізу еді. Ата-бабадан қалған мол рухани қазынаны келер ұрпаққа қастерлеп қалдыруды ойлады. Ол ежелгі тарихымызды тереңнен зерделеп, содан соң ғана картина салу жұмысына кірісетін. Мұқаң өз елінің нағыз патриоты. Қазір біз рухани жаңғыру туралы көп айтып жүрміз. Оның картиналары тарихтың тереңіне бойлап, рухқа тағзым етудің жарқын мысалы. Мұратбектің көркемдік шеберлігі – өз алдына бөлек әңгіме. Арамыздан кеткеніне 18 жыл болса да, оның шығармашылығы бүгінгі жастарға қызықты әрі өнер сүйер қауым арасында өзектілігін жойған жоқ. Картина жазу мәнері мен техникасы өз заманынан озық болды. Ол ешқашан тапсырыспен жұмыс жасамайтын, тек шарықтаған шабыты ғана керемет туындыларды дүниеге әкелуге себепші болды.

Көрменің ашылу рәсіміне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның Суретшілер одағының мүшелері қатысты.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Суретшілер одағының мүшесі, Халықаралық кәсіби суретшілер одағының мүшесі (Брюссель), Нанкин көркемсурет университетінің құрметті профессоры (ҚХР), «Кавалер искусства» Алтын орденінің иегері Сембіғали Смағұлов өзінің шәкірті М. Жоламановтың тұлғалық қасиеттері туралы айтып берді:

– Мұратбек Жоламановтың қысқа, бірақ өте жарық ғұмыры шығармашылық ізденістер мен бастамаларға толы болды. Ол өзін түрлі жанрларда байқап көрді. Өз басым жас суретшілердің осы қасиеттерін жоғары бағалаймын. Мұратбекті Жәнібек пен Керей хандар, Махамбет, Сырым батырлар сынды ұлы тарихи тұлғалар қызықтыратын. Шығармашылық самғауының ерте үзілгені өкінішті, алайда Мұратбек артына мол шығармашылық мұра қалдырды. Оның өмірі бүгінгі өскелең ұрпақ үшін өз отанына қалтқысыз қызмет етудің жарқын мысалы болары сөзсіз.

М.Т. Жоламанов Батыс Қазақстан облысының Жосалы ауылында дүниеге келген. 1990 жылы О. Таңсықбаев атындағы көркемсурет колледжінің «Кескіндеме» бөлімін, ал 1996 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. Суретші академик К. Телжанов пен профессор М. Қалымовтан білім алған. Оқу үздігі ретінде Мұратбек Тауфикұлын Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында, «Академиялық кескіндеме» кафедрасында сабақ беруге қалдырады. Осы жылдар аралығында суретші көптеген республикалық және халықаралық көрмелерге де қатысты. Қазіргі кезде шебердің жұмыстары Түркия, Польша, Англия, Корея сынды елдердің музейлік және жеке қорларында сақтаулы.

Мұратбек Жоламанов картиналарының сюжеті мен бейнелері қарқынды өзгерістегі әлемде, өзіндік жаңғыру сатысын бастан кешіп отырған қоғамның күнделікті ағымында өзекті бола түскен.

Көрмеде Қазақстан халқының ұлттық игілігі болып табылатын суретшінің 30-дан астам жұмысы ұсынылды.

Көрме 2018 жылдың 27 наурызына дейін жалғасады.